Жақсы әйел өміріңнің шырағы
Жақсы әйел өміріңнің шырағы
28.08.2020
1674
0

      Өмірдегі Алланың адамға берген нығметінің ең қайырлысы – ізгі жар, яғни жақсы әйелмен отбасын құру. Қасиетті Құранда әйелдерге арналған «Ниса», «Мәриям» деп аталатын арнайы сүрелер бар. Бұдан бөлек, «Талақ», «Тахрим», «Ахзаб», «Нұр», «Мұмтахина» сүрелерінде де әйелдің мәртебесін, оның құқықтары мен міндеттерін ашық баяндаған. Біз бұл сүрелер мен аяттардан Ислам дінінің әйел затына қаншалықты көңіл бөлетінін анық аңғарамыз. Құранның «Рум» сүресінің 21-аятында Алла Тағала: «Әрі сендердің тыныштық тауып, орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім - жанашырлық пайда етуі де - Оның белгілерінен. Ақиқатында ойланып ақылға салатын адамдар үшін мұнда дәлел-ғибраттар бар» - деген.

     Ер адамға тыныштық тауып, орнығыуы үшін әйелді жаратты. Аяттағы «сүйіспеншілік, мейірім» деген сөздерге қатысты  Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Сүйіспеншілік - ер адам мен әйел адам арасындағы махаббат, ал мейірім-бір-біріне деген жанашырлық, зиян тигізбеу»,-деп түсіндірген.

     Ал ізгі әйелдер жайында Ниса сүресінің 34 - аятында: «Ал ізгі әйелдер-Аллаға толық мойынұсынатын және ерлерінің алдындағы міндеттерін қалтықсыз орындайтын, сондай-ақ Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай ерлері қастарында болмаған кезде де ерлерінің құқығын аяқасты етпей лайықты түрде сақтай білетін жандар» , - деп баяндалады.

     Пайғамбарымыздан (с.а.с.) жеткен хадистерден де ізгі әйелдердің сипатын көруге болады. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыздан (с.а.с) бір кісі: «Қандай әйел ең жақсы?», – деп сұрағанда, Ол: «Күйеуі оған қарағанда, оны қуантатын, ол оған бір нәрсе бұйырғанда, мойынсұнатын, өзіне және өзінің мал-мүлкіне қатысты бір нәрсе ұнамай тұрса да күйеуіне қарсы келмейтін әйел»,-деп жауап берді. Және сахабалардың бірі Сағд ибн Әби Уаққастан (р.а.) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (с.а.с): «Бақытқа жетелейтін нәрселердің бірі: қарағаныңда көңіліңді көтеретін, жоқ болғаныңда оған оның өзін және мал-мүлкіңді сеніп тапсыратын - салиқалы әйел. Ал бақытсыздыққа жетелейтін нәрселердің бірі: қарағаныңда көңіліңе қаяу түсіретін, тілімен саған қарсы шығатын және жоқ кезіңде оған оның өзін әрі дүние-мүлкіңді сеніп тапсыра алмайтын әйел»,- деп айтқан.

     Қазақтың ақыны Шал ақын (Тілеуке) Құлекеұлы, пайғамбарымыздың (с.а.с.) риуаят еткен  осы хадистерін өлең шумағымен жырлап кеткендей:

 

«Әйел алсаң, қарап ал ақылдысын,

Сол болар басқадан да жақын кісің.

Ағайынға, туысқа қайырылса,

Дүниеде нағыз сол ғой мақұл кісің.

Еріне аю, баласына қасқыр болса,

Ондай қатын алғанның күні құрсын», - деген.

     Жоғарыда келтірілген Құран аяттары мен хадистерде әйел кісінің бойындағы қасиетін екіге бөліп қарастырғанын байқаймыз. Дана халқымыз «Жақсы әйел күйеуін төрге сүйрейді, жаман әйел күйеуін көрге сүйрейді»- деген  сөзді осы шариғатпен ұштастырса керек.

  Қазақтың биі Төле бидің жұмбағының түйінін шешкен  Данагүл келіні де, елге атағы шығап, елдің данасына айналған әйел болған. Әйгілі Төле бидің келіні Данагүл келін болып түсе салып-ақ ақылдылығымен, тапқырлығымен ел аузына ілігеді.

     Бірде Төле би Мойынқұмдағы елдің дау-дамайын шешіп, ауылына қарай төтесінен жол жүремін деп бір топ қарақшының қолына түсіп қалады. Сонда Төле би: «Әй,сендерге керегі мал ма, жан ба, жан керек десеңдер қинамаңдар, тез өлтіріңдер, мал керек десеңдер, алдарыңа айдатып әкелдірейін, бізді босатыңдар», - дейді. Қарақшылар: «Бізге мал керек», - дейді. Сонда Төле би: «Менде мал көп, бай адаммын. Бірақ сендер сенбейсіңдер. Сондықтан біреуің менің атыма мініңдер, киімімді киіңдер, мен хат жазып берейін»,  - дейді. Хатта: «Кенже ұлыма құда түстім. Соған 40 құнан атан, 20 бура, 8 ақбас атанымды осы барған адамнан айдатып жіберіңдер. Бұған қоса оң босағамда тығулы алтынымды, сол босағамдағы күмісімді қоса беріңдер» - деп жазады.

