Неке-бақыттың бастауы
Неке-бақыттың бастауы
22.10.2020
970
0

         Неке сөзі - никах деген арабтың сөзінен шыққан. Тілдік мағынасы бірігу, қосылу, сөз байласу - деген түрлі мағына береді. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы: - ер мен әйелдің төсек жақындығын адал ететін, әрі ортақ өмір кешіп, ортақ ұрпақ жалғастыруларын қамтамасыз ететін келісім - шарт дегенді білдіреді.

     Отау құрып, шаңырақ көтеруде, кім болсын, бақытты отбасын құруды армандайды. Ер азамат үйленерде, ал, қыз баласы тұрмыс құрғанда шаттыққа толы қызық сезім мен болашақтағы қуанышты күндерді аңсап, арманның жетегімен отбасын құрады. Алайда, үйленіп үй болған соң, сол әрбір шаңырақ бақытты болып жүр ме ?!  Баяғы тәтті қиялдар мен асқақ армандар орындалды ма?

       Қоғамда некесін қидырып, аз уақыт өткен соң бірге бола алмай, ажырасып кеткен отбасылар қаншама? Отбасын құрып, неке қиярда армандаған арманы мен болашақтағы жоспары қайда кеткені? Көпшілік жастар болашақ отбасын құрмастан бұрын оның жақсы, жаманын санаға түйіп алғаны жөн. Ерте заманда ата-бабаларымызда ажырасу аз болған. «Анасын қарап, қызын ал. Қыз жат жұрттық. Қыз өз үйінде өскенмен өзге үйдің түтінін түтетуші »-деп тәлім-тәрбие беріп, осы мағынасы терең сөздерді ұл-қызына айтып отырған. Ал тұрмыс құрғанда «Барған жеріңе тастай батып, судай сің», - деген өсиет сөздер айтқан. Ал, қазіргі қоғамның ұл - қызының тәлім-тәрбиесі мен берер өсиеті мүлдем басқа.

     Қазіргі қоғамда көп отбасылардың шаңырағы ортасына түсуінің себебі: жастардың кеш үйленуі, өмірлік жар таңдау ісінің аса қиындауы, карьера, мансап мәселесі отбасын құрудан жоғары тұрғаны, еркектің еркек ретіндегі, әйелдің әйел ретіндегі қасиеттердің жойылуы, рухани дағдарыстың бір көрінісі десек болады. Бір-бірін түсінбеуі, өзіне лайықты теңін таппауы, қыз бен жігіт болып жүргенде қыз да, жігіт те, бір-бірінен бойындағы кемшілігін жасырып қалуы. Өмірлік тәжірбиесі аз жастар, қыздың немесе ұлдың ойлағаны тек «әлеуметтік жағдайы мен сүйгені,  махаббаты болса жеткілікті» - деген ойда ғана болғаны. Оның тегі, руы, тұрғылықты жері, ата-анасы, отбасы, әлеуметтік теңдігі, қарым-қатынасы маңызды емес. Осының барлыған елемеу болашақ құрған жас отауға тигізер әсері де аз емес.

    Жоғарыда атап өткен мәселелердің негізгі себебі - біздің Ислам дінімізбен, салт-дәстүрімізден соншалықты алыстап кетуіміз, Ал, дінімізде қасиетті Құран кәрімнің «Рум» сүресінің 21- аятында: «Оларға бойларың үйреніп  тұрақтануларын үшін сендерге өздеріңнен жұбайлар жаратып,  араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салуы да Оның белгілерінің бірі», - деп баяндайды. Бұл аятта әйел заты ер адамның көңіліне жақын екені білдірілген.  Ислам бойынша үйленудің мұсылман қоғамы үшін пайдасы мол. Солардың біразы төмендегідей:

1. Адамзат ұрпағын сақтау. Үйлену арқылы адамзат тегі көбейіп, тегі жойылмай, ұрпақ соңынан ұрпақ ауысып, көбейе береді.

2. Текті сақтау. Үйленудің арқасында ұрпақтар ауысып, олар өз тектерін біледі. Егер де үйленеу болмағанда адамдар әкесі кім, тегі кім екенін біле алмай, шежіресін өткен тарихын білмес еді. Бұл тұрғыдан алғанда үйлену азғындыққа, зинақорлық пен жезөкшелікке айқын тосқауыл болады.

3.Қоғамда әдепті сақтау. Үйлену қоғам мүшелерін әдептілік, адамгершілік ұстанымдар мен қағидасынан шығып кетпеуінен сақтайды. Яғни, адал жолмен некелесіп, отбасы болу арқылы, Алла тағаланың қалауын іске асырып, мұсылманшылық әдепті қалыптастырады.

4. Аурудың алдын алу. Үйлену некесіз, харам қарым-қатынас пен зинақорлық салдарынан тарайтын СПИД сияқты адамзаттың болашағына қатер төндіретін ауру түрлерінің алдын алады.

5. Жұбайлар арасындағы ынтымақ. Үйлену арқылы үлгілі отбасын құрады. Әйел өз табиғатына сәйкес үй шаруасы, бала тәрбиесін қолына алса, ер кісі жаратылысына сай отбасының ауыртпалығын өз мойнымен көтереді. Өмірде қандайда бір жағдай болсын бір-біріне тіреу болып, өмір сүреді.

6. Ата-аналық сезімнің қалыптасуы. Балалы болу арқылы, әкелік, аналық сезім оянып, балаға тәрбие беріп, баланың болашағын ойлап, өмірге деген жаңа көзқарасы пайда болады.

     Қазақ халқының некелесу дәстүрінде, ерлі-зайыптыларға қойылатын талаптар болған. Себебі қыз бен жігіт, келешекте  берекелі отбасы құрғысы келсе, өздерін жақсы жағынан көрсете білулері керек. Қыз балаға әдепті болып өсуі үшін қырық үйден тиым жасаса, ұл баланың да  азамат болып қалыптасуына отыз үйден тиым салынатын болған.

Болашақ келінге қойылатын басты талаптар: оның кең мінезді, үлкен -кішіні сыйлауы, дінді қастерлеуі, ерін сыйлауы, ұятты, ұқыпты, шебер, пысық болуы басты көрсеткіштер болған. Келіннің сөзінен де, өзінен де, барлық іс бітіп тұру үлкен талап болып табылады. Келіннің салақ болуын ешқандай отбасы каламайды. Сол үшін шешесі қызын, ерте жұмыс жасатқызып, мал саудырып, ас дайындатып тәрбиелейді. Шешелері қыздарына  «басқа елге барғанда түк көрмеген тексіз сияқты болма» деген нақыл сөздер айтады.

     Болашақ күйеу жігітке қойылатын талаптар: оның өжет, алғыр, батыл, ержүрек, қайсар, төзімді, сергек, зерек, ақылды болуы, қолынан іс келетіндігі талап етіледі. Қысқартып айтқанда жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болуы тиіс. Ердің тәрбиесі әкесінің құзырында болады. Сол үшін ұлына ең әуелі, өзі істей алатын әкесінен, туыстарынан үйренген істерді үйрете бастайды. Бұрыңғы кезде жігіт адам төрт түлік малдың, қыр-сырына қанық, олардың бағын күте білетін, аңшылық, егіншілікті де меңгеру керек болатын.  Кем дегенде малды сою, етін бұзу, мал жабдықтарын істеуге үйреткен. Бастысы күйеу болып қайын жұртына барғанда ет кесе алмаса, мал соя алмаса үлкен сөгіс алады. «Әкесі ештеңе үйретпеген, қолынан түк келмейді»,-деп ауыр сөздер айтатын. Бұл жігітің әулетіне таңба болуы мүмкін. Қыз бен жігітке қояр талаптар, тіршілік тұрмыс талабына сай, әр түрлі келеді. Бұл бұрыңғы талаптар, жаңа заманға сай, өзгеруі даусыз.

    Исламдағы неке құқықтарының ережелері төңірегінде жүзеге асады. Қазіргі қоғамда, пайда болған, діни ағым ұстанушылары, шариғаттың белгілеген некелесу мен некені бұзу кезіндегі талаптарды білмей, шектен шығуда. Жап-жас қызды қорқытып - үркітіп некеге тарту, аз уақыт өз нәпсісін қанағаттандырған соң керексіз зат секілді «талақсың» деген сөз арқылы өз жөнімен кете береді. Сонда әйел затының сұрауы жоқ па, неке мен талақ ойыншық па, пәпсі құмарлығы үшін отбасы деген асыл ұғымды аяқ асты еткен ме? Сонда бұл діни ағымның  ұстанып жүргені қандай дін?! Некелесу арқылы отбасының жауапкершілігі мен болашағын сезінбеген білімзіздіктің бір белгісі ғана.

     Қорыта келе, адал неке бақыттың бастауы, өмірдің мәні, болашақ ұрпақ үшін өнеге. «Адам көркі шүберек» дегендей, ерлі-зайыптыларда бір-бірі үшін киім секілді. Ыстық-суықтан қорғап, жақсы мен жаманды жасырып бір-біріне пана, қорған болуы тиіс. Отбасын құру үлкен сынақ пен сабырлықты талап етеді. Отбасы шағын мемлекет. Егерде шағын мемлекеттер бақытты болса, үлкен мемлекеттер де бақытты болмақ.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Сайрам ауданындағы теолог маманы

Битанов Жангелді   Нұрғалиұлы  

0 пікір