Қабірлердің үстіне кесене салу
Қабірлердің үстіне кесене салу
15.04.2020
1220
0

Адам баласы өмірге келгеннен соң өлімнен еш құтыламасы ақиқат. Ерте ме, кеш пе – күндердің бір күнінде Алла Тағаланың маңдайымызға жазған уақыты таусылғанда о дүниеге аттанып кететініміз хақ. Қасиетті Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 34-аятында:

«Әрбір үмбеттің белгілі мерзімі бар. Олардың мерзімдері келгенде оны бір сағат кешіктіре де, ілгерілете де алмайды» - десе. Келесі бір аятта:

«Әрбір жан өлімнің дәмін татады» - деп келеді. Қандайда бір тіршілік иесінің дәм-тұзы таусылған сәтінде өлімнің дәмін тататындығы анық.  Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) өзінің бір хадис шарифінде: «Қабір - ақырет ошағының бастамасы. Кісі одан қиналмай құтыла алса, онда кейінгілері өте оңай... Егер одан құтыла алмаса, соңындағылары қабірден де қиын, аса ауыр. Бұл дүниедегі көргендеріңіздің ешқайсысы қабірдің қорқыныш азабы мен үрейіндей бола алмайды» - дейді. Олай болса, біздің де қабір атауына қашанда құрметпен, ізетпен қарауымыз қажет. Бурәйда (р.а.) жеткізген хадисте:

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мен сендерді қабірлерді зиярат етуден тыйған едім. Енді зиярат етулеріңе болады» - дейді.  

Қазіргі таңда қабірстанға көз түсіп кетсе – небір мазарларды, көздің жауын алардай асыл тастардан жасалған құлпытастарды қарап, өз алдына бой көтерген шахарлар іспеттес.

Ғалымдар қабірдің үстіне құлыптас, кесене секілді ғимарттарды салу мәселесінде әртүрлі көзқарастарды жеткізеді.

Ханафи, Малики және Шафиғи мазхабы бойынша өзінің иелік еткен аумағындағы қабірлердің үстіне мақтану мақсатымен үй, күмбез кесене салу - харам, ал мұндай мақсат болмаса – макрух екенін жеткізген. Ханбали мәзхабы ғалымдарының пікірінше – харамға жақын болған мәкрүһ ретінде санайды. Мазараттың ішінде намазхана жасалуы немесе намаз оқылуы басқа мазхабтарда мәкрүһ болса, Ханбали мазхабында харам етілген.

Имам Шафиғи «әл-Умм» аттыкітабында былай деген: «Қабірдің үстіне намазхана салынуын және қабірдің үсті тегіс болмаған жағдайда, оны тегістеп үстіне намаз оқуын, тіпті оған қарай намаз оқығанды мәкрүһ» - деп пайымдаған.

Имам Нәуауидің пікірінше салынған ғимарат адамның өз қабірінің үстінде болса - мәкрүһ, жалпыға ортақ мазаратта салынса - харам дейді.

Ислам ғалымдарының бірнешесі машайық, ғұлама және хан, қолбасшылардың мазарының үстіне кесене салынуын жайз (рұқсат етілген) деп санаған.

Али әл-Қари, атақты машайық пен ғұлама қабірлерінің үстіне адамдардың зиярат және демалулары үшін күмбез бен кесене салынуының Салаф ғалымдары тарапынан рұқсат етілгенін айтады.

Ханафи мектебінің көрнекті өкілдерінен Ибнул-Хумам да қабірдің жанында Құран оқығанда отыру үшін осындай бір жердің салынуына қарсы келмегенін, керісінше, рұқсат етілгендігін айтады.

Ханафи фыкх ғалымы Халаби Ибраһим,  «Халаби-и Кабир» атты кітабыныңсоңында ғалымдардың, ұлы тұлғалардың қабірлерін сақтау үшін кесене салу рұқсат дейді.

Имам Шарани «Мизанул Кубра»  және Ибни Абидин «Укуд-уд-Дурийя» атты кітаптарының соңғы жағында қабірлерді қорғау үшін кесене салынуының рұқсат етілгендігін жазған..

Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы ҚМДБ-ның мұсылман зиратының қағидалары мен талаптарары турасында төмендегідей пәтуалар шығарған:

1)Қабірлер тапталып, аяқасты болмауы үшін қоғамдық зиратты тұтас қоршаған абзал. Тұтас қоршалған зираттағы қабірлерді жеке-жеке етіп қоршау қажет емес. Егер қабірстан толықтай қоршалмаса, адам мен жануардың аяғына тапталмау үшін қабірді шариғат шеңберінде төртқұлақ етіп қоршауға рұқсат беріледі.

