Ислам дінінің құқықтық бағыттары мен мазхабтары
Ислам дінінің құқықтық бағыттары мен мазхабтары
07.04.2020
1936
0

Жер бетіне түскен соңғы дін – Исламның негізгі екі тірегі бар: біріншісі – Алладан басқа Тәңір жоқ екендігіне иман ету; екіншісі – Ардақты Елші Мұхаммедті (с.а.с.) Алла тарапынан бүкіл адам баласына жіберілген пайғамбар екендігіне сену. Адамзат баласына жіберілген Ислам дінінің ұстанушыға қараңғылықтан жарыққа шығуына, білім мен ғылымға, адамның бойындағы кешірімділік, мейірімділік, жомарттық қасиеттерді, көркем мінезді кемелдендіруге бағытталатыны баршамызға мәлім.

Ислам діні таралып бастаған уақыттарда мұсылмандар арасында діни қайшылықтар болған жоқ. Себебі, хазіреті Пайғамбар (с.а.с.) мүминдер арасында қасиетті Құран Кәрім аяттарын түсіндіріп, өзінің даналығымен түйткіл мәселелердің шешімін айтып, дер кезінде алауыздықтың алдын-ала білген болатын. Пайғамбар (с.а.с.) дүниеден озған соң ислам жер бетінің батысы мен шығысына тарап, түрлі ұлт өкілдері мұсылмандықты қабылдауымен көптеген діни ағымдардың шығуына себеп болды. Десе де, сол заманда Құран аяттарын және хадистерді дұрыс мағынасында түсініп, өз мазхабының негізгі тірегі ете білген «әһлу сунна уал жамаа» ғалымдарының шыққаны белгілі.

Пайғамбар (с.а.с.) заманынан кейін өмір сүрген «салаф» (ізгілер) ғалымдар арқылы  сунниттік бағыттың «әһлу сунна уал жамаа» ұстанымындағы атақты болған 4 мазхабы (араб тілінде «жол, бағыт» деген мағына) қалыптасты. Аталған мазхабтардың әрқайсына жеке тоқталатын болсақ:

1. Ханафи мазхабы. Негізін қалаушы Имам Абу Ханифа Нұғман ибн Сабит, һижра жыл санағы бойынша 80 жылы Куфада өмірге келген. Имам Абу Ханифа  өз заманында шариғат ғылымдарын жетік меңгергендігімен белгілі, табиғин болған мужтаһид ғалым. Имам Ағзамның қолында білім алқалаларынан сусындаған атақты шәкірттері: Мухаммад бин Хасан әш-Шайбани, Абу Юсуф ал-Ансари, Имам Зуфар бин Һузайлдің ұстазы еді. Төрт мазхабтың негізгі тірегі болып саналатын Құран Кәрім мен Пайғамбар (с.а.с.) хадистерін жіті түсініп, сахабалардың ижмағы мен «қияс» мәселелерін қолдану арқылы Ханафи мазхабы ислам тарихында өзіндік орнын ала білді. Бұл жөнінде Имам Шафиғи: «Біздер фиқһ мәселесінде Абу Ханифаның жанында кішкентай бала секілдіміз» - деген сөзінен Ханафи мазхабының өте жоғары мақамға ие екендігін байқауға болады.

2. Шафиғи мазхабы. Негізін қалаушы – Мухаммад бин Идрис әш-Шафиғи. Қазіргі Палестинаның Ғазза қаласында 150 һижри жылы дүниеге келді. Бастапқыда Суфиян ибн Уяйнадан, кейіннен Медине қаласында Имам Малик ибн Анас, Мухаммад Хасан әш-Шайбани сынды атақты ғалымдардан шариғат ілімдерін үйренді. Шафиғи мазхабы көбіне Ирак, Мысыр және кейбір Орта Азия елдерінде таралды.

