Ішімдіктің зияны
Ішімдіктің зияны
24.02.2020
3112
0

Адам жас кезде албырттықпен, қызығушылықпен түрлі іс-әрекеттерге барып жатады. Адамның табиғаты сол не нәрсеге тыйым салса, соған қарай ұмтылады. Сол сияқты арақ пен есірткінің зиянын қаншалықты айтсаң да соған ұмтылып тұрады. Дегенмен де оның алдын алу, күресу мүлде тоқтамауы тиіс. Діни тұрғыдан болсын, медициналық тұрғыдан болсын оның зияны өте үлкен.

Ислам дінінде адам денсаулығына зиян тигізетін, өмірге, айналаға, ортаға жалпы қоғамға қауіп төндіретін нәрселерді пайдалану - харам болып саналады. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Маида» сүресінің 90-91-ші аяттарында: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашу, бәсекелесу - шайтанның арбауынан болатын дүниелер. Бақытты болам десеңдер бұлардан аулақ болыңдар. Шайтан сіздердің араларыңызды жауластыру, өзара өштестіру үшін арақ пен құмар ойындарын қолданады. Осы арқылы намаз оқуларыңа бөгет жасап, тәңірлеріңді естеріңнен шығаруға тырысады. Құмар ойнау мен арақтан сонда да безбейсіңдер ме...», - делінген. Бұл аяттарда Алла Тағала құмар ойнау мен адамның ақыл-ойын тұмандататын есірткі, ішімдіктерді пайдалануға тиым салып, олардың харам екендігін және шайтанның лас істерінен екенін ашық айтып, ескертіп отыр.

Харам нәрсені пайдалану – мұсылманға, жалпы мұсылмандыққа жат дүние. Сондықтан оларды пайдалануға рұқсат жоқ. Бұл жөнінде Айша анамыздан риуаят болған хадисте: «Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.)-нан битғ туралы сұрапты. (Битғ – балдан ашытып жасалатын арақ. Оны йемендіктер ішетін). Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Барлық ішімдік ақылдан адастырады, сондықтан ол – харам. Алла Тағала арақ ішуші мен іштірушіні, сатушы мен сатып алушыны, ашытып жасаушы мен жасаттырушыны, алған мен алдырушыны лағынет етті», - дейді.
Арақ ішудің күнәсі өте үлкен. Арақ ішкен адамның ниеті бұзылып қана қоймайды, оны адамдық келбетінен айырып, хайуанға айналдырады. Жүрегін қарайтып, көңілін бұзады, абыройын кетіреді. Тек ақыл-ойына ғана емес, денсаулығына, отбасына, туыс-туғандарына, айналасына, қоғамға жан-жақты зиянын тигізеді.

Арақ ішудің зияндары:

- арақ ішкен адам ақыл-есі кемге айналады, елге күлкі боп, абыройынан айырылады;

- маскүнемдік ағайын-туыс, жақын адамдардың арасына араздық салады;

- арақ ішу Алла Тағаланың зікірінен де, намаздан да қалдырады;

- арақ адамды арсыздыққа, опасыздыққа, зинақорлыққа жетелейді;

- арақ ақшаны ысырап етеді және ақылды жояды;

- арақ барша жамандықтың кілті, арақ ішушіге барлық күнә жеңіл болып көрінеді.

Араққұмарлық пен нашақорлыққа салынған адам ақыл-есінен айырылып, өзін-өзі ұстай алмайтын халге жетеді. Сол халге жеткенге дейін айналасына қанша жерден сыйлы болып келгенімен арақ ішіп, мас болғаннан кейін оған деген құрметтің де азая түсетіндігі сөзсіз. Осыдан-ақ арақ ішкен адамның абырой-беделінен ештеңе қалмайтындығы анық көрінеді.

Мұхаммед (с.а.с.) Пайғамбарымыздың хадисінде: «Арақтан аулақ болыңдар. Өйткені ол барлық ластықтың қайнар көзі», - делінген.
Қазіргі кезде ғылым арақ-шарапты пайдаланудың адам баласы үшін жан-жақты зияндылығын нақтылап, айқындап берді. Ғалымдар өте аз мөлшерде пайдаланылған спиртті ішімдіктің бір сағаттан кейін-ақ ерлер мен әйелдердің қанынан байқалатынын дәлелдеген.

