Ғаламтордағы ақиқат пен адасу
Ғаламтордағы ақиқат пен адасу
15.01.2021
930
0

Бүгінде жағдай танымастай өзгерген кітаптан интернет озған заманы басталды десек болады. Себебі ғаламтор пайда болғалы кітап оқитындардың қарасы азайған сыңайлы. Әрине қазіргі уақытта іздеген суреттер, әндер, оқулықтар, әдебиеттерді бір ғана ғаламтордан-ақ табамыз. Бұл интернет заман қажеттілігі, адамзат баласына өте керек дүниеге айналған секілді. Алайда ғаламтор, бұрыннан сусындап келген кітаптың орнын баса алады ма? - деген сұрақ туады.

Ғасырдың ең озық жетістігі әрі сырқаты болып саналатын ғаламтордың әсіресе, ғылыммен техникасы дамыған заманда интернет қызметіне тұтынушылардың 78 %-ы мобильді смартфон арқылы орташа есеппен ай сайын 2 мың теңгеден жұмсап отырғанын «ZHARAR/Kz/Кеңестер» сайты зерделеген. (https://www.zharar.com/kz/kenes/7589-internet.html). Ал ғаламтордың сырқатына келер болсақ ең алғаш рет «ғаламторға тәуелділік» және «психологиялық өзгеріс» терминін психолог Айвен Голдберг жеткізді. Кейбір психологтар интернетке деген тәуелділіктің  бар екендігіне күмәнданады, ал кейбіреулері мүлде жоққа шығарған