 2)Қабір үстіне құрылыс нысандарын салуға шариғи тұрғыдан рұқсат жоқ. Сахаба Жәбирден жеткен хадисте:

«Пайғамбарымыз (с.а.с.) қабірді сылауды, үстіне отырудан, құрылыс салудан тыйды», – деген. Егер қабір басына кесене салынып қойылса, оны бұзуға болмайды. Алайда кейбір ислам ғалымдарының пікірі бойынша, ғұлама-ғалымның, ел билеген хан-сұлтандардың, би-батырлардың кесенесін көтеруге рұқсат берілген.

 3)Қабір басына белгі ретінде тас қоюға рұқсат етіледі. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің сүт бауыры Осман ибн Мазунды жерлеп болған соң, қабірін оңай тауып алу мақсатында үлкен бір тасты көтеріп әкеліп белгі үшін бас жағына қойған. Алайда белгі ретінде қойылған құлпытасқа сурет салуға болмайды. Сондай-ақ құлпытасты мүсін бейнесінде ойып, пәнилік көріністерді білдіретін түрлі кейіптер жасауға тыйым салынады.

4)Тасқа мәйіттің аты-жөнін, туылған және дүниеден өткен күнін, датасын жазуға, сондай-ақ, ай белгісін қоюға рұқсат. Бірақ Құран аяттары аяқасты болып кетпес үшін құлпытасқа жазбаған жөн.

5)Бірізділік мақсатында қайтқан адамның қабірінің көлемі: ені 2,5 м, ұзындығы 3,5 метр болғаны жөн. Екі қабір арасы 1,5 метрден аспауы тиіс әрі әрқайсысы қатарлап рет-ретімен қойылуы қажет.  

 6)Қабірдің лақатын жабатын материалға күйдірілген кірпіш, қара қағаз, салафанды пайдаланбаған дұрыс. Қабірді жабу үшін табиғи материалдардан ағаш, тақтай, шыбық, плитаны пайдалануға болады.

7)Қабір айналасын тазалауға, түзетуге рұқсат. Ал оны жаңалауға, бояуға т.б. тыйым салынады.

8)Қабірдің топырағы түйенің өркешіндей биіктікте ғана жерден көтерілуі тиіс. Қабір тек қана өз топырағымен ғана көміледі. Сырттан басқа топырақ қосу, үстін тегістеп, цементпен құю немесе түрлi майлы нәрселер жағу – мәкрүһ.

9)Мұсылманның қабірі өзге дін өкілдері зиратымен араласпай, бөлек қазылуы тиіс.

Бүгінгі таңда қабірлердің үстіне кесене мен құлыптас тұрғызу күн тәртібіндегі мәслелердің біріне айналып отыр. Адам үйінен асып түсетіндей етіп безендіріліп, әр түрлі қымбат тастармен көмкеріліп жасалған кесенелерді көргенде ысырапшылдыққа жол берілгені бірден байқалады. Жалпы айтқанда, қабірстандарымызға аса мән беріп, шариғат үкіміне қайшы келетін амалдардан тыйылған абзал. Оларға құрмет көрсетіп, айына болмаса да жылына бір рет келіп бабалар мен өтіп кеткен туған-туысқандарымыздың рухын шаттандырып, орнын тазалап дұғамызды оқып, Алланың берген сыйы ретінде көгалдандырып кетсек, олардың рухтары бір шаттанып қалатынын айтқымыз келеді. Ал қабірлерімізге асыл дініміздегі шариға үкімдер бойынша шағындап белгі қойып, айналасын безендіріп жүргеніміз орынды іс. Сонда ғана біз өзіміздің қабірге деген құрметіміз бен сыйымызды, тіпті олардың алдындағы міндетімізді де орындаған боламыз. Олай етпесе, бақталас пен тақталастық мына заман белгілері біздің қабірістандарымыздан да көрініс тауып отырғандай күдік тудырады. Осындай жағдайдың алдын алмасақ менің пәленшеден қай жерім кемнің кейпін киіп, бірінен-бірі асқан кесенелердің әлі де дүниеге келері сөзсіз.

  

«Әдістемелік қамтамасыз ету»

бөлімі маманы А.Тағай

0 пікір