Сабыр имандылық белгісі
Сабыр имандылық белгісі
22.04.2020
1107
0

2020 жыл басталысымен тек елімізді ғана емес күллі жаһан жұртшылығын алаңдатқан Covid–19 дерті пайда болды. Әлем халқын тығырыққа тіреп, дәрменсіз күйге түсірді. Көптеген адамдар аурудан зардап шегіп, қайтыс болып жатыр. Өкінішке орай бұл қауіпті індет біздің елімізді де айналып өтпеді. Елімізде індет басталысымен бірнеше үлкен қалалар карантинге жабылып еліміз бойынша төтенше жағдай жарияланды. Осыған байланысты індеттің алдын алу мақсатында сауда, өндіріс, жұмыс орындары және мешіттер және басқа да діни бірлестіктердің құлшылық орындарына дейін жабылды. Мешіттерде жамағат болып жұма намазын оқуға, құлшылық жасауға уақытша тыйым салынды. Ардақты елші Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) хадис шәрифінде: «Егер бір жерде оба ауруы шыққанын естісеңдер ол жерге бармаңдар және ол жерден сыртқа шықпаңдар»,- дейді. Яғни өздеріңді аурудан сақтаңдар, қорғаныңдар деп тұрғаны белгілі. Бұл Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) заманындағы карантинді ұстанудың тәсілі.

Алайда қазіргі таңда орын алған төтенше жағдайға қарамастан, індеттің қаншалықты қауіпті екенін біле тұра кейбір дін ұстанушы азаматтар жамағат болып намаз оқу үшін жанжал шығарып қоғам арасында түсініспеушілік тудыруда. Тіпті Қызылорда қаласында «Полная Евангелия» христиан діни бірлестігінің ұстанушылары шіркеуге жасырын түрде барып ғибадат жасап артынан әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құзырлы мекемелердің бұлай жасаудағы басты мақсаты - күні келмеске кеткен кешегі кеңес үкіметінің заманындағыдай «атейзм» саясатын құру емес. Тек қана халқымыздың денсаулығын сақтау. Ал сақтанудың жолы тек қана «оқшаулану, яғни карантин» режимін ұстану және көпшілік орындарға жоламау екенін медицина саласының мамандары түсіндіруде. Алайда бұл ескертулерге пысқырыпта қарамай жамағат болып намазға тұруға асығып, Құран Кәрімдегі Фәләқ, Нас сүресін оқысам маған ауру жоламайды деп білімсіздікке ұшырауда. Бірақ басқа шет елдерде бұл індет шіркеуде қызмет етуші монах әйелден, ал басқа елдерде таблиғи жамағат ұйымының дағуат жасау үшін барған кездерінде басқа адамдарға жұқтыру процестері анықталған. Нәтижесі өздерініңде өзгелердіңде өмірмен қош айтысуына себеп болуда. Яғни ауру дін таңдамайды екен.

Мұсылман жұртшылығы асыға күтетін, жылына бір рет келетін қасиетті ораза айы келе жатыр. Биылғы қасиетті ораза сәуір айының жиырма төртінші жұлдызына түскелі тұр. Алайда осыдан бірнеше күн бұрын ҚМДБ бас муфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеме жасады. Бұл мәлімдемеде ораза кезінде ауызашар жасауға және жамағат болып мешітте тарауых намаздарын оқуға болмайтындығын жеткізді. Тек үйде отбасымен ғана оқуға кеңес берді. Әрине мұсылман қазақ жұртшылығы үшін бұл ауыр соққы. Бірақ бұлда шариғаттан тысқары бір шыққан шешім емес. Ардақты елші Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) хадис шәрифінде былай дейді: «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар», деп құлшылық ғибадатты, зікір, шүкірді үйде орындауға бұйырған. Ал мұндай жағдайларға тек ел болып сабыр етіп, ақырын күткеніміз жөн. Себебі сабыр – иманның кемел дәрежесі. Адамның адамдығын танытар бойындағы ізгі қасиеті. Пендені Жаратқанға жақындатар үлкен құлшылық. Қасиетті Құран Кәрімде Бақара сүресінің 155-аятында «Сөзсіз біз сендерді қорқынышпен, аштықпен, мал-мүліктеріңді, өздеріңді әрі өнімдеріңді кем қылу арқылы сынаймыз», десе Әли Имран сүресінің 146-аятында «Алла Тағала сабырлыларды жақсы көреді»,- деп сүйіншілеген. Күллі түркі жұртына ортақ болған Құтты Білік кітабында Ж.Баласағұн сабыр турасында өлең өрбітіпті:

Сабырсыздың сазайы – қайта-қайта бас ұрар,

Сабырлы ерге  сан қақпа, өз-өзінен ашылар.

Қорыта келе айтпақ болғанымыз діни құлшылық ғибадатты, мінажатты сылтау етіп жамағат болып жиналып өз-өзімізге қиындық әкелмейік. Бұл тақуалықтың бейнесі емес. Алла Тағала Ниса сүресінің 29-аятында «және бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді», деуі арқылы бір-бірімізге ауыртпалық тудырмауды ескертіп тұрғандай. Мұсылманның бейнесі сабырлы болу. Себебі Құран Кәрімде Бақара сүресінің 153-аятында: «Уа, иман еткендер! Сабырлылық таныту және намаз оқу арқылы жәрдем (Алладан) сұраңдар. Расында, Алла Тағала сабырлылармен бірге» - дейді. Сабыр сақтап, әліптің артын бақсақ, бұл қиыншылықтарды да еңсеретініміз ақиқат!

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Созақ ауданындағы теолог маманы   Қ.Қосмаханов

0 пікір