Сабыр сақтасаң сақтанасың!
Сабыр сақтасаң сақтанасың!
11.08.2020
1322
0

Сабыр мен табандылық – адам бойындағы ең жақсы сипаттарының бірі, қадір-қасиетін дәріптейтін керемет қасиет. Сондықтан Алла Тағала өз пенделеріне апат, қиыншылық келген кезде шыдамды болуды бұйырады. Сабырлылық – шыдамдылықты, өзін сақтап және тоқтатуды білдірсе, ал шариғатта сабырлылық – дұғада шыдамды болуды, күнә мен қайғы-қасіреттен сақтануда шыдамдылық танытуды, жақын адамынан айырылғанда асқан төзімділік танытуды білдіреді. Сабырлық – ол бойында көркем мінез және жүрегінде иманы бар адамның негізгі сипаты. Өмірде түрлі қиыншылықтарға тап болған адамға өз-өзін ұстай білуі әрине оңай іс емес, сондықтан болар сабыр етушіге берілетін сыйы мен оның алатын сауабының мөлшері көрген қиындықтарына сәйкес көбейе түседі екен. Сабыр етушілер жайында қасиетті Құранда өте жиі айтылады. Имам Ахмад: «Сабырлықтың құндылығы жайлы Құранда тоқсан мәрте атап өтіледі»,-дейді. Сол аяттардың бірінде Алла Тағала: «Расында, Алла сабыр етушілермен бірге» - деген («Бақара» сүресі, 153-аят).  Өмір – сынақ, жақсылықпен қоса қиындық та қатар жүреді. Сол қиындықтарға мойымай сабырлық таныту – біздің міндетіміз. Жалпы, сабырлылықты бірнеше тақырыптарға бөліп қарастыруға болады: қиындықтарға сабырлылық таныту, көркем мінез көрсетуде сабырлы болу, ауруға сабыр ету, ашуды жеңе білу – ол да сабырлық. Ал бүгінгі мақаламыздың өзегі ауруға сабыр ету болмақ. Себебі біраз уақыттан бері әлемді жайлаған аты жаман ауруға жеңіл қарап, біршама түсіністік таныптпай көптеген қиындықтықтар туындатып жүрген адамдар бар. Жасырын емес, кейде басымызға түскен кішкене қиындыққа шыдамай, сабырлылық таныта алмай, байбалам салып, оның себебін өзгелерден іздеп, түймедейді түйедей етіп жататын жайымыз бар. Базбіреулер әлемді жайлаған қауіпті індетті жоққа шығарып, сабыр сақтап біраз шаруларды кейінге шегерудің орнына, «кейбір тұлғалар, құзырлы органдар көрмесе болды» - деп, той-томалақ өткізіп қаншама адамның өміріне қауіп-қатер төндіруде. Бұдан да сорақысы, сол індеттің бар екендігіне өзі сенбегенімен қоймай, өзгелерді де соған үгіттеп, жалпақ тілмен айтқанда қоғамға қауіп төндіріп жүрген жандар бар. Сақтық шараларын сақтамай, шыдамдылық, сабырлылық танытпастан індеттің таралуына себепші болуда. Мұның соңы үлкен қауіп-қатер туындатуда. Ауру – Жаратушыдан жіберілген сынақ. Ал мұсылманның міндеті – барынша сақтанып, сынаққа сабыр ету. Кезінде шариғи ілімнен нәр алған бабаларымыз қанша қиыншылық көрсе де, сорақы-зұлматтарға сабыр етіп, сол қиыншылықтан өту жолдарын іздеп, қиындықтың арты жақсылық болатынына үлкен үмітпен Жаратушыға сыйынып, бойындағы имандылықтың жемісімен сабырлықтың үлгісін көрсете білген. Жүсіп Баласағұн атамыз: «Сабыр етсең – ісің оңға асады, шүкір қылсаң – жамандық та қашады», - деген терең ойлы сөздер қалдырған болатын.                                                                                           

Қандай да бір қиыншылыққа тап болған адам сабыр етсе, Алла тарапынан ақыретпен қатар осы дүниеде де лайықты бағасын алады. Бұл туралы Қасиетті Құранда: «Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз» - деп айтылған («Нахл» сүресі, 96-аят). Жоғарыда сабырлық жайлы Құранда келтірілген аяттар. Енді сабырлықтың құндылықтары жайлы ардақты Пайғамбарымыздың хадистеріне тоқталып өтсек. Алла Елшісі (с.а.с.): «Сабырлық – ол нұр», - деп қысқа да нұсқа айтып, сабырлықтың құндылығын атап өткен болатын. Келесі бір ғибратты хадисінде Ардақты Пайғамбар (с.а.с.): «Сабырлық таныту – ол Алладан берілген сый және Алланың алдында сабырлықтан артық сый жоқ», - деген.                                                                     Әрбір адам, тіпті ол Пайғамбар болсын Алладан жіберілген қасірет пен сынақтардан өздерін сақтандыра алмайды. Себебі қасірет-сынақты беретін де Алла, одан сақтайтын да бір Алла. Бұл жайында Құранда пенделеріне былайша ескертеді: «Алладан бұйрықсыз ешбір қайғы-қасірет болмайды» («Тағабун» сүресі, 11-аят).                                                                                                              

Дерт пен қиындық – күнәлардың кешірілуіне себепші болып табылады. Құран Кәрімде былай делінген: «Сендерге келген әр бақытсыздық, өз қолдарыңмен істеп, тапқан күнәларыңның кесірінен. Солай бола тұра Алла көпшілігін кешіреді, бақытсыздыққа ұшыратпайды». Демек, жасаған күнәларымыздың бір бөлігіне жаза ретінде келеңсіздік, бақытсыздық келеді. Осылайша қиынылықтар мен дерт күнәнің кешірілуіне себепші болатынын ұмытпағанымыз жөн. Бұл жөнінде ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Расында адамның басына қасірет берілсе және сол қасіретке сабырлық танытса, қанша жақсы амалдарымен де жете алмас деңгейге, дәрежесі көтеріледі»,-деген. (Ибн Хиббан, «Сахих» кітабы). Және бір хадисте: «Иманды жанның басына түсетін уайым-қайғы, тіпті денесіне кірген тікеннің өзін Алла Тағала оның күнәларын кешіру үшін себеп қылып қойған» (Имам Әл-Бұхари). Міне, бұдан түсінетініміз, сынақ пен аз ғана ауруды Алла Тағала әлсіз бір құлының күнәсін кешірілуі үшін жасайтындығы.                                                      

Сынаққа сабыр ету – бұл әрбір мұсылманның орындауы тиіс негізгі міндеттерінің бірі. Сынақтың мақсаты – мұсылманды шыңдау, шынайы сенім шыңына шығару. Егер осы шарттар бұзылса, оның жеңіл жазасы – сауаптан құр қалып, бекерге қайғы-қасіретін көретін болады. Ал, ауыры – егер тағдырға, Алланың шешіміне қарсылық білдіріп, шағымданар болса, үлкен күнәға батуы әбден мүмкін. Сондықтан әрдайым ұстамдылықта болғанымыз дұрыс. Сабырлық қасиеттен ажырап, тағатсыздық танытар болсақ, өзімізбен қоймай өзгелерге де қауіп туындатуымыз мүмкін. Халқымыз: «Осалдың бәрі ойбайшыл, әлсіздің бәрі айғайшыл келеді», - дейді. Қандай да бір күйзеліске ұшыраған сәтте, байбалам салмай, керісінше барынша байыптылық танытса, одан асқан рухани байлық жоқ.                               

 

М.Салиходжаев

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы

0 пікір