Ислам дінінде ғылымның орны
Ислам  дінінде ғылымның орны
17.06.2020
1374
0

          Ислам діні тарих беттеріне шыққаннан бастап білімге ерекше мән бергендігін көруге болады. Олай деуге бірден-бір себеп Құран Кәрімнің бірінші түскен аятының өзі «Оқы, Жаратқан Раббыңның атымен оқы!»[1] - деп бұйыру арқылы басталғаны бәрімізге белгілі. Осы аятқа қарап ислам діні білім алуға, ғылым іздеуге қаншалықты мән бергенін байқауға болады.

          Ғылымның мақсаты өзін, қоршаған ортаны тану арқылы жаратқанды табу. Ғалымдар арасында кең тараған «Мән арафа нәфсәһу фақад арафа раббаху», яғни «Өзін таныған адам Раббысын да танығаны» деген сөз де осыны көрсетеді. Яғни ақиқатқа жету жолында ғылым маңызды құрал болып саналады. Ал осы ғылым жолында оқу-сызудың маңызы ерекше. Құран Кәрімнің Пайғамбарымызға (с.а.с.) бұйыру арқылы күллі адамзатқа қарата айтылған ең алғашқы аяттарының оқуға қатысты болуы ой саларлық. Қиямет қайымға дейін келетін адамзатқа жетекшілік жасап, жол сілтейтін кітаптың осы сөзді таңдауы мұсылмандарға ғылым-білімнің маңызын ұқтыру жолындағы ең алғашқы қадам болып табылады.[2]

Мұсылман әлемінде ғылым – ерекше құрметке ие құндылық. Ертедегі ислам мемлекеттерінде патшалар танымал дін қайраткерлерін қамқорлығына алды, қабілетті ғалымдардың жұмыс істеуіне мүмкіндіктер жасап берді. Ерте кезден-ақ ислам әлемінің барлық қалаларындағы мешіттер мен медреселерде біртіндеп кітапханалар салына бастады. Бұл іс ислам әлемінің білім алуға қаншалықты деңгейде көңіл аударғанын аңғартса керек. Мұсылман елдерінің саяси-қоғамдық өмірінде философтар мен ойшылдар маңызды рөл ойнағанын тарихтан білеміз. Мұсылман ойшылдары қоғамдық пікірге ықпал етті және көптеген мемлекеттік маңызы бар шешімдердің қабылдануына түрткі болды. Әбул Әсуад әд-Дуали былай деген еді: «Патшалар адамдарды басқарады, ал патшаларды ғалымдар басқарады». Бұл сөз билеушілердің білім иелеріне жүгінгенін аңғартады. Ғұламалар тұщымды ойлары мен нәрлі сөздері арқылы қарапайым халыққа да ақылшы болып отырды. Ислам әлемінде орта ғасырларда болған ғылым жетістіктері қоғамның білім деңгейіне де әсер етті. Ойшыл-философ әл-Кинди, математик әл-Хорезми, дәрігер, ақын Ибн Сина, математик, астроном әл-Баттани, екінші ұстаз әл-Фараби т.б. даналар мұсылман әлемінен өсіп өнген.[3]

Ислам дінінің өмірге келуімен ғылым мен философияның әлемге танылғандығын бүкіл әлем ғалымдары мойындап қана қоймай, дәлелдеп те бергеніне тарих куә. Осындай үлкен топтың арасынан ерекше орын алатын ғалымдардың бірі – Қазақстандағы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар қаласында дүниеге келген Әбу Насыр Мұхаммед Ибн Мұхаммед Тархан әл-Фараби. Ол көптеген ғылымдарға үлес қосып, 128-дей еңбек жазды. Әл-Фараби ғұмыр кешкен заман Шығыс елінің оянуға бет алған өзгерістер мен өрлеу дәуірі болатын. Бұл кез арабтың әдеби тілі биік дәрежеге ие болып, мұсылман елдеріне кең қанат жая дамыған кезі еді. Көптеген халықтардан шыққан ұлы ғұламалар, данышпан ақын-жазушылар өз еңбектерін араб тілінде жазып қалдырды. Сөйтіп араб мәдениетін өркендетуге мұсылман дініндегі халықтар түгел қатысып, ұлы мәдениет жасады. Ғылым, өнер, математика, философия, медицина, астрономия, физика, химия өркендеді. Араб тілінде дамыған мәдениет үлгілері кешеуілдеген Еуропа мәдениетінің қарыштап өркендеуіне үлкен ықпал жасады. Фарабиге жалғаса, жаңа ғылымдардың шығуымен ғылым мен әдебиет тағы да өрледі. Әбу Али Сина (Авицена), әл-Бируни, Фирдауси, Низами, Омар Хаям, Насриддин Гуси, Исмайл Джаухари, Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, т.б. түркі тектес елдерден шыққан дана адамдар дүниеге келді. Осылайша білім-ғылым, өнер ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, жалғасып, дамылсыз даму үстінде болды. ХІІ ғасырға дейінгі Шығыс өркениеті басқа елдерге үлгі-өнеге берерлік биік сатыға жетті.[4]

