Неохаражилер кімдер?
Неохаражилер кімдер?
25.11.2020
874
0

«Харижи» – «ел-жұрттан, діннен, ақиқаттан алыстаған немесе заңды халифаға қарсы шыққан және басқару жүйесіне бағынбай негізгі жұрттан бөлінгендерге» берілген атау. Тіпті бұлар жайлы кейбір хадистерде «Марика» яғни, жебенің садақтан шыққанындай діннен (тез) шыққандар делінген. Бұл ағым өкілдері өздеріне «Алла мен пайғамбардың разылығы үшін жанын пида еткендер» (Бақара сүресі, 207) деген мағынада «шари», «шурат» (жанын пида еткендер) деген сипатты қолдануды дұрыс көрген. Бұған қоса, олар «харижи» атауын барынша маңызын жоғарылатып өзгелердей емес, «Кәпірлердің арасынан кетіп, Аллаға және пайғамбарына хижрет жасағандар» (Ниса сүресі, 100) деген мағынада да қолданған. 

Харижиттер исламға сенгенімен ой-өрісі мен ойлау қабілеті таяз адамдар еді. Олардың түсінігінде білім мен танымнан гөрі үнемі іс-әрекет жоғары тұратын.   Харижилік – исламның алғашқы ғасырында саяси мақсатта пайда болған, діни-саяси тақырыптарда әсіре көзқарас, іс-әрекеттерімен танылған топ. Бастапқыда хазірет  Әлимен бірге жүрген бұл топ Сыффын шайқасы кезінде Құранның төрелігіне жүгінуді талап еткендерді қолдаған. Бірақ шайқастан кейін берілген үкімге қарсы шығып, төрешілер мен оны құптағандарды  күпірлікпен айыптаған.   Әуелгіде толықтай саяси мақсатта пайда болған бұл топ көп өтпей өздерінің әрекеттерін дұрыс деп көрсету әрі өздерін қолдайтындарды жинау үшін «Үкімді тек Алла шығарады» деген Құран аятын ұрандатып өз мүдделеріне пайдаланған («Әнғам» сүресі, 57-аят).   Харижиттер әр кезеңде маргиналды (шекті, тыс) ағым болудан аспай, шамамен әр ғасырда түрлі атау, түрлі әрекеттермен төбе көрсетіп отырған. Бүгінгі күні де басқа атаумен әрекет жасайтын маргинал топтар көптеген мұсылман елдерде өз қызметтерін жалғастыруда. Харижиліктің пайда болуына әлеуметтік, экономикалық, саяси, діни бірнеше факторлар әсер еткен. Анығында ешбір діни-саяси қозғалыс бір ғана себептің нәтижесінде тумайды және бірден пайда болмайды. Әлеуметтік мазмұндағы ағымдар тізбектелген оқиғалардан кейін, көптеген себептердің әсерімен, ұзақ мерзім ішінде пайда болады.     

Харижиліктің пайда болуында да әлеуметтік өзгерістер, әсіресе урбанизация үдерісінің ықпал еткені байқалады. Харижилер – бастапқыда бәдәуи яғни, дала халқы болған. Ислам дінін қабылдағаннан кейін біртіндеп отырықшылдыққа көше бастаған тайпалар арасынан шыққан. Олардың едәуір бөлігі бұл үлкен әлеуметтік өзгерісті көтере алмады. Өйткені шөлдегі тайпа өмірі мен тайпа мүддесі бірінші кезекте тұрғандықтан, тайпаны негізге алатын түсінік шешуші рөл атқарды. Сондықтан тайпа мүшелері қандай жағдай болмасын бір-біріне сенуі, көмектесуі керек және өз тайпаларын басқалардан қорғауы тиіс. Осы себепті олар өздеріне жақтаспағандарды дұшпан санап, түс – ақ пен қарадан ғана тұрады деп біліп, дос-дұшпан түсінігін соған қарай анықтаған. Осы түсінік уақыт өте келе тек өздерін ғана «ақиқатқа жеткен топ» деп білуге, өздерімен бірге болмаған өзге мұсылмандарды дұшпан (кәпір) санауға, мүмкіндік туған сәтте оларды жазалау керек деген түсінікке негіз қалағаны байқалады. Нәтижеде Османның (р.а.) шейіт етілуімен бастау алған саяси оқиғалар, әсіресе Әмауи-Хашими әулеттері арасындағы текетірестер, қоғамдық шұғыл өзгерістер, отырықшылықтан (урбанизация) туындаған түйткілді мәселелер, азат ету жорықтарымен (фатх) ислам шекарасының кеңеюі, жаңа елдердің ислам дінін қабылдауы секілді бірнеше факторлар «Харижиттер» деген атауға ие осындай топтың пайда болуына ықпал етті.[1]

