Сынаққа сабыр ету – мұсылманның сипаты
Сынаққа сабыр ету – мұсылманның сипаты
12.05.2020
2340
0

Адам бойындағы мінездің кемелденіп, көркемдене түсуіне септігін  тигізетін қасиет ол – сабырлылық. Иманның алты шартының бірі жақсылық  пен жамандыққатың бір Алладан екендігіне сену. Әрбір адам баласы басына келген жақсылыққа шүкір етіп, сынақ ретінде жіберілген қиындыққа сабыр етуі қажет. Сабырлық ол – көркем мінезі мен жүрегінде иманы бар адамның негізгі сипаты. Өмірде түрлі қиындықтарға тап болып жатамыз. Соңғы уақыттарда елімізде орнатылған төтенше жағдай және елді-мекендердің су астында қалуы, бізге ауызбіршілігімізді, ынтымағымызды нығайтып, сабырлық сақтауға  бұйырған Алланың сынағы деп түсінуге болады. Әрине басқа түскен қасіретке сабыр ету – оңай шаруа емес.  Сабыр етушілер жайында Құранда өте жиі айтылады, имам Ахмад (р.а.)«Сабырлықтың құндылығы жайлы Құранда тоқсан мәрте атап өтіледі»[1],-дейді. 

Сайып келгенде Алла сүйген құлдарына қиыншылықтар жіберіп, сынап отырады. Бұл жайлы Құранда «Расында, Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен һәм мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді (табыстарыңды) кеміту арқылы сынаймыз...»[2] - дейді. Сондай-ақ, қиыншылықтарға сабыр етушілер жайлы «Уа иман келтіргендер! (бастарыңа қандай да бір қайғы-қасірет немесе ауыртпалық түскенде) сабыр ету әрі намаз оқу арқылы (Алладан) жәрдем  сұраңдар. Шүбәсіз, Алла сабырлылармен бірге!»[3] - деп адамның басына әртүрлі сынақтың келуі мүмкіндігін баяндаған. Жұқпалы аурулардың кең таралуы, әртүрлі табиғат апаттарының белең алуы секілді сынақтарға ризашылықпен көнгендерге Алла тағала сыйы бар екенін басқа бір аяттармен сүйіншілейді.

Бүгінгі таңда басымызға түскен қиындықтар белгілі бір адамдардың не болмаса мемлекеттің арнайы жоспарының нәтижесі емес, ол бір Жаратушыдан келген сынақ. Ешбір пенде, тіпті пайғамбарлар да өзін қасырет пен қиыншылықтардан сақтандыра алмайды. Себебі сынақтарды беретін де, одан сақтайтын да жалғыз Алла! Бұл жайлы Құранда «Басқа келген әр жамандық Алланың рұқсатымен ғана болады...»[4] - деп келеді.Барлық сынақ Алладан деген нық сенімді, қандай да бір қайғы-қасыретке тап болған адам есінен шығармауы тиіс. Сондықтан бір Аллаға ғана жалбарынып, дұға етіп, тәуекелге бел байлауымыз қажет.

Кешегі ашаршылықта, зұлматтардың қысымында да, басына түскен қиыншылықтарға мойымай, бір Аллаға тәуекел жасап сабырлық танытқан бабаларымыз «Сабыр түбі сары алтын», «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» - деп даналы сөздерін қалдырған. Бабаларымыз сондай-ақ, «Асықпаған арбамен қоян алар» - деген аталы сөзінің өзі сабырлы болуға, әр нәрсенің ақырын күтіп, байыбына баруға шақырғандығының белгісі.

Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) «Мұсылманның қандай да бір ісі таңғаларлық. Қандай іс болмасын ол өзіне жақсылық деп біледі. Егер оған бір жақсылық жетсе, ол Аллаға шүкіршілік айтады. Сол шүкір айтқаны үшін оған Алладан жақсылық болады. Ал егер оған бір қиындық жетсе, сабыр етеді. Сол сабыр еткені үшін оған Алладан жақсылық болады»[5] - дейді. Өмірімізде қиындықтар кездессе, оған сабыр етуімізді болашақта өзімізге келетін нығметтердің басы деп қабылдауымызға негіз бар. Бұл жайлы Құранда «... Біз (өмірдегі түрлі қиыншылықтарға әрі әмірімізге бағынып, тыйғандарымыздан тыйылуда) сабырлық танытқандарды дүниеде істеген ең игі, ең жақсы істерін негізге ала отырып, сый-сияпатқа бөлейміз»[6] - деп сабырлылық танытқандарды сүйіншілейді.  

Сабырлылық адамға сенім ұялататын, болашаққа үміт пен өмір сүруге деген қажыр мен қайрат беретін ең бір ізгі қасиет болғандықтан, әр кез басқа түскен қиыншылыққа сабырлық танытуға ұмтылайық бауырлар!

Су, от секілді апаттар тілсіз жау болып есептеледі. Бәле аяқ астынан деген аталы сөзді ұстанған халық бұл қиыншылықтарға да мойымай бірге еңсеретінімізге сенеміз.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

бөлім басшысы   М.Мұстафаев



[1]  akmechet.kz

[2]  Бақара сүресі 155 - аят

[3] Бақара сүресі 153 - аят

[4]  Тағабун сүресі 11 - аят

[5] Имам Мүслім хадис жинағы

[6]  Нахл сүресі 96 - аят

0 пікір