3. Малики мазхабы. Малики мазхабының негізін қалаушы – Малик ибн Анас, һижри жыл санауы бойынша 93 жылы дүние келді. Бұл мазхаб Мадина қаласында пайда болып, Араб елдеріне, Мысыр және кейбір Солтүстік Африка мемлекеттеріне дейін тараған. Имам Маликтің ең атақты еңбектерінің бірі – «Муатта» атты хадистер жинағы. Имам Малик ибн Анас Мухаммад ибн Муслим ибн Шиһаб әз-Зуһри, Яхи ибн Сағид секілді белді мужтаһидтердің алқалы білім отырыстарына қатысып, фиқһ және хадис, Құран ілімдерін жетік меңгерді. Өзінен кейін Абу әлХасан әл-Құртуби, Абдулла ибн Уаһб сынды ғалымдардың ұстазы бола білді.

4. Ханбали мазхабы. Негізін қалаушы – Ахмад ибн Ханбал, қазіргі таңдағы Ирак мемлекеті Бағдат қаласында һижри бойынша 164 жылы дүние есігін ашқан. Ханбали мазхабы Бағдат, Мысыр, Сирия және Хижаз мемлекеттеріне көптеп тарады. Имам Ахмад өз заманында Имам Шафиғидің шәкірті болып, ол кісіден дін ғылымдарын үйренді. Пайғамбар (с.а.с.) хадистерін меңгеріп, оны ұстануда өте үлкен дәрежеге жеткен болатын. Жоғарыда аталған барлық мазхабтар секілді өзінің негізгі тірегін Құран мен сүннетке сай етіп қалыптастыра білді. Сонымен қатар, сахабалардың «ижмасына» сай амал етті.

Қайсыбір мұсылманның жоғарыда аталған 4 мазхабтың бірін ұстануы адасушылыққа алып бармайды. Мазхаб ұстану адасушылыққа, бөлінушілікке емес, діндегі кеңшілікке алып барады. Десе де, біздің түсінігімізде Ханафи мазхабы ғана дұрыс, басқа мазхабтардың көзқарасы немесе дәлелі бұрыс деген түсінік бөлінушілік пен адасушылыққа бастайды. Мазхабтар арасындағы басты ерекшелік – Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.с.) хадистерін түсінудегі мужтаһид ғалымдардың ерекшелігінде ғана екендігін білуіміз тиіс.

Осы ретте «әһлу сунна уал жамаа» жолындағы мазхабтарға ерудің қаншалықты қажеттілігі бар? Мазхаб ұстанбай-ақ Құран аяттары мен сүннетке сай амал жасауға болады емес пе? – деген сұрақ туындауы мүмкін.

Біріншіден, әрбір мұсылман өз мемлекетіндегі ұсталынатын мазхабқа еру дінде – уәжіп амалдардан болып табылады. Бұл сөзімізді Малики мазхабы бойынша жазылған атақты «Фауакиһ әд-диуани» атты еңбекте: «Қазіргі таңдағы ғалымда бірауыздан әһлу сунна уал жамаадан болған Ханафи, Ханбали, Шафиғи және Малики мазхабтарының біріне еру уәжіп деп үкім шығарды» - деген сөзі қуаттайды.

Екіншіден, өмір сүріп жатқан елдегі мұсылмандардың діни құлшылықтағы іс-әрекеттеріне қайшы амалдар жасау арқылы бөлектеніп, «фитна» алауыздық шығару дінде құпталмаған. Себебі, Құран Кәрімнің «Бақара» сүресі 191-аятта: «Бұзақылық адам өлтіргеннен де қиын» - деп адамдар арасында бүлік шығарудың күнәлі іс екендігін баян етіледі.

Қорыта айтқанда, қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен сонау заманнан біте қайнасып келе жатқан Ханафи мазхабына еру – еліміздегі әрбір иісі мұсылманға уәжіп амал екендігі анық.

 

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің маманы    І.Нағызхан

0 пікір