Ханбали мазхабы мен неосәләфилік ағымның ақидадағы қайшы көзқарастары
Ханбали мазхабы мен неосәләфилік ағымның ақидадағы қайшы көзқарастары
11.03.2020
2605
0

Қазіргі күнімізде сәләфилік ағым қолдаушыларының бірі тек Құран мен сүннетке еруді дұрыс санаса, енді бірі діни сенімдері мен амал ету тұрғысында Ханбали мазхабына ереміз деп айтады. Алайда олардың ақидадағы ұстанымы мен Ахмад ибн Ханбалдың көзқарастары арасында қарама-қайшы тұстары өте көп.

Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб (уаһабилік идеологияның негізін қалаушы, 1703-1792 жж.) Мекке халқына жазған хатында: «Біз - Ахмад ибн Ханбалдың мазхабына ерушілерміз, дінге жаңашылдық қосушылардан емеспіз»[1] - деген.

Абдулла ибн Мұхаммед (сәләфилік ағым өкілі, миләди 1752 жылы дүниеге келген) Меккеге кірген кезде өздерін былай таныстырған: «Біз тармақ мәселелерінде Ахмад ибн Ханбалдың жолын ұстанамыз. Төрт мазхаб имамдарына ерушілерді жоққа шығармаймыз. Имамия, Зайдия, Рафидалардың қалыптастырған жолына ермейміз. Оларды төрт имамның мазхабына еруге шақырамыз»[2].

Мұхаммед ибн Абдуллатиф (сәләфилік ағым өкілі, 1857-1948 жж.): Біздің ұстанатын жолымыз - тармақ мәселелері мен үкімдердегі «әһлу әс-сунна» (сүннет)имамы Ахмад ибн Ханбалдың мазхабы. Өз тарапымыздан үкім шығармаймыз»[3].

Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб өзінің заманындағы мұсылмандарды мүшріктер (серік қосушы) деп айыптауымен қоймай, Пайғамбарға қарсы шыққан Құрайыш тайпасынан болған Алланың түсіргенінен теріс айналғандарды олардан (заманындағы мұсылмандар) артық, абзал деп санаған: «Кімде-кім дұрыс түсінетін болса, Алла елшісіне қарсы шыққан құрайыштықтардың серік қосуы бүгінгі күніміздегі адамдардың Жаратушыға ортақ қосуынан жақсырақ»[4].

Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб: «Таухид (иман) жүрекпен сеніп, тілімен айтып, амал ету. Егер осылардың бірі бұзылса, адам мұсылман болмайды. Ал егер таухидті танып, онымен амал етпесе, ол перғауын, ібіліс және сол екеуі сияқтылар тәрізді қасарысқан кәпір болады»[5], - деп амал иманның бір бөлігі, амал етпеген мұсылман болмайды деуімен кесіп айтады. Оның ұстанымы бойынша, иман – жүрекпен сену, тілмен айту, амал ету. Егер де осы үшеуінің бірі кем болса, ондай жан мұсылман емес, кәпір деп есептейді. Амал иманның бір бөлшегі болғандықтан, қандай да бір парыз амалды тәрк еткен адам адам - кәпір, діннен шығады деген үкім шығады. Амал иманның ажырамас бөлшегі деген атақты имам Мәлік, Шафиғи, Ханбал сынды ғалымдар өз кезегінде амал етпеген жандарға кәпір демей, «пасық», «күнәһар мұсылман» деп үкім берген[6].

Имам Ахмадтың пікірі бойынша адам исламды қалай қабылдайды?

Әбу Бәкір Әл-Хилал (Ханбали мазхабының ғалымы, 850-923 жж.) оның (Имам Ахмадтың) көзқарасын былай деп жеткізеді: «Кім Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі деп куәлік беретін болса, ол адам мұсылман саналады»[7].

Әл-Хафиз ибн Ражаб Әл-Ханбали (1336-1393 жж.) айтады: «Кімде-кім екі куәлікті (Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі) исламды қабылдауға келген кісі секілді айтатын болса, ғалымдар арасында ешқандай талассыз мұсылман болып табылады»[8]. Яғни, адамның сыртқы көрінісіне қарай үкім беріледі.

Имам Ахмад ибн Ханбал ислам тарихындағы адасқан топтарды кәпір (қарсы келуші) деген үкім беруден тыйған. Исмағил ибн Сағид (Ханбали мазхабының ғалымы, миләди 845 жылы дүниеден өткен)  былай дейді: «Имам Ахмадқа иман - амал етуді қабылдамай тек тілмен айтудан тұрады деген көзқарас білдіргендерді кәпір деп айтудан қорықпайсың ба? (яғни пенденің жүректегі сенімін білмеуден қорқу) - деген сауалды қойғанымда, олар бұл сөздерімен кәпір болмайды» - деді. Тіпті оларға дұға жасауға шақырды. Ханбали мазхабының үлкен ғалымдарының бірі Әбу Бәкр Әл-Маруази (миләди 888 жылы дүниеден өткен) айтады: «Әбу Абдуллаға иман тек тілмен айту деген Муржия секілді адасқан қауымдарға дұға жасауға бола ма? сұрағы қойылғанда, мен де олардың дұрыс жолға түсулеріне дұға жасаймын, - деп жауап берді».

Сенім мәселесіндегі қарама-қайшылықтардың бірі - тақлид (еру) жасау. Ислам сахнасындағы көптеген топтар мен қауымдардың адасушылыққа түсуге себеп болған жағдай өздерінің имамдары мен ұстаздарына мәселенің мән-жайына бармай, жан-жақты ұғынып түсінбей ерулері еді. Бұл жайында Мұхаммед Салих Әл-Усаймин (сәләфилік ағым өкілі, миләди 1928 жылы дүниеге келген) былай дейді: «Кімде-кім сенім мәселесінде белгілі дәрежеде білімі болмаса, ол адамға қандай да бір ғалымға тақлид жасауға рұқсат». Ибн Хамдан (1792-1878 жж.) Ханбали мазхабының аталған мәселедегі ұстанымын былай баяндайды: «Алланы бірлігіне, жалғыздығына, сипаттары мен пайғамбарлардан келген барлық сенімге байланысты тақырыптарда тақлид жасауға болмайды. Бұл - мазхабтағы танымал болған ғалымдардың жолы»[9]. Яғни ислам ғұламаларының бірауыздан келісуі бойынша сенім, иман мәселелерінде Құран мен хадистерге анық көз жеткізбей тұрып адамның дегеніне еруге болмайды. Өйткені адам баласының амалдарының қабыл болуы сеніміне тікелей байланысты. Қате сенім дұрыс жолдан тайдырып, жасаған ізгі амалдарды құрдымға кетіреді. Діни ізденіс пен білім алуда немқұрайлық таныту – адасушылыққа жол бастайды.

 

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің маманы                                                             А.Жилкишиев



[1] Әд-Дәрар Сәния, 1/57 б.

[2] Әд-Дәрар Сәния, 1/227 б.

[3] Әд-Дәрар Сәния, 1/577 б.

[4] Әд-Дәрар Сәния, 1/120 б.

[5] Кәшфуш-шубуһат, 158 б.

[6] Смайыл Сейтбеков, Мәзһабтар тарихы, 222 б.

[7] Ахкам ахл миләл, 2/373 б.

[8] Фатх әл-бәри, 3/443 б.

[9] Сифа әл-фәтуа, 51 б.

 

0 пікір