«Секталар» неге жабылмайды?
«Секталар» неге жабылмайды?
13.03.2020
1452
0

Қазіргі таңда халық арасында, әсіресе әртүрлі сенім өкілдері шоғырланған орталарда кейбір мәселелер туындап отырады. Мысалы ислам дінін ұстанушы тұлғалар өзі өмір сүретін ортада христиандық бағыттағы кейбір діни бірлестіктердің немесе олардың ғибадат үйлерінің жұмыс істегенін қаламауы мүмкін. Халықпен ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында ашық сұрақ ретінде өз ойларын ортаға салып, жаңахристиандық бағыттардың іс-әрекеттеріне наразылық білдіріп жататындығы да байқалады. Әрине бұл мәселеде дәстүрлі сенім ретінде мойындалатын христиандық бағыттардың қатысы жоқ.

Жалпы елімізде қанша конфессия бар? Олардың құрамына қандай діни бірлестіктер кіреді? Осыдан 10-15 жыл алдынғы оқиғалар секілді қоғамдық орындарда, саябақтарда, көшелерде бізге діни мағлұматтар жазылған парақшалар, үнпарақтар, бүктемелер, діни әдебиеттер таратса біз не істеуіміз керек? – деген сияқты сауалдар қойылып жатады. Енді жоғарыда аталған сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің ресми ақпаратына сүйенсек бүгінгі таңда елімізде 18 конфессияға тиесілі 3796 діни ұйым тіркелген. Алайда бұл сандарды оқып отырып кез-келген азаматтың санасына бұл діни бірлестіктер көп қой деген ой келуі әбден мүмкін. Дегенмен біз жоғарыда атап өткен 3796 діни бірлестіктің 2664 ислами бағыттағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына тиесілі мешіт-филиалдары екендігін еске салғымыз келеді. Сонымен қатар, 342 православ, 86 католик, 591 протестант, 60 Ехоба куәгері, 24 жаңа апостолдық шіркеу, 11 Кришна санасы қоғамы, 7 иудаизм, 6 Бахаи қоғамы, 2 буддистік, 2 Иса Мәсіхтің соңғы күнгі әулиелер шіркеуі (мормондар),1 Бірігу шіркеуі (муниттер) ресми тіркелген діни бірлестіктердің санатына жатады.

Бұлар біздің елімізде діни бірлестік ретінде ресми түрде тіркеуден өткен. Өкінішке орай қазіргі таңда кейбір азаматтар өздерінің сенімдерінен басқа діни бірлестіктердің барлығын жалпақ тілде «секта» деп атап жатады. Ал, шын мәнісінде «секта» - дегеніміз не?

«Секта» - латын тілінен біздің тілімізге аударғанда бағыт, ілім, ұйым деген мағынаны білдіреді. Ал түсінікті тіл­мен айтар бол­сақ, бұл сөз бөліп алу, кесіп тастау деген түсінікке жақынырақ келеді екен. Осы­лайша сек­та сөзі дәстүрлі діндерден бө­лі­ніп шыққан діни ұйымдарды немесе топты білдіреді. Осы тұрғыдан келгенде кейбір діни ағымдар өкіл­де­рінің өздері туралы әң­гіме қозғалғанда, біз секта емеспіз деп ақ­талуы шындыққа жанаса қоймайтын сияқты. Ал, мемлекеттің дін саласындағы заңнамасына сәйкес тіркеуден өткен ұйымдарды діни бірлестіктер деп атайды. Бұл жөнінде 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 1-бабы 4 тармақшасында: «діни бірлестік – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі» - деп нақты көрсеткен. Сондықтан оларды «секта» деп атауға болмайды.

Дін істері комитетінің 2019 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, халықтың 92,8% - ы өздерін дінге сенушілер деп санайды.Елімізде халықтың басым көпшілігі ислам (70,2%) және православ (26%) дінін ұстанады екен.

