Отбасылық қарым-қатынасты нығайтудағы діннің рөлі
Отбасылық қарым-қатынасты нығайтудағы діннің рөлі
19.08.2021
972
0

Отбасылық құндылықтар – қоғамдағы құндылықтардың ең қайнар көзі. Шағын мемлекеттегі тәрбие оңалмай, қоғамның реттелмейтіні анық.  Отбасы қарым-қатынастарының тұтас қоғамға әсер ететіндігі баршаға мәлім. Егер отбасы тату болса, қоғамда да тұрақтылық орнайды. Отбасында ынтымақ болса, қоғамда да бірлік пен тыныштық салтанат құрады. Отбасы мәселесі сол қоғамға айырықша әсер етеді. Иманды, ибалы, парасатты ұрпақ, міне нағыз байлық осы.  Әрбір отбасы ізгілікке жүгінсе, барлығы аңсайтын, жылылық пен мейірім тұнып тұратын, қиын-қыстау кезде де әйелі азаматын сыйлайтын, құрметтейтін отбасылар көбейетініне сенімдіміз. Отбасындағы бақыттың баянды болуы үшін, парыз бен қарыздың, дәстүрдің, адалдық пен арамдықтың салмағын білетін ұрпақ тәрбиелеу маңызы өте жоғары. Сонда ғана біз ынтымақты, ырысты ел бола аламыз. Қазақ халқында отбасылық қарым-қатынасты нығайтуда, бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтар мен діннің рөліне айрықша мән берген.                       

Ұлттық құндылықтардың бастауы – отбасы. Әке – отбасының тірегі болса, ана – берекесі. Көзін ашқаннан көргені мен естігені бала жадында  тасқа басқан хаттай жазылып қала беретіні анық. Бақытын баладан іздейтін ата-ана  «Не ексе, соны оратынын» біліп, өзінің  әрбір сөзі мен әрекетіне мән берген.  Отбасынан оңды тәрбие алмаған баланың дұрыс өсіп-жетілуі қиын екендігін әрбіп ата-ана жақсы аңғарған. Отбасылық, ағайындық, туыстық қарым-қатынастарды үйрететін,қазақ шаңырағына ғана тән, жазылмаған қағидалар – әдептілікке тәрбиелеудің үлкен мектебі. Халқымызда: «Отан отбасынан басталады», «Өз үйім – өлең төсегім», «Екі жақсы қосылса аймен күндей», «Үйде береке болса, дастарханда берекет болады»  деген ұлағатты сөздер отбасының қоғам өміріндегі рөлі өте жоғары екендігін айқын аңғартады. Отбасы бала тәрбиесінің ұйтқысы екендігіне ерекше тоқталады. Тәрбие бастауы отбасыдан басталады. Отбасы тәрбиесінің тамаша үлгісінен ұлағатты ұрпақ өсіп шығады.                                                                                          Жанұя қоғамның ең маңызды құрылымы. Сондықтан да Ислам діні отбасына көп көңіл бөледі. Исламда неке – екі жанның қасиетті одағы, сенімділіктің бастауы. Жанұяда ең әуелі сенім мен сыйластық, сезім мен сүйіспеншілік болса, жұбайлар өмірінің шырайы артып, кездеспей қоймайтын тіршіліктің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөлісіп, қандай жағдайда болсын, босағасы берік болмақ. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 187-аятында: «Олар сендер үшін киім, сендер олар үшін киімсіңдер» - деген. Киім адамды сырт көзден, суық пен желден қорғап, адамның кемшілігін жасырып тұратыны белгілі. Ер мен әйелді Алла Тағала бірін-бірі қорғап, кемшіліктерін жасыратын киімге теңеп отыр. Сондай-ақ, «Рум» сүресінің 21-аятында: «Сендерге олардан тыныштық табуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңда махаббат пен мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған ел үшін белгілер бар» - дейді. Аяттан байқағанымыздай ер мен әйел бір-бірі үшін жаратылғандықтан, өз теңін тауып, отбасын құрғанда жандары тыныштық тауып, бақытты ғұмырдың алғышарттарына қол жеткізеді. «Ерлер – әйелдердің билеушісі» - деп, «Ниса» сүресінің 34-аятында баян етілгендей, Ислам діні жанұяның отағасы, басқарушы ретінде құқықты ер кісіге беріп отыр. Бұл жерде әйел затына төмен қарап, ер кісіні жоғары санап тұрғаны жоқ. Қайта, Ислам діні – ер кісінің игі бастамаларына әйелді қолдаушы, ақылшы етіп, сенімді сүйеуші ретінде көрсетеді. Осы бір мәселенің озық үлгісін жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» романында Құнанбайдың қажылыққа аттанар шағында жары Ұлжанмен сырласуы керемет көрсетіп тұрғандай:

–                   Бәйбіше, үй серігім ғана емес, өмір серігім едің. Ұзақ кешкен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, артымда отырған бір бел өзің едің. Өзіме тағдыр бақ берген жанмын деуші ем. Айтыспасақ та, жер танытып отыратын қабақ пен жүрек бар еді, соған сенуші ем де, кейде шәлкес, кейде қия да басып кете беруші ем. Бағыма масайып еркелегенім болса керек. Енді қай дөңнің басында қалармыз, кім біледі. Сенің айтар кінәң болса да, менің саған артар бір түйірдей назым жоқ. Адал жүрек, ақ бейілің үшін балаларыңның бағы ашылсын. Мен айтарды өзің айтыпсың. Менің арманымды өз арманың етіпсің деді.

Ұлжанның нұрлы біткен ақшыл-қызғылт жүзі ішін тоңазытқан сезімнен көкшіл тартып, қатты өзгерді. Бірақ көпке шейін үндемей отырып, жүрек тоқтатты:

– Мырза, аталық арманыңды ақтар балаң болсын. Сен үшін де, өзім үшін де тілер бар тілегім осы ғана! Мынадай сапарыңа кінә түгіл, наз ертсем, оным білместік болар еді. Мені дардай етіп көтеріп айттың. Бірақ мен ондай емеспін ғой. Әр кездегі ісімді ойласам, өзімнің де кінәм көп. Жөн бе, теріс пе, білмеймін, мырза, - деп күйеуінің бетіне салмақпен қарады».

Ер кісі – ең әуелі отбасының намысын қорғау, әйелінің, бала-шағасының напақасын тауып беру, үйге қажетті нәрселерді және сыртқы ауыр немесе жеңіл істердің барлығын қамтамасыз етуді міндеттейді. Өйткені, Құранда «Бақара» сүресінің 233-аятында «... Ананың тиісті қорегі мен киімі баланың әкесіне жүктеледі ...» - десе, хадисте Муғауия бин Хайда (р.а.) Пағамбарымызға (с.а.с.) келіп: «Уа, Расулаллаһ! Әйелдердің біздің мойнымыздағы ақысы не?» - деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ішіп-жегенің сияқты оны да ішіп-жегізесің, кигенің сияқты оны да киіндіресің, сосын істегендеріңді еш міндетсінбейсің» -деген.                                                      Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Барлығың да бақташы секілдісіңдер және барлықтарың қоластыларыңдағылар үшін жауап бересіңдер. Басшы – бақташы. Ер адам – отбасының бақташысы. Әйел – ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар» - деп, ерлі-зайыптылардың міндеттерін ашық-айқын көрсеткен.                                                       Қорыта айтқанда, қазақ халқында ислам дінімен ұштасқан, тамаша қалыптасқан отбасылық тәрбиенің озық үлгісі бар. Тәрбиенің бұл тамаша озық үлгісі ғасырлар сынынан өткен, ұлағат пен өнеге сіңген зор тағылымдардың құндылығының жиынтығы деуге болады. Отбасы бірлігі бекем болса болашағымыз да баянды, ұрпақ тәрбиесі де ұлағатқа толы болмақ. Ислам отбасының ең әуелі сенім мен сүйіспеншілік және түсіністік негізінде құрылғанын қалайды. Бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғалардың дүниеге келуіне қабілетті болмақ. Ендеше, елдің, ұлттың болашағы әр отбасында шешіледі, негізі қаланады.

 

 

М.Салиходжаев

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы

0 пікір