Өзгенің қаңсығы, бізге таңсық па?
Өзгенің қаңсығы, бізге таңсық па?
15.02.2023
557
0

         Өркениеттер өрге өрмелеп, жаһандану жалаңдап тұрған заманда, өзгенің дегенімен жүріп, өткенімізді ұмыттырып, болашағымызды бұлыңғыр еткісі келетіндер ел арасында жоқ та емес. Солардың біразы өзгенің қаңсығын, таңсық санап, өркениетті елдер көшінде соңында келе жатырмыз деп дабыл қағатын кейбір жастарымыз да бой көрсетіп жүр. Сақтардан қалған – салтты ұмытып, Ғұннан қалған – ғұрпымызды дұрыс емес деп, шет елдердің түкке тұрғысыз адамның дамуына емес, азғындауына жол ашып жатқан түрлі мерекелерді ұлықтап, оған қазақы реңк беруге тырысып жатқандар аз емес.

         Тәуелсіздіктің төл өнімдері қазіргі таңда «Әулие Валентин», «Хэллоуин» және тағы да басқа салтымызбен сабақталмаған, ғұрпымызбен үндеспейтін, дінімізбен дәйектелмеген жаңа мейрамдарды ортаға шығарып, оны мейрам ретінде қабылдап, сол бір күндерді босқа өткізіп жүрген жастарымыздың бүгінгі хәліне үңілсек, жағдайымыздың қиын екендігін түсінуге болады.

         Ал «Әулие Валентин» күніне келетін болсақ, әз-Наурыздың алдын орап, жастардың  тағытсыздана күтетін мейрамдарының  біріне айналды. Елімізде 14-ақпан ресми мейрам күні деп жарияланбаса да,  халықтың  бір тобы  бұл  күнді  мейрам деп есептейді.

         Өткен  ғасырдың  90-жылдарынан  бастап  Батыста  жаппай  тойлана  бастаған  мейрам,  тәуелсіздік  жылдары батыстың  ықпалымен  біздің  елде тамырын  тереңге  жайып  үлгерді.  Енді оған бұғау салу қиынның қиынына  айналып барады. Еуропализацияның, жаһандық ақпараттың  осы  мерекені  насихаттап  жатқаны  біздің  жастарға  кесел болып  жабысты.

         Әулие Валентин күнінің шығу тарихына үңілетін болсақ әр түрлі ойлар, пікірлер бар. Бұл жайттың өзі бұл мейрамның қандай да бір құндылықтың негізі екендігне қарсы жауап беріп тұрғандай.

         Біріншісі – Рим императоры Юлий Клавдийдің сарбаздардың үйленуіне тыйым салған заңын бұзып, некелескені үшін өлім жазасына бұйырылған адам. Ал осы оқиғадан 200 жыл өткеннен кейін екінші император Геласиустің шешімімен «Әулие Валентин» күні мерекеленген.

         Екінші бір діни аңызда – Валентиннің дін қызметкері екендігі, христиандарға көмектескені үшін түрмеге қамалғаны, осында жатып оның түрме қызметкеріне ғашық болғаны, оның жазаға тартылып, басының шабылғандығы айтылады.

         Үшінші – Валентин ешкімге ғашық болмаған. Христиан дінінің қызметкері болған оның не үшін жазаланғаны белгісіз. Тек ол өлім жазасына кесілгеннен кейін «Әулие» деп жарияланған.

         Әулие  Валентин  күні жастарды  жеңіл  жүріске,  неке  мен  отбасылық  өмірге  жүрдім-бардым  қарауға, бос уақыт өткізуге, ысырапшылдыққа жол беруден басқа берер түгі жоқ. Валентин күні «әулиеліктің» емес,  әсіреліліктің мейрамы деп ұғынса игі еді. Сондықтан мұндай мейрам ұлтымызға да, дінімізге де жат. Бірін-бірі шын сүйген адамдар үшін арнайы бір күннің қажеті жоқ екендігін ескерткіміз келеді.

         Мектеп жасындағы оқушыларымыз бұл псевдомейрамды үлкен қуанышпен қарсы алып жатады. Мектеп ішін қызыл шарлармен, түрлі үнқағаздармен толтырып, бір-біріне түрлі сезімдерін білдіріп жататын хабарламалармен бөлісіп жатады. Бұл жайттың барлығы дәстүрлі дініміз бен әдет-ғұрыпымызға қайшы. Ертеректе ата-бабаларымыз бір-біріне деген сезімін, қарым-қатынасын мұндай жария түрде баяндамаған.

         Әулие Валентин күні – мұсылман елдері түгілі христиан  мемлекеттерінің өзінде үлкен дау тудыратын мейрам. Малайзияның дін істері бойынша мемлекеттік ұйымы «Махаббат күнін» тойлауға тыйым салды. «Махаббат күнін» тойлау Өзбекстанда да тыйым салынған. Өзбек елі 14-ақпанда концерттер мен ойын-сауық ұйымдастыруға тыйым салған. Өзбекстаннан кейін, Түркменстанда «Әулие Валентин күнін» тойлауға тыйым салды. Иранда 14-ақпан күні «Махаббат күніне» қатысты жарнамалар, тауарлар сатуға тыйым салынды. Сондай-ақ, Сауд Арабияда да бұл күнді тойлауға тыйым салынған. Олар «Махаббат күні» пұтқа табынушылардың мерекесі және ол мереке некесіз қатынасқа шақырады деп тыйым салған болатын.

Біздер, тәуелсіздігі мен ой еркіндігі үшін күрескен талай жігіттер мен қыздардың  ұрпағымыз. Ата-бабаларымыз ешқандай «Әулие Валентин мен Хэллоуин» күндерінсіз-ақ танысып, отау құрып, бала тәрбиелеген. Ендігі күні жастарымызға, соның ішінде қазақ жастарына ғашықтар күні керек деп шулауымыз асыра сілтеу болып табылады. Біздің пайымдаумызша жастарымыздың болашағына ешқандай «Валентин күні», «Хэллоуин» керек емес, осы пайдасыз еліктеушілік әдетті тастап, одан да маңызды мәселелерді қолға алатын болсақ, ел болып дамитынымыз анық.

Қорытындылай келе ҚР Президенті Қ.Тоқаев: «Әулие Валентин Күні – батыстан келген, еліміздің болмысына және салт-дәстүріне мүлдем қарсы болып тұрған ұғым. Жастарымыз оны түсіну керек»,-деген болатын.

 

А.Тағай           

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

бөлім басшысы м.у.а.                                                                                           

0 пікір