Ал енді көшелерде, үй-үйді аралап заңсыз уағыз-насихат жүргізетін жұмыстарға қатысты тоқталар болсақ, бұл әрине заңсыз. Себебі 2011 жылдың қазан айында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 7-бабы 4 тармақшасында: «Құдайға құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдер және (немесе) жиналыстар ғибадат үйлерінде (ғимараттарында) және оларға бөлінген аумақта, құлшылық ету орындарында, діни бірлестіктер мекемелері мен үй-жайларында, зираттар мен крематорийлерде, жақын жерде тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделері сақталған жағдайда тұрғын жайларда, қажет болған кезде қоғамдық тамақтандыру объектілерінде бөгетсіз жүргізіледі (жасалады). Өзге жағдайларда діни іс-шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен жүзеге асырылады» - деп жазылған. Яғни, кез-келген діни бірлестіктің өзіне бөлінген аумақтарында құлшылық-ғибадаттарын жасауына болады. Ал, енді Сіздің еркіңізден тыс, құлшылық-ғибадаттар жасауға арналмаған орындарда, атап айтқанда, қоғамдық орындарда, саябақтарда, мемлекеттік мекемелерде немесе үйіңізке келіп мазаңызды алып жатса онда құқық қорғау органдарына хабарласуыңызға болады.

Осы орайда тіркелмеген, халық қарапайым тілде «секта» деп атайтын кейбір діни ұйымдардың жұмыстарына тоқталып өтсек. Жалпы дін саласындағы мамандар бұл топтарды «бүлдіргіш» ұйымдар деп тегін атамайды. Оған себеп те жоқ емес. Тұлғаның жеке басын еріктілігінен, ата-анасы, жақындары, туыстарымен байланыс­тарынан үзуге шақыратын олар өздерінің қатарына тартқан кез-келген адамның санасына жаңа мазмұндағы тұрпат қалыптастыруға тырысады. Олардың негізгі міндеті сектаның мүддесіне ғана сай қызмет ететін осындай адамдармен толықтыру. Мұндай әрекеттерді жасау үшін неше түрлі амалдар мен айлаларды ойлап тапқан. Соның ішінде психикалық тұрғыдан әсер ету жолдарын біледі. Тіпті, бір-бірінен де үйреніп, жетпегенін толықтырып, әйтеуір адамды қалыптасқан санасынан адастырып, адамгершілік нормаларын керек қылмайтын теріс жолға түсіреді. Мәселен, олар ата-ананы мойындамауға, олардың айтқан жанашырлық ақылдарын қабылдамауға, отбасын керек қылмауға үндейді. Тіпті, өзінен туған балаларды да өзімен бірге теріс жолға түспесе қатыгездікпен қинау, жазалау жолдарын үйретеді. Кейбір адамдарды күйзелістен психикалық ауруларға ұшыратып, зардап шегуге немесе өзіне өзі қол салуға дейін жеткізеді. Міне, сондықтан бұл секталардың әрекеті өте қауіпті. Мұндай ұйымдармен мемлекет жүйелі түрде жұмыс жасап келе жатыр.

Қорытындылай келе біздің не айтқымыз келді? Біріншіден, кез-келген діни бірлестікті «секта» деп атаудан аулақ болыңыз. Екіншіден, біз құқықтық қоғамда өмір сүріп жатқандығымызды ұмытпайық. Себебі, дін саласы да мемлекет тарапынан арнайы заңнамалармен реттеліп отырады. Осы орайда Сіздің діни наным-сенім құқығыңызды бұзатын кез-келген мәселе жайлы толық ақпарат алғыңыз келсе еліміз бойынша барлық облыстарда жұмыс жасайтын дін мәселелерін зерттеу орталықтарына хабарласуыңызға болады. 

Қазіргі таңда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ азаматтарға арналған «3-51-24» сенім телефоны жобасын іске асыруда. Оның мақсаты дәс­түрлі емес діни бірлестіктердің, жат идеологиядағы ағымдардың арам пиғылдарын әшкерелеуге бағытталған. Біз жеке адамдарға және олар­дың туыстарына қоғамға жат, діни ағым­дарды наси­хаттаған немесе соған тартқысы келген жағдайда, күмәнді кітап­шалар, журналдар мен парақшаларды таратып немесе оларды көше бағандарына жап­сырып жүрген адамдарды көрсе бізге хабар­ласуын өтінеміз. Біз өз тарапымыздан қажетті кеңестер бере аламыз. Жұмыс күндері таңғы сағат 9.00-ден кешкі 19.00-ге дейін Сізді және Сіздің жақындарыңызды толғандырған сұрақтарыңызға, діни мәселелеріңізге жауап беруге дайынбыз.

 

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары

Медет Халықов

0 пікір