Әл-Фараби 870 жылы дүниеге келген. Алғашқы дәрісті туған жерінде алады. Сол кездегі араб мәдениетінің орталығына айналған Бағдат қаласында көп жылдар бойы жатпай-тұрмай оқып, зерттеу жұмысын жүргізген. Ол ежелгі грек ғұламаларының, әсіресе Платонның жазған еңбектерін терең түсініп оқыған. Кейінірек Сирияда біраз жұмыс істеген. 950 жылы Дамаск қаласында қайтыс болған. Әл-Фарабидің жазған еңбектерінің ішінде философия мен логика терең зерттелген. Сондықтан Шығыс ойшылдары оны көзі тірісінде-ақ «әл-Муғалиму әс-Сани», яғни «екінші ұстаз» деп атап кеткен. Ол таза философиялық, логикалық еңбектермен қатар физикалық, матеметикалық және натурфилософиялық, музыкаға да қатысты еңбектер жазып қалдырған.[5]

Білім иелеріне қатысты Алла Тағала құран кәрімде: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?»[6] деп келеді. Бұл аятта білетіндер яғни білім иелері, ғалымдарды айтып тұрғаны белгілі ал білмейтіндер білімсіз адамдар екені айтпасақта түсінікті. Қазіргі уақытта елімізде ең өзекті мәселенің бірі осы білім саласы болып тұр. Былай деуге себеп болып тұрған кейбір кертартпа діни ағымдар халықтың санасын улауда. Дін мәселесіндегі кейбір сөздерді яки сөйлемдерді дұрыс түсінбей халыққа басқаша хабар жеткізуде. Діннің білімге, ғылымға шақыратын асыл құндылықтардың насихаттаудың орнына діндегі кейбір негіз болмайтын дүниелерді қозғап халық арасында алауыздық тудыруда. Бұл кезге дейін халық арасында діни мәселелер алауыздық тудыратындай дәрежеге жетпеген. Дегенменде қазіргі кейбір кертартпа ағымдар діни күрделі мәселелерді қозғап халықтың мазасын қашырды.  Осыған қатысты қазақта мынадай бір әдемі мақал бар, «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» - деген, яғни әр бір нәрсені өзінің маман айналысқан дұрыс болады. Мысалы бір етікші дін тұрғысынан ештеңе білмеген секілді, діннің маманы да етіктен хабары болмайды. Мақалда келгендей әрбір істі өз маманы істейтін болса елімізде ешқандай алауыздық мәселелер болмайтыны анық.

Қорыта айтқанда «Адам баласы жан жемісін татпай, өмірдің терең мағынасы мен шын мақсұтын түсіне алмайды» деп Мұқтар Әуезов айтқандай, жан жемісі, ең алдымен оқу, білім, тәрбие десек, сол жемісті берер мәуелі ағашымыз – білім. Тұлғаның рухани дүниесін ашу арқылы ахлақ тәрбиесіне мән беру, бүгінгі заманның талабы. Ал тәрбие – болашаққа бағытталған үрдіс. Ендеше тәрбие беруде тек бүгінгі күн міндеттерін ғана емес, алдағы мақсаттарды да ескерген абзал. Ахлақты – адамгершілік, мораль ар әдеп, мінез айнасы ретінде ұғынатын болсақ, біріншіден ахлақтың атқаратын міндеттері ол рухымыздың қоғамдағы адами қарым-қатынастың ұлық үлгісі бола білуі керек. Екіншіден отбасы алдындағы, ата-ана, бала-шаға, туысқан сәулелі жарығымен сөнбес нұрға шомылып тұрғандай, пайғамбардың фатанатты тағлымының үлгісіндей болып тұруы керек. «Тәрбие мен білім беру – ажырағысыз ұғым. Білім бермей тұрып, тәрбиелеуге болмайды, ал берген әр білімің тәрбиелік ықпал жасайды» деген Л.Толстойдың сөзін ескерсек, рухани тәрбие беделінің білімнен әлденеше есе салмақтылығына көз жеткіземіз. Демек, ғылым мен тәрбиені қатар қарастырып, еліміздің ынтымақ бірлігіне, түрлі алауыздық пен арам пиғылдарға жол бермей, адамдық қалыбымыздан айнымау – отан алдындағы, адамзат алдындағы міндетіміз және Алла Тағала мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) алдындағы борышымыз. Тоқсан ауыздың тобықтай түйінін Елбасымыздың білімге қатысты мына сөзінімен аяқтауды жөн көрдік. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді»[7] - деуі білімнің өте маңызды екенін айтуда.

 

«Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу»

бөлімінің маманы  Н.Әмзеев



[1] Алақ сүресі 1-аят.

[2] Дәстүрлі дін негіздері мен салт-дәстүр құндылықтары, Алау Әділбаев 2019 жыл, 14-бет.

[4] (http://www. bilimtarihi. gen. tr).

[6] Зумар сүресі 9-аят.

0 пікір