Облыс аумағындағы діни ахуалға шолу
Облыс аумағындағы діни ахуалға шолу
27.02.2020
1128
0

Егемендік алған жылдардан қазіргі уақытты салыстырғанда қоғамдағы діни ахуал тұрақтанып келеді дегенмен, Кеңес үкіметінің атеистік ықпалының себебінен Қазақстандағы көптеген халықтың дінге деген ой-санасы тұрақтанбаған. 

Бұл мәселе халықтың діни танымдық деңгейін көтеру мен теологиялық тұрғыдан хабардар болуына қатысты біршама іс-шаралар жасау қажеттігін көрсетеді.

Діни ахуалды тұрақты етіп қалыптастырудағы маңызды факторлардың бірі ретінде тұрғындардың, соның ішінде жастардың дәстүрлі және дәстүрлі емес діндерге деген қызығушылығының күн санап артып келе жатқандығынан көреміз.

Жастардың дәстүрлі діндерге деген қызығушылығына бірінші отбасылық тәрбиесі әсер етсе (өз халқының салт-дәстүріне деген құрметі), екінші жағдайда ұйымдардың өз ілімдерін жастарға арналған арнайы әдістерді (шетел тілдерін үйретудің тегін курстары, түрлі салаларға қызығушылығын арттыру клубтары т.б.) қарқынды түрде қолдануы болып табылады.   

Ислам дінін қабылдағанына он үш ғасырға жуық уақыт ішінде қазақ халқы осы діннің аясында ұлт болып қалыптасты. Әр буынның орта жасы отыз жыл деп есептесек, ата-бабамыздың мұсылмандықты қабылдағанынан бері қырық ұрпақ ауысыпты.

Қырық атасынан мұсылмандық қазақтың қаны түгіл, сүйегіне сіңіп кеткен. Қазіргі таңда қазақ дінді ешкімнен үйренетіндей емес еді, алайда отау ішінен отау тіккен кереғар діни ағымдардың әрекеті, ислам діні қазаққа тәуелсіздік алғаннан бастап келгендей әсер қалдырады.

Бұның бәрі әрине, жат ағымның ықпалы. Кезінде дінге қызығушылық танытқан жастарымыз шетел асып, діни білімді араб елдерінен алып, елге оралған соң қарапайым халықтың атадан балаға мирас болып келген ұлттық құндылықтарын жоққа шығаруға тырысты.

Өздерінің соқыр сенімдерінің соңынан қаншама қандастарымызды тура жолдан адастырды. Рухани және діни тұрғыда шөліркіген қаншама жастардың сеніміне селкеу түсіріп, қаншасын темір тордың құрбаны етті.

Облыс көлеміндегі деструктивті діни ағым өкілдері Созақ, Ордабасы, Сарыағаш, Келес, Жетісай және Сайрам аудандарында көптеп шоғырланған. Жастардың діни білімді шетелде алуы бойынша Сарыағаш, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласы көш бастап тұр. 

Осы орайда, 2019 жылы жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жастардың шетелде діни білім алуына қазіргі таңда облыс тұрғындарының жартысына жуығы (47,98%) қарсылық танытып отыр. Себебі ұлттық құндылығымызды жоғалтады деп көрсеткен.

Түркістан облысының Сайрам ауданы басқа аудандардан деструктивті діни ағым өкілдерінің көптігімен, олардың танымал көшбасшыларының жиі шоғырлануымен, шетелдік теологиялық оқу орындарында білім алып келген азаматтардың көптеп кездесуімен, сонымен қатар аудан тұрғындарының басым бөлігін (67,8%) өзбек ұлты өкілдері құрайтындығымен ерекшеленеді.

Халықтың ұлттық құрамы мен діни сенімі тығыз байланысты. Олар саяси және әлеуметтік өмірге, тұрмысқа, адамдардың мәдениеті мен әдет-ғұрпына, демографиялық және этнографиялық процестерге әсерін тигізеді.

Қазақстан Республикасы – зайырлы мемлекет. Конституция ар-ұждан еркіндігін дәріптейді. Сондықтан да азаматтардың кез-келген дінді ұстануға немесе мүлдем ұстанбауға құқы бар.

Зерттеуге қатысқан респонденттердің ұлттық құрамына сәйкес байрығы, ата-бабамыздан қалыптасқан ислам дінін ұстанамын деушілер (99,77%) құрап отыр. Облыс халқының (30% жуығы) өзге ұлт өкілдерінің, соның ішінде жартысынан көбі мұсылмандар болуына байланысты өңірдегі халық ислам дінін дәстүрлі түрде ұстанады деп айтуға болады.

