Мұта неке
Мұта неке
16.03.2020
1520
0

Ислам дінінде отбасы құрудың алғашқы шарты неке қидыру болып есептеледі. «Неке сөзі» (арабша) үйлену, келісу, бірігіп өмір сүру деген мағыналарды білдіреді. Үйленуге қатысты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көптеген хадистері бар, сол хадистердің бірінде: «Үйленіңдер, көбейіңдер мен сендердің көпшіліктеріңмен қиямет күні басқа үмметтерге мақтанамын», - деп үйленуге қызықтырған [1]. Дегенменде қазіргі уақытта үйленумен қоса талақ беріп ажырасып жатқан жастар да жетіп артылады. Кейбір жастардың неке мәселесін жетік білмеуінде, әрі бұл мәселеге аса бір мән бермеуінде болып отыр. Некесін қидыратын кезде екі тараптың да ниеті өмірлік бірге болуы керек. Ал мұта (қызықтау) неке немесе уақытша неке қидыру сахих (дұрыс) емес, яғни жарамсыз болып есептеледі.

Ал қазіргі уақытта дүние жүзінде мұта (қызықтау) неке немесе уақытша неке деген нәрсе өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Мұта (қызықтау) неке дегеніміз еркек белгілі бір ақшаға менімен некеңді қиасың ба деп сөз салса қыз келісіп неке қидырса, бірақ еркек уақытша ләзат алу мақсатында болса мұта неке болып есептеледі. Бұл мұта некеде куәгерлерсіз-ақ некесін қидырып бірге тұра береді, уақытша некеге ұқсайды бірақ екі некеде кішігірім айырмашылық бар. Мұта некесі ислам дінінен алдыңғы арабтарға тән неке түрі  [2, 248-б.]. Олар сапарға немесе соғысқа шығатын кезде осылай некелесіп шыға беретін еді. Ислам діні келген соң мұта некесіне байланысты Алланың елшісі (с.а.с.) «Хайбар соғысында мұта некесі мен есек етіне тыйым салды» [3]. Осылайша мұта некесі және осыған ұқсас некелер төрт мәзһаб бойынша түгелдей харам және жалған неке болып есептеледі.

Некесін қидырған соң кейбір жағдайларға байланысты талақ (ажырасу) беріп, екі жақ ажырасқан жағдайда қыз баланың идданы күтуі керек болады. Талақ деп ерлі-зайыптылардың арасындағы некенің бұзылуын, яғни ажырасуын айтамыз. Алла Тағала адал еткен істерінің ішіндегі ең жағымсызы. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алла Тағала адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу» - деп жөн-жосықсыз ажырасудың дұрыс емес екенін айтқан.

Талақтың түріне тоқталатын болсақ рижиғ (қайту) талағы. Ер кісі әйелін бір мәрте талақ ететін болса, «ғиддат» күту мерзімі аяқталғанға дейін жаңа неке қимай және жаңа «мәһір» бермей-ақ райынан қайтып, әйеліне қайта қосылуына болады. Бұған дәлел Хадисте де бірде Пайғамбарымыз жары Хафсаны талақ етеді. Сол кезде Жәбірейіл келіп оған: «Хафсаға қайта орал, өйткені ол көп ауыз бекіткен, көп намаз оқитын әйел», – дейді [4].

Талақтың келесі бір түрі «байын» (айқын,) талақ. Талақ кезінде ғиддат мезгілі аяқталған және жаңа бір неке қимайынша ерлі-зайыптылық өмірді жалғастыруға мүмкіндігі жоқ талақты «байын» (айқын) талақ деп атайды. «Байын» талақтың өзіде ішінен екіге бөлінеді. Осылайша талақ мәселесіде бір ауыз сөз айтып талақсың деп ажырасып кету дұрыс еместігін көрсетеді. Талақ берілгеннің өзінде әйел кісінің иддат мерзімін күтуі шарт. Егер де талақ беріліп иддат мерзімін күтпей қайтып күйеуге шығуы сахих (дұрыс) болып есептелінбейді.