     Қарақшылар екі жігітті би ауылына жібереді. Ауыл адамдары хатты түсіне алмай дал болады. Сонда Данагүл: «Жоқ, атам 40 қарақшының қолына түскен екен. 40 құнан атан дегені 40 мықты жігіт, 20 бура дегені 20 палуан, 8 ақбас атан дегені 8 ақсақал кісі, ал атаған алтыны мен күмісі баласы және келіні – мына мен ғой. Қой, тез жетіп, би атамды құтқарайық», -дейді. Сөйтіп, Данагүлдің ақылымен хатта көрсетілген малды екі қарақшының өзіне айдатып, олардың соңынан 40 жігіт, 20 палуан, 8 ақсақал, әрі Төле бидің баласы және келіні Данагүл көрінбестен қоса еріп отырады. Осылайша, бұлар Төле би мен оның серігін құтқарып алады. Қарақшылардың өздерін байлап-матап тастайды. Алайда, Төле би ботадай боздап, зар илеген қарақшыларға кешірім жасап, оларды адал еңбек етуге шақырады. Оларды өз ауылына әкеліп түйесін, жылқысын бақтырады, егін еккізеді, сөйтіп, түзу жолға салады. Осы оқиғадан соң Данагүлдің атағы елге жайылады. Қазақтың елге үлгі болар ізгі әйелдері болған.Абайдың әжесі Зере әжеміз, анасы Ұлжан әйелдері бірінен бірі өткен дана әйел кісілер болған.

     Жалпы өмірде ер адамның тұлға болып шығуына, ізгі әйел себепші болғанынын тарихи, әдеби деректерден көреміз. Бала тәрбиесі де оның анасын іздеген күннен басталатынын ұмытпайық. Сондықтан ислам ғұламаларының бірі некелесуде болашақ жарды қалай таңдауды да, айтып кеткен. Ислам ғалымдарының бірі Имам Ғаззали  (р.а.) мына алты түрлі әйелдерге некелесуді (макрух), яғни абзал емес - деген.

  1. Төркініне тартып тұратын. Бір үйге келін болып түссе де, ойлағанының бәрі сол төркіні. Жиған тергенін төркініне тасып, екі күннің бірінде төркініне зулап тұратын. Күйеуінің жағдайынан қарағанда үйінің жағдайын ойлайтын әйел.
  2. Міндетшіл әйел. Жасаған тамағын міндетсінеді. Қараған баласын міндетсінеді. Төркіні жақтан бір жақсылығы өтіп кетсе, соны айтып міндетсінетін әйел.
  3. Ыңылдай беретін әйел. Әр нәрсеге ыңылдап, күйеуінің жиі мазасын алатын әйел.
  4. Көрсе қызар әйел. Әр нәрсеге қызыға береді. Туысқанның байлығына, көршінің мінген қымбат көлігіне, зәулім үйіне қызығап, күйеуінің шамасы келмейтінді талап етіп, үлкен салмақ салатын әйел.
  5. Шамадан тыс сыланып, сипанумен уақытын өткізетін әйел. Үй жиналмай жатады. Ыдыс-аяқ жуылмай қалады. Тек өзіне тамсанып, шамадан тыс сыланып, сипануменен уақытын өткізеді. Ал қазіргі заманда әлеуметтік желінің алдында уақытын өткізіп алатын әйелдерді де осыған жатқызуға да болады. Тамағы уақтылы дайын емес. Себебі инстаграмда отырып қалған. Жасаған тамағын, сыртқа шықса да, бала қараса да, тұрмыс тіршілігінің бәрін суретке түсіп, инстаграмға салып, лайк жинаумен, өзін көрсетіп, тамсанумен уақытын өткізетін әйелдер.
  6. Орынсыз көп сөйлейтін әйел. Күйеуінің алдында түсіп сөйлейді. Не күйеуіне, не үлкенге, не басқаға сөз бермейтін әйелдер. Міне, осындай әйелдермен  некелесудің абзал еместігін айтқан.

 

      Қорыта келе бәрін нәзік жанды әйелге арта салу да оңай. Бірақ жоғарда шариғат белгілеген әйел кісілерді жөнге салып, тәлім тәрбие беріп, салиқалы әйелге айналдыру да ер адамға тікелей байланысты. Әйел кісі жерге жайылып өсетін шырмауық гүл секілді. Ол өзіне тірек тапқан кезде ғана соған өрмелеп, жайқалып гүл ашады. Сол себепті әйеліңізге  тірек сияқты болыңыз. Оның бойынан бір кемшілігін көрсеңіз, оның  бір жақсылыған еске алыңыз.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің 

теолог маманы Битанов Жангелді Нұрғалиұлы 

0 пікір