Суицид соңғы жол емес
Суицид соңғы жол емес
10.11.2021
727
0

      Еліміздегі аты жаман аурудың бірі суицид яғни өз өміріне зиян келтіріп, қастандық жасау болып тұр. Әсіресе бұл жас жеткіншектер яғни мектеп оқушылары арасында жиі болуда. Кеше ғана Нұрсұлтан қаласында болған мектеп оқушысының жасаған қателігі бұған дәлел. Еліміздің болашағы саналатын жастардың мұндай оқыс әрекеттерге баруы расында алаңдатарлық жағдай. Статистикалық мәліметтерге үңілсеңіз адам жаны түршігеді. Әлемде жылына 1 миллион адам өзіне-өзі қол жұмсайды екен. Өкініштісі, әлем бойынша Қазақстан суицид статистикасында үшінші, ал Орта Азияда алғашқы орында тұруы бізді қатты қынжылтып отыр. Аталған дерттің елімізде дендеп кетуіне не себеп? Аты жаман аурудан қоғамды қалай құтқарамыз? Бұдан шығудың жолы қайсы, қандай да бір белгілері бар ма?  Міне, осы сауалдар жауап беріп көрсек. Ең әуелі өткен жылдың статистикалық мәліметтерін көзбен сүзіп өтсек.

          Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, былтыр еліміздің 3805 азаматы суицид құрбаны болды. Олардың басым бөлігі – Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындары. Өз-өзіне қол жұмсағандардың 3 мыңы – ер адам. Ең сорақысы, Қазақстан әлем елдері арасында 5-14 жас аралығындағы балалардың өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші бойынша тоғызыншы, 15-29 жас аралығындағы азаматтардың «өліммен ойнау» көрсеткішінде төртінші орында тұр. 2020 жылы 144 бала өз-өзіне қол жұмсаған. Былтыр 15-29 жас аралығындағы 887 азамат өздеріне қол жұмсапты. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицид негізінен Түркістан, Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркеледі екен.

      «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» қоғамдық қоры 14-29 жас аралығындағы 2 мың адамды қатыстырып, әлеуметтік зерттеу жүргізген. Нәтижесінде респонденттердің 17% өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлағанын анықтаған. Әлеуметтік зерттеуге қатысқандар психикалық күйзеліс, қаржы тапшылығы, жалғыздық, ата-анамен тіл табыса алмау суицид жасау туралы ойға түрткі болғанын баяндаған. Психолог мамандардың айтуынша өз-өзіне қол жұмсаған жасөспірімдердің 10% ғана шынымен өлгісі келген жандар, қалған 90% қоғамнан орнын таба алмаған адамдар болатынын алға тартқан. Сондай-ақ өмірлік тәжірибесі жоқ жандар болмашы қиындықты трагедия деп қабылдайтынын, салдарынан шалыс басатынын жеткізді. «Отбасындағы, мектептегі және достар арасындағы қатынастармен байланысты процестер кейде жасөспірімдердің психикалық жағдайына теріс әсер етеді. Жасөспірімдер өлгісі келгендіктен емес, проблемамен қалай өмір сүруді білмейтіндіктен, суицид жасау туралы ой пайда болады деген қорытындыға келген. Мұның барлығы отбасыдағы тәрбие, ата-ана мен бала арасындағы қарым қатынастың төмендігінен болып жатқандығы белгілі. Сондай-ақ діни таным-түсінігінің таяздығынан да болуы мүмкін. Себебі, өмір – Алланың  бізге тапсырған  аманаты. Ал, шариғатымыздағы үкіміне келсек, Ислам дінінде жазықсыз адамды өлтіру немесе өзін-өзі өлімге қию – Алланың ашуы мен аса ауыр азабына себеп болатын ауыр күнә. Алла Елшісі (с.а.с)  хадистерінің бірінде: «Кімде-кім  өзін-өзі  қандай да бір темірмен  өлтірсе, жаһаннамда  қолына темір алып,  мәңгі бақи өзін-өзі  түйреумен болады. Ал, кім өзін  таудан тастап өлтірсе, жаһаннамда  өзін  мәңгі отқа  лақтырып тұрады», – деп ескерткен.

         Былтыр тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидке алаңдаушылық білдіріп: «Бұл –  бәріміз үшін қасірет. «Балалар неге ондай қадамға барады?» деген сұраққа  барлығымыз жауап іздеуіміз керек. Өмірлік нақты нұсқамаларды қалыптастыру – айналып келгенде тәрбие беру процесі сапасының түпкі талабы болуға тиіс», – деді. Осының ізін іле-шала баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасын қабылданды.                              

        Тағдыр атты түйіткілді мәселеде  өмірде түрлі қыйындыққа тап болып жатамыз. Мәулана Руми есімді сопы ғалымның мына бір сөзі мақаламызға тұздық болсын: «Адамның киізді сабалаудағы мақсаты тоқпақтап ұру емес, шаңын шығарып тазалау. Ал Алланың адамды қиындықпен сынаудағы мақсаты бойындағы жаман мінез-құлығынан арылту» деген екен.

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы      Қ.Қосмаханов

0 пікір