Қазіргі таңдағы неохаражилер келетін болсақ бүгінде әлемнің берекесін кетіріп, Ислам дініне күйе жағып, дәстүрлі діннің атына нұқсан келтірген қаншама жалған халифат идеясындағы террористік ұйымдардың идеологиясы тоқтар емес. Жалған халифатты көздеуші аталған ұйымдар елімізде соттың шешімімен тыйым салынғаны белгілі. Дегенмен белгілі бір діннің атын жамылған экстремистік ұйымды мемлекет заңды түрде шектегенімен, олардың идеясы тыйылмайтынын бүгінгі әлемдік жағдайдан көруге болады. Мұхаммед пайғамбардың сахаба-серігі, әділетті төрт халифаның бірі Әзіреті Әли VІІ ғасырда харажиттерді өз заманында тек қылыштың күшімен басып жаныштаған болатын. Одан бергі тарихта да харажиттердің біршама бас көтерулерін байқаймыз. Кейіннен мұндай ағымдар Осман империясының дәуірінде де күшпен басылып, шариғат заңымен жазаланып келді. Осман халифаты құлап, біршама уақыт өткеннен кейін мұсылмандар жеке-жеке топқа бөлініп, халифат құрамыз деген ниетпен əртүрлі идеологиялар мен ұйымдар құра бастады. Мысырда «Мұсылман Бауырлар» тобы, Үндістанда «Таблиғи жамағат» пен «Жамаъатисламия», Египетте «Ат такфир уаль хиджра», Орталық Азия мен Таяу Шығыста «Хизб ут-тахрир» ұйымдары пайда болды. Олардың негізгі ұстанымдары «Халифатты қайта жаңғыртамыз» деген қате ұранмен жалғасын тапты. Мұндай ұрандары шариғат заңдарына қайшы келіп, көпшіліктің қолдауына ие бола алмай, мұсылмандардың жік-жікке бөлініп, бір-бірін күпірлікпен айыптауына алып келді. Уақыт өте келе саяси бағыттағы мұндай идеологиялар бүкіл әлемге тарады.

Харажит ағымдарының ортақ сенімдері, халифа тек қана сайлау арқылы таққа келеді. Сайлауға мұсылмандардың барлығы толық қатысуы тиіс. Халифа әділетті болып, шариғатты дұрыс ұстанса бағынамыз, қайшы жағдайда ондай халифа қызметінен алынады немесе өлтіріледі.

Халифаның араб ұлтынан ғана болуы шарт емес. Халифалыққа лайық кез-келген мұсылман сайлана алады.

Үлкен күна жасаған мұсылманды кәпір деп, күнәні үлкен-кіші деп бөлмей, күнә істеген адамды өлтіру халал деп санайды. Өздеріне қосылмаған мұсылманды кәпір деп қабыл еткендіктен, ондайларды өлтіру-уәжіп, мал-мүлкін олжа ретінде алу, бала-шағасын құл ретінде ұстау – халал.    

Қорыта айтқанда харажилер ислам тарихындағы адасқан ең алғашқы ағым болып саналады. Олар өздерінен басқа мұсылманды кәпір санап, үлкен күнә жасағанды кәпір, мүшрик деп айыптап, ондайларды өлтіруді, әйел, бала-шағасын  құлдыққа алуды  халал санап, шариғаттың шегінен шыққан. Дегенмен оларды кәпір дей алмаймыз.

 

Дінтанушы                                                                      Б.Абдрахман



[1] https://akikat.kz/

0 пікір