Арақ-шарапты пайдаланудың әсері әсіресе жүкті әйелдерге қатты білінеді. Ана құрсағындағы сәби қоректік заттардың денін анасының қаны арқылы алатындықтан қанға сіңген ішкіліктің әсерінің нәтижесін өзіңіз де бағамдай беріңіз. Мұндай баланың дене бітімі мен ақыл-есінде көптеген кемшіліктер мен ауытқушылықтардың орын алатындығы сөзсіз.

Біреулер арақ ішуді шынайы демалыс санап, өздерін алдарқатып жүреді. Арақ ішу арқылы өздерін дүниенің күйбең тіршілігінен бір сәт аулақтатып, дем алып қалғандай әсерде болады. Ал мұның алдамшы сезім екендігі көзіқарақты кез келген жанға аян.

Арақ ішу арқылы қоғамға, айналаңа зияныңды тигізіп, денсаулығыңды бұзып қана қоймай өзіңе экономикалық тұрғыдан да үлкен зардап шектіресің. Арамызда бір ішкеннен кейін тағы ішкісі келіп, қолындағы барын соған салып отыратындар да жетерліктей.

Қоғамдағы ажырасу сияқты келеңсіз жағдаяттардың негізгі себептердің бірі осы арақ ішуден туындайды.

Ақыл-ой, сана-сезім адамды хайуаннан ажыратса, иман кәпір мен мұсылманды ажыратушы. Алланың берген бұл екі қасиетінен жұрдай болған адам дұрыс өмір сүре алмайды. Өйткені ол өз межесінен асып, иманы мен ақылы жойылып, шайтанның амалын істейді.

Алла Тағала адамды ерекше мүсінді етіп жаратты және оған өзін пәк, таза ұстап, харамнан сақтанып, тура жолмен жүруді бұйырды.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисінде: «Шындығында адамның денесінде бір жапырақтай ет бар. Егер бір жапырақ ет таза болса, онда адамның барлық мүшесі, сана-сезімі пәк болады. Ал енді сол бір жапырақ ет бұзылса, онда ол адамның денесі де, жаны да бұзық болады, ол жапырақ ет - жүрек», - делінген.

Егер адам дұрыс өмір сүргісі келсе, екі дүниеде тек қана жақсылыққа қол жеткізгісі келсе онда бірінші харамнан сақтанып, жүрегін таза ұстауы қажет. Яғни ішкен-жегеніңіз халал болса, жүрегіңіз де таза болады. Себебі ішкен, жеген харам ас асқазанда қорытылып, қанға сіңеді, ал қан жүрекке барады. Алдымен қаныңыз, сосын жүрегіңіз бұзылады. Дана халқымыз: «Не нәрсе болса да қанына тартады», - деген. Адамның жүрегі бұзылса, ниеті де өзгереді, ұяттан арылады. Ал ұят болмаса, иман болмайды. Себебі: «Ұят - иманның қабы».

Бірқатар жандардың «арақ болмаса, жұмыс бітпейді, қандай да бір келісімдерді арақ ішу арқылы шешіп жатасың» деп өзін өзі алдап жүргенін көз көрді. Сонда адамзаттың бүгінгі жеткен жетістігі мен өркениеттің барлығы тек осы арақтың арқасында жасалып па еді? Барлық ырзық-несібені Алладан деп білмейтін мұндай жандардың ертеңгі күні үлкен, орны толмас өкініштің салдарын тартуы бек мүмкін екендігін ешкім де жоққа шығара алмас.

«Арақ – атаңнан қалған ас емес», - дейді дана халқымыз. Ата-бабаларымыздан біздерге қалған мұра – ел, жер, тіл, діл, дін. Ендеше, неге арақтың соңында барлық абыройымызды төгіп, адасушылықтардың орын алуына жол береміз?

Адамды аздырып, жүрегінен иман, жүзінен нұр кетіріп, көңіліне, өміріне қара дақ салатын арақ, есірткіден сақ болу – әрбір мұсылманның басты міндеттерінің бірі. Ендеше баршамыз осынау міндеттің үдесінен шыға білейік.

 

  

Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

«Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру

және үйлестіру» бөлімінің маманы     Б.Өтеген

 

 

 

0 пікір