Отандық діни оқу орындарында білім алудың маңыздылығы
Отандық діни оқу орындарында білім алудың маңыздылығы
06.05.2021
870
0

Тәуелсіздік жылдарынан бастап білім ізденуші жастар үшін шет елдерде білім алуға көптеген мүмкіндіктер пайда болды. Шетелге білім алуға ниетті жастар дүниелік ғылымдармен қатар діни білімдерін түрік, араб мемлекеттерінде шыңдауға қызығушылық танытты. Осы жылдарда шетелде діни білім алу мүмкіндігін пайдаланған жастар сол елдерде діни білімін жетілдірді. Алайда кейбір араб мемлекеттерінде «уахабилік-сәләфилік»  секілді түрлі діни идеялогиялардың өршіп тұрған уақытта теріс діни ағымдардың ықпалына ұшырау мүмкіндігі жоғары екендігін ешкім білген жоқ, білсе де бұл мәселе ол уақытта өзекті емес еді. Осылай атеистік кезеңнен тарығып шыққан қазақ жұртына дін еркіндігі берілген кезде қазақ жастарына қазақ халқының дәстүріне негізделген тура жол мен теріс идеялогияларды ажырату мүмкін емес еді.

Міне осы себептен араб елдеріне діни білім алуға аттанған жастарымыз уахабилік-сәләфилік идеялогияны бойларына сіңіріп, арабтық үлгіде тәлім-тәрбие бірнеше жылда қазақ жастары қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін мансұқтайтын, өз еліне түбегейлі қарама-қайшы көзқараста елге келді. Осы жастар кейінгі жылдары қазақстандық діни ортада өздерінің керағар пікірлерімен танылып, елімізде діни ахуалды түбегейлі өзгертіп жіберді. Қарапайым қазақ отбасында әр түрлі діни ағымдардың жетегінде кеткен ағайынды бауырлар бір дастарханнан ас ішпей, анасының тамағын харам дейтін, салт-дәстүрді мансұқтап, домбыраны «шайтанның даңғырлағы» деп санайтын адамдар тобы пайда болды.

Қазіргі таңда елімізде діни білім беретін исламдық бағыттағы 4 медресе, 5 медресе-колледж деңгейіндегі арнайы орта білім беру орындары, 2 қарилар дайындау орталығы мен жоғары діни білім беретін «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті жұмыс жасайды. Аталған діни оқу орындарының ашылуының басты мақсаты – азаматтарымыз діни білімдерін отандық білім ордаларында шыңдап, негізгі ұстанымға сай көзқарас қалыптастыру.

Қазақстан әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдерінің қатарына қосылуды мақсат етіп отырған мемлекет. Сол себептен де шетелдерде білім алуға толықтай шектеу қою айтарлықтай қажеттілік тудырмайды. Дегенмен діни-идеялогиялық бағыттағы білімге бақылау орнату міндетті болып табылады. Тек діни ғана емес басқа да мамандықтар бойынша шетелдерге жіберуді жоғары деңгейде бақылауда ұстау керек. Себебі мектепті жаңа бітіріп, буыны бекімеген жас азамат білім алып жатқан елдің мәдениеті мен менталитетінің ықпалына ұшырап, туған елге мүлдем басқа адам болып оралуы мүмкін.

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Болашақ» халықаралық стипендиясымен көптеген жастарымыз шетелдердің ең алдыңғы университеттерінде білім алып келді. Қазіргі уақытта ол жастар еліміздің әр түрлі салаларында табысты еңбек етуді.

Алайда енді ғана тәуелсіздік алып, өз қолы өзіне енді жете берген Қазақстанды батыстың дамыған елдерімен салыстырып, ондағы экономикалық өсім мен тұрмыс жағдайының жоғарылығына, білім мен ғылымның дамудың даңғыл жолына түскенін көріп, сол елдерде қалып қоюды армандайтын, тіпті кейбірі сонда қалып қойған жастарымыздың бар екендігі жасырын емес. Алайда ол жастар Қазақстанды сол дамыған елдердің қатарына қосып, экономиканы көтеріп, ғылымды дамытатын, халықтың әл-ауқатын көтеретін, мемлекеттің болашығы болатынын, міне сол үшін де оларға шетелдің үздік тәжірибелерін алып келу жауапкершілігі жүктелгенін бір сәтке ұмыт қалдырған секілді.

«Тәрбие көзі – тал бесік» дейді дана халқымыз. Біздің жастарымыз ең алдымен отбасынан, ана-анасынан, ұстаздарынан тәлім-тәрбиесін алып, өзінің жеке пікірін қалыптастырған, өзіндік ойы бар, жауапкершілікті сезіне алатын, халқының мәдениеті мен салт-дәстүріне қанық азамат болғаннан кейін ғана шетелде білім алуына болады.

Біздің еліміз жоғары санатты мамандарға ауадай зәру. Жаңа техника мен технологияны, тілді меңгерген азамат сонымен қатар халқының тарихын, салт-дәстүрін, тілін, дінін қадірлеп, қастерлей білсе ол ертең елі үшін жан аямайтын аптал азамат боларына сенім мол.

Қазіргі уақытта шетелдерден діни білім іздеуге ешқандай қажеттілік жоқ. Қазақстандағы оқу орындарын бітірген азаматтарымыз еліміздің әр аймағында елдегі діни тұрақтылықты  қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда. Олардың әрбір жасап жатқан еңбектері елдің, халықтың, ұлттың бірлігі мен татулығы, мемлекеттің тұрақтылығына арналып отыр.

Қорыта айтқанда қазіргі таңда біздің көптеген жастарымыз  шетелдегі діни оқу орындарында білім алып жүр. Бірнеше жылдан бері Сауд Арабия мемлекеті және Египет Араб Республикасының жоғарғы діни оқу орындарына оқуға қабылдаудың талаптары күшейтілген. Атап айтқанда, Сауд Арабияның жоғары діни оқу орындарына қабылдаудың жаңа тәртіптері белгіленіп, іске аса бастады. Осы тәртіпке сәйкес көрсетілген елдің оқу мекемелеріне тек Қазақстанның мемлекеттік оқу орындарының жолдауымен және діни органдарының ресми рұқсатымен ғана түсуге болады. Шет елдің діни оқуын бітіріп ҚМДБ-ның және мемлекетаралық келісім негізінде  магистратура және доктарантура оқуын жалғастыруына болады.

Қандай да бір шет мемлекетте діни білім алған азаматтарымыз өз халқының ұлттық құндылықтары мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрін дәріптеп, дінмен ұштастыра білім алған жастарымыз болашақта еліміздің дін саласына қосар үлесі көп деп сенеміз.  

 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің маманы                                                      І.Нағызхан

0 пікір