Күйеуі талақ айтып ажырасқан уақытта әйелдің идда мерзімін күтуі керек. Идда дегеніміз – мұсылмандық құқықта неке шарты жойылған немесе бұзылған әйелдің келесі некеге дейін күтетін мерзімі. Дін бойынша күйеуінен ажырасқан әйел үш ай он күн болса, күйеуі қайтыс болған әйелдің иддасы төрт ай он күн болып есептеледі. Осы аталған екі жағдай да әйелдің жүкті екені мәлім болса, онда баланы босанғанша күтеді, яғни иддада отырады. Бұған қатысты Құранда, «Белгіленген уақыт бітпейінше (иддат мерзімі бітпейінше), неке қиюды ойламаңдар (немесе ниеттенбеңдер)...» – деп Бақара сүресінің, 235 аятында келеді. Бұл жерде иддат мерзімі бітпейінше қайта неке құруға болмайтынын келтіріп тұр.

Неке қию  кәмілет жасына жеткен ер азамат пен қыз баланың ғұмырлық, яғни белгілі бір мерзім көрсетілмей некеге тұрып, ерлі-зайыпты болып өмірлерін бірлестіріп бірге тұру. Халық арасында ертеден келе жатқан некелесудің өзіндік шарттары бар. Неке қиюшы мен некелесушілер арасында келіссөз жүргізушілер есебінде «куәгерлер» жүреді. Неке қияр кезде екі арада жүретін екі куәнің күйеу мен қыздың ырзалығын сұраған уақытта айтатын сөздеріне «неке қияр сөз» немесе «куәлік сөз» деп айтады. Қалындық құрбыларымен шымылдық артында отырады, ал күйеу жігіт екі куә өкілдерімен бірге киіз үйдің ортасында отырады. Неке қиюшы күйеу жігіттен қалыңдықтың және оның әке-шешесінің атын айтып «өзіңе жұп қылып алуға келісесіз бе» - деп сұрайды. Күйеу жігіт «қабыл алдым, қабыл тұттым» - деп жауап береді. Осы сұрақты қалыңдыққа да қойып, осындай жауап алады. Куәгерлерден де куә болдыңыздар ма деген сұрақ қойып куәгерлердің де жауабын алады осылайша қыз бен жігіттің ақ некесі қиылады [5, 27-б.]. Неке қиылып болған соң ақсақал бата жасап, дұға қылады, дұғадан кейін неке суын екі жас жұбайға ішкізеді. Қазақтың ақ некесін дәстүр бойынша қиып, екі жасқа бақыт тілейді.

Қорыта айтқанда қазіргі таңда қыз баланың неке шарттарын білмеуін пайдаланып, кейбір бауырларымыз қаракөз қыздарымыздың өмірін ойран қылуда. Сондай-ақ, мұта неке дүниеге келген жас сәбидің зардап шегуіне әкеп соғады. Неке қию мәселесіне жеңіл-желпі қарауды көтермейтін маңызды мәселе. Отбасыны құру тек ләзат алу үшін емес адамгершілік, жанашырлық ізгілік-өнегелік негізделсе ғана мығым болатыны анық. Осы нәрсенің алдын алу үшін діннің әрбір үкімін орындап салт-дәстүрмен өткізгенде ғана ақ некесі қиылған болып есептеледі. Сол себепті қыз бен жігіт некеге байланысты дінмен қоса дәстүрге де мән берген жөн. Некелесіп отбасын құрғаннан кейін күйеуі өзінің міндетін, әйелі өз міндетін атқарса дұрыс отбасы қалыптасады. Отбасын құрған жұбайлар өмірдің ыстық-суығына төзе біліп, өскелең ұрпағын тәрбиелей білген жөн. Өйткені адам ұрпағымен мәңгі жасайды.

 

  1. Әбу Дәуіт, 1879 хадис.
  2. Отбасы ғылымхалы, Ата әс-Сынбати, Мұқитдин Исаұлы, Алматы 2011 ж
  3. Муслим, Никах 25-30.
  4. Әбу Дәуіт, Талақ.
  5. Дін және қоғам, Б. Мырзаев, Алматы 2018 ж

 

 «Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу»

 бөлімінің маманы Н.Әмзеев

0 пікір