Мылтықсыз майдан
Мылтықсыз майдан
21.01.2021
697
0

Қазіргі таңда біз «адамзат бойынан адами қасиеттер жойылып барады» дегенді көп естиміз. Өкінішке орай мұндай ой-пікірлер шындыққа айналып отыр. Өйткені адами құндылықтарға негізделген қоғам құруға ешкім ұмтылып жатқан жоқ. Бүтін бір ұлттарға өзінің тарихынан, жадынан, дәстүр салтынан, тілі мен дінінен айырылып қалу қаупі туындап отыр. Бұған бүгінгі таңдағы жаһанданудың да өзіндік үлесі бар деп айта аламыз. Бұл процесті қазіргі әлеуметтанушылар «мылтықсыз майдан» деп атап жүр.

Қазіргі таңда әлем елдері шегелеп алған шекарасынан гөрі, халқының салт-санасының өзгеруінен секем алып отыр. Өйткені санасы өзгерген ұрпақ өзінің туып өскен елін сүймейді, ана-анасын құрмет тұтып, ата баба мұрасына, тарихына қызығушылық танытпайды, өткенінен ұялып өз ұлтын жек көретін жағдайға жетеді. Басқа бір елдің қаңсығы болған дүниені таңсық көріп, өз ұлтының құндылықтарын қажетсіз көретін болады.

Қандай бір халық заманға сай өсіп-өркендеп, әлем қауымдастығы алдында өзінің ұлттық бет-бейнесін сақтап қалу үшін сан ғасырдан бері үзілмей келе жатқан байырғы құндылықтары: салты мен дәстүрі, тілі мен діні, ешкімге ұқсамайтын тұрмыстық және рухани қарым-қатынас ерекшеліктері үлкен рөл атқарады. Міне осындай рухани-мәдени құндылықтарын сақтай алмаған ұлттың болашағы бұлыңғыр.

Қазіргі таңда әлем халықтары арасында ғылым-білім, ақыл-ой, билік-бедел, саяси-территориялық ықпал үшін жарыс жүріп жатыр. Абай айтқандай, малға емес, миға талас басталды. Бұл «соғыста» кім мықты сол жеңеді де, оның өмір сүру салты басқаларға үлгі ретінде ұсынылып, жеңілген жақтың құндылығы мансұқталады. Бұл дегеніміз қарау-жарақ қолданбай-ақ бір ұлтты немесе бір мемлекетті жоқ ету деген сөз.

Еуропа жұрты жаңа дәуірде тек діни канондармен шектелмей, ілім-білімнің, ғылымның соңына түсіп, техника мен технологияны игеруі аталған жарыста жеңіске жетудің бірден бір жолы екенін түсінген еді. Енді осы басымдығын алдағы уақытта күшейте беру үшін алға қойған мақсаттары тым биік.

Ал енді біздің мақсатымыз батыстың дамыған елдерін экономикалық, технологиялық жағынан қуып жету болып табылады. Елбасының осы бағыттағы қабылдаған шаралары бізді дамудың жаңа сатысына шығарды.

Қазақстан Республикасы көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Онда мемлекет құраушы қазақ халқымен қатар, түрлі тарихи кезеңдерде елімізге келген орыс, украин, неміс, кәріс сияқты ұлттарыдың өкілдері Қазақстан азаматы ретінде өмір сүріп жатыр. Мемлекет қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келген исламның ханафи мазхабы мен христиандықтың православия бағытының тарихи орнын мойындай отырып, аталған бағыттардың өзінің лайықты орнын көрсетіп берді. Алайда бұдан басқа да діни конфессиялардың емін-еркін жұмыс жасауына мүмкіндік беріп, нағыз зайырлы мемлекеттің үлгісін көрсетіп отыр.

Бірақ та біздің елімізде осы бейбіт өмірдің қадіріне жетпей, өзінің қазақ болып дүниеге келгеніне өкінетін, тарихын біліп жеті атасын жаттап өсудің орнына өзге тілде сөйлеп, түрікше киініп, арабша дін үйреніп, жаннатта арабша сөйлегісі келетін, қит етсе Қазақстаннан кеткісі келетін кейбір жастарымыз да баршылық. Ия, Қазақстанда өмір бал емес, көптеген мәселелер бар. Жұмысссыздық, жемқорлық, әділетсіздік, жас мамандарға лайықты жұмыс орны, кәсіпкерлік саласы және көптеген салаларда проблемалар бар. Бірақ осы мәселелерді шешу тек бізге ғана керек екенін, оны бізге сырттан келіп ешкім шешіп бермейтінін, жалпы бұл мемлекеттің бізден басқа ешкімге керек емес екенін түсіну қажет.  

Қазіргі таңда ешбір мемлекет қолына қару алып жаулауға шықпайды. Оның ең басты қаруы ұлтты ұлтсыздандыру екенін әлем елдері әлдеқашан түсінген. Қазір түрлі әлеуметтік желілерде тренд деген атаумен көптеген дүниелер таралуда. Қазақ жастарының осы трендке ілесуге деген құштарлығы қайран қалдырып отырып отыр.

Қазіргі қазақ қоғамы көп ұлтты. Бұл ерекшелікті ескермесе болмайды. Осы орайда елімізде өмір сүріп жатқан ұлттардың біртекті, тең дәрежеде дамуына толықтай мүмкіндік туғызбайынша, мемлекеттік аураның тұтастығын сақтай алмаймыз. Өйткені өзінің байырғы құндылығынан ажырап қалған ұлттың басқаға жаны ашымайды. Осыдан барып ұлтаралық келісім бұзылады. Яғни, елімізде өмір сүріп жатқан барлық этностың кемелденуі арқылы мемлекеттік тұтастық сақталады.

Жалпы әлеуметтік желі өміріміздің бір бөлшегіне айналып үлгерді. Мұнда күніне бірнеше сағат бостан бос уақыт өткізетін қарапайым жасөспірімнен бастап, өзінің табыс көзіне айналдырған кәсіп иелеріне дейін кездестіруге болады. Қылыштың екі жүзі бар дегені сияқты интернеттің жақсы да жаман жақтары да кездеседі. Жақсы дүниелер баршылық, алайда интернеттің қауіпті жағы одан да көп болып отыр.

Әлемдегі түрлі террористік немесе экстремистік ұйымдар интернетті, әлеуметтік желіні өте тиімді пайдаланып, өз қатарына тарту үшін әр түрлі айла шарғыларға барып отыр. Мысал ретінде ИГИЛ (ДАИШ) ұйымына шеттен келіп қосылушылар саны 80% құрап отыр.  

Білім алу қашықтықтан жүзеге асып жатқан қазіргі шектеулер уақытында интернетке деген тәуелділігіміз одан сайын арта түсті. Мұның бәрі үзіліссіз жүріп жатқан «мылтықсыз майданға» еріксіз сүйреп барады.

Осындай шекара жоқ әлемде өзіндік орнымызды сақтап қалу үшін бар күш жігерімізді салуымыз қажет. Адами бірліктің туы – имандылық, адамгершілік, мінездегі көркемдік пен өмірдегі сабырлық мәселесі аса сауатты түрде қоғамға толық кірігуіне ұмтылған абзал. Иманы бар адам ұлтын, мемлекетін, халқын сыйлайды. Оның бейбіт ғұмыр кешуіне мүдделі болады.

 

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру

бөлімінің маманы                                                                       Бердуәлі Өтеген

0 пікір