Діни ахуалдың тұрақтылығына тікелей әсер ететін тағы бір негізгі фактор - дін саласындағы ақпараттардың таралуы болмақ. Осы тұрғыда облыс тұрғындары діни ақпаратты ең алдымен телеарналардың діни бағдарламалары арқылы алатындары (30,38%) белгілі болды. 

 Облыс тұрғындарының (25%) діни ақпарат алу үшін және дінге қатысты даулы мәселелерде мешіт имамдары (52,62%) мен дінтанушы мамандардың (26,23%) көмегіне жүгінетіндері зерттеу барысында анықталды. Бұл тұрғындардың дін мамандарының біліктілігіне сенім білдіретіндігін және халықта діни тұрғыда сауаттану процесінің жүріп жатқандығын көрсетеді. Сонымен қатар, облыс тұрғындарының діни қызметкерлердің уағыз-насихат жұмыстарына көңілдері толатындарын (72,43%) білдірген.

Облыс көлеміндегі мешіттерде имам қызметін атқарып жүрген азаматтардың біліктілігі әртүрлі. Олардың 11,94% жоғары білімді, 25,95%  орта арнаулы, қалғандарыҚазақстан мұсалмандары діни басқармасының (ҚМДБ-ның) біліктілігін арттыру курстарынан өткен.

Тұрғындар арасында діни ізденістерін діни мазмұндағы әдебиеттер мен қоғамдық саяси газет-журналдармен толықтырушылар (15,62%) көрсетіп отыр. Облыстың медиа кеңістігінде қазіргі таңда 90 бұқаралық ақпарат құралы тіркеліп, жұмыс жасауда.

Дін саласындағы түсініспеушіліктер мен қайшылықтарды тудыруда өзекті мәселенің тетігі болып отырған ғаламтор желісі мен әлеуметтік желілер арқылы діни мәліметтер алушылар 16,77%  көрсетіп отыр.   

Зерттеу жұмысы барысында облыс тұрғындарының ҚР «діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңынан қаншалықты хабардар екенін білу мақсатында сұрау салғанымызда, респонденттердің 67%білетіндерін көрсеткен.

Шекараға жақын аудандардың (Төлеби, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Жетісай, Шардара) діни ахуалына сараптама жүргізу барысында мыналар анықталды:

  1. Осы аудандардағы тұрғындардың өзге дін өкілдерімен қарым-қатынасы дұрыс;
  2. Өңірлердегі дін мен дәстүр сабақтастығы жоғары деңгейде;
  3. Көршілес Өзбекстан Республикасының діни ахуалы айтарлықтай кері әсері жоқ, шекарада қатаң бақылау жұмыстары жүргізіледі.

Бейресми мәліметтерге сүйенетін болсақ, қазіргі таңда әрбір оныншы қазақстандық діни киімдерді тұтынады екен. Осы тұрғыда біздің өңірімізде де діни киімде жүріп, діни атрибутиканы қолданушылар қатары белгілі бір деңгейді құрап отыр.

Діни киімдерге деген қызығушылық басталған алғашқы жылдарда тұрғындар арасында үрей, алаңдаушылық тудырғанмен, қазіргі таңда қалыпты жағдайға түскен. Алайда, жастардың діни киімдерге жаппай қызығушылығын құптамайтындар Кентау және Арыс қалаларында, Сайрам ауданында тұратын аға буын өкілдері. Сонымен қатар, зерттеуге қатысушы респонденттер білім беру мекемелерінде діни атрибутаканы (хиджаб, христиандық діни айшықтарды және т.б.) қолдануды қолдамайтындарын (63,3%)  көрсеткен.

Қазіргі таңда облыс көлеміндегі барлық білім беру мекемелерінде Конституция негізінде жасалған ҚР «Білім туралы заңында» белгіленген білім берудегі зайырлылық қағидаттарын басшылыққа, ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығын негізге ала отырып мектеп қабырғасында хиджаб киюді тоқтатып, бұл мәселеде бір ізділік жолға қойылды. Мұның бәрі әрине, ата-аналармен дұрыс түсіндірме жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде деп айтуға болады. 

Жалпы облыс тұрғындары арасында жүргізген зерттеу жұмыстары барысында діни ахуал зерделенді. Түркістан облысындағы діни ахуалды тұрақты деп айта аламыз.

Бүгінгі жаңарған діни сананы елдің басын біріктіріп, мәдениетінің, дәстүрінің тірегіне айналдыру, дін мен мемлекет, дін мен тәрбие үйлесіміне қол жеткізе білу – ел дамуының ізгілі мол шапағатты жолы.

 

               

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

 «Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу» бөлімі

маманы Қарабек Нұргүл Файзуллақызы

0 пікір