Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінде
Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінде
04.10.2023
432
0

Ақ пен қараның, жақсы мен жаманның алмасуымен қатар, ақпарат ағынының тасқындаған ғасырында ұлтты және ұлттық құндылықтарды, ең бастысы, жас ұрпақты тәрбиелі де саналы азамат ретінде сақтап қалу өте күрделі мәселе болып отырғаны белгілі. Қазіргі таңда шын мәнінде қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларға, орын алып жатқан орны толмас қайғы-қасіреттерге қарап еріксіз осылай демеске амалымыз жоқ.

Мәселен, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан Қарқаралыдағы бастауыш мектепте оқып жүргенде мектепке атақты генерал-губернатор Колпаковский келеді. Генерал-губернатор мектепте оқып жатқан қазақ балаларына сын көзбен қарап, олардың білімін тексеріп көрмек болады. Сөйтіп оқушыларға жұмбақ жасырады.

«Мен Омбыдан мына пəуескемен келдім, – деп балаларға өзі мініп келген пəуескесін көрсетеді. – Омбыдан Қарқаралыға жеткенше осы пəуескенің дөңгелегі қанша рет айналды? Жауабын кім біледі?» – дейді Колпаковский балаларға менсінбей қарап. Сол кезде топ ішінен бір бала жүгіріп шығып белдігін суырып алады да, пəуескенің дөңгелегін өлшейді. Сосын қолына таяқ алып жерге сызып, дөңгелектің қанша рет айналғанын көп алдында шығарып береді. Генерал-губернатор қазақ баласының зеректігіне əрі батылдығына таңғалып, мектепті бітірген соң Омбыда оқуға ұсыныс білдіріп, губернатордың стипендиясын тағайындайды. Осылайша6 кейін Əлихан Омбы техникалық училищесін үздік бітірген болатын.

Осындай оқиға ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының да басынан өтті. Негізінде ол кісінің азан шақырып қойған аты Адам Жүсіп болатын. Сегіз жастан асқан шағында ол топ алдында қазақтың «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» секілді жыр-дастандарын жатқа толғайды. Баланың өнеріне тәнті болған Мұса Шорманұлы жиылған қауым алдында: «Бұл баланың аты – Мәшһүр болсын» деп бөркінің басына үкі тақтырады. Осылайша ел оны «Мәшһүр Жүсіп» атап кеткен болатын.

Ел арасында осындай мысалдар жетіп артылады. Мұның бәрі нені білдіреді? Балаға жастайынан берілген тәрбиенің, білімнің жемісі. Біз «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды» деген Пайғамбар (с.а.с) сөзін көкейіне мықтап түйген, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген ұстанымға мықтап бекінген халықпыз.

Хазіреті Әли (р.а): «Балаларға ғылым-білім үйретіп, әдепке баулыңдар», – деген болатын. Баланы жастайынан білімді, зерек етіп өсірудің маңызы зор. Қарап отырсақ, қазақтың нар тұлғаларының қай-қайсысы да бала кезінен зеректігі, білімділігі, шешендігімен көзге түскен.

Бабаларымыз бұрыннан Құдайдан қорқатын перзент тәрбиелеп, балаға ең алдымен имандылық тәрбиесін сіңіруді көздеген. Себебі Алланы таныған, Құдайдан қорқатын перзент ешуақытта ата-анасына қарсы келмейді, қоғамға кері әсерін тигізбейді. Керісінше зерек, алғыр болып өсіп, ата-анасын екі дүние жақсылығымен қуантып, хәкім Абай айтқандай, «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан»,-деп қоғамда орны бар өз ісінің маманы екенін дәлелдейді.

Ұлттың бүгінгі де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы»,-дейді Әл-Фараби. Қазіргі заман бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі, ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле»,-деген екен Платон. Бұрынғы ата-бабаларымыздың заманындағы білім саласы төмен болған дейміз. Десек те ұрпақ тәрбиесіне келгенде оларды көреген, тәжірибелі десек қателеспейміз.

Ұрпақ тәрбиесі – бұл болашақ тірегі. Басты ұстаным балалардың ең алдымен өз халқын, өз Отанын сүюден басталуын бойларына сіңіру. Осы орайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының  «Ұлды ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең  құл болады» деген сөздері де тәрбиенің  көз жұма қарайтын нәрсе емес екенін аңғартып тұр емес пе?  Сондықтан да қай кезде де ұрпақ тәрбиесі  бірінші орында тұрады.

Сөзімізді түйіндей келе жастарды жан-жақты білімді, парасатты, мәдениетті етіп тәрбиелеу – алдыңғы буынның қоғам алдындағы борышы. Ал, жастар тәрбиесінде халықтық салт-дәстүрлердің алар орны ерекше.

Халқымыз  рухани мол байлықтың  мұрагері десек, сол мол мұраны келер ұрпаққа  жеткізіп отыру – тәрбиенің бастауы іспетті.  Тәуелсіз елдің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіруде  еңбек ету баршамыздың парызымыз.

 

Д. Аманов         

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                             

0 пікір