ХХ ғасырдағы Қазақстандағы діни жағдай
ХХ ғасырдағы Қазақстандағы діни жағдай
31.10.2024
532
0

Кеңес өкіметіндегі дінмен күрес авторитарлық тəртіптің орнығуымен басталып, ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы зобалаң дінбасылар мен діни ұйымдарды қырғынға ұшыратумен жалғасты.

Кеңес билігі әлсіз өңірлердің ауылдарында кеңестік құқық нормаларының орнына шариғат соты мен ақсақалдар, ру басшылары мен байлардың қоғамдағы ықпалы жоғары екендігі баянадалады.

Қазақ ауылындағы қоғамдық, саяси, нарықтық қатынастардың барлығы ислам дінімен тікелей байланысты еді. Қазақ ауылындағы діндарлықтың артуына мұсылмандық ұйымдар және діни тұлғалардың (ишан, молда) ықпалы жоғары болды.

Қазақ ауылындағы тұрғындар арасындағы діндарлықтың артуы мен мұсылмандық қозғалыстың дамуы сырттан келетін мұсылмандық ұйым өкілдерінің (татар және өзбек) консервативтік діни қайраткерлердің белсенді діни қызметтерінің орны ерекше екендігін көрсетеді.

1920-30 жылдары кеңес билігі дін қызметкерлерін, діндарларды азаматтық құқық пен еркін ойшылдықтан ажыратып, қазақ қоғамына дін мен діни тұлғалардың ықпалын жойды. Дін қызметкерлерін қоғамға қауіп төндіретін топқа, қылмыскерлерге теңестірілді.

Әсіресе көпшілік мойындаған ишандар, молдалар тергеуге алынып, жеке мүліктері тәркіленді. «Аса кұпиялы» деген кұжатта діни қайраткерлер, ишандар мен молдалардың тізімі жасақталды.

Құжаттың алғашқы тізімінде аса қауіпті, кеңес қоғамына зиян келтіретін, шет елдермен байланыстары бар, қазақ ауылында белсенді, мәртебесі жоғары ишандар тұрса, одан кейін молдалар мен хазіреттер тізімге кірген.  Негізінен бұл діни қызметкерлердің кейбірі Кеңес өкіметі құрылмай тұрып қажылық сапарына барып, парызын өтеген тұлғалар болатын. Сондықтан көптеген діни қызметкерлер Кеңес өкіметі құрылмай тұрған уақыттағы өмірі, қоғамдық қызметі зерделеніп үкімет бақылауында болды.

Осылайша, ХХ ғасырдың 30-жылдары Қазақстандағы мұсылмандық қозғалыс жойылды. Діни қайраткерлер оның ішінде ишандар, хазіреттер, молдалар, сопылар қудаланды, дауыс беру құқығынан айырылды, Кеңес өкіметіне саяси көзқарасымен қарсылық пікір білдіргендерді «халық жауы» деген қара тізімге іліктіріп көзін жойды, ату жазасына кесті, он жылдарға еңбек лагерлеріне айдады.

1937-1938 жылдары дін қайраткерлері Кеңес өкіметіне қарсы астыртын үгіті үшін деген жалаумен олардың кейбірі Сібір, Қазақстандағы лагерлерге, абақтыға жабылса, көпшілігі имандылығы мен сеніміне берік болғандығы үшін өкінішке орай атылып кетті.

Ал Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, əлі де болса, одақтастар тарапынан көмек көрсетілмей отырған шақта, ішкі ресурстардың барлығын жауға қарсы жұмылдыруды көздеген Кеңес өкіметі дін, діни ұйымдар мен діндарларға жеңілдіктер жасай бастады. Оның себебі, діни ұйымдардың барлық бағыттарының патриоттық көзқараста болуы еді. Яғни ортақ жауға қарсы күресте кеңестік билікті қолдауы болды.

КСРО Конституциясының Х-тарауында азаматтардың міндеттері мен негізгі құқықтары сипатталды. Конституцияның 124-ші бабында: «Азаматтардың ұждан, бостандығын қамтамасыз ету үшін КСРО-да шіркеу мемлекеттен жəне мектептен де бөлінеді. Діни жораларды жасау жəне дінге қарсы шығу еркіндігі барлық азаматтармен мойындалады» делінген.

1943 жылдан Кеңес өкіметінің дін саясатының өзгергеніне қарамастан, заңнамалық-құқықтық база өзгерген жоқ. 1936 жылы қабылданған КСРО Конституциясы мен 1929 жылы қабылданған «Діни ұйымдар туралы» Қаулы заң базасын құрады. Осылайша дінге қарсы көзқарас Кеңес ө кіметі тұсында өзінің шарықтау шегіне жетті.

ХХ ғ. 20-30 жылдарындағы қуғын-сүргін – тарихымыздың жанындағы жазылмаған жара. Процестердің бұқаралығы, жабықтығы, құпиялығы өкінішке орай, көптеген ақтаңдақ қалдырды. Кінәсіз қуғын-сүргінге ұшырағандардың барлығы бірдей ақталған жоқ. Халқымыздың құқы үшін де күрескендерді ақтауға тиіспіз.

 

 

 Бердуәлі Өтеген

 

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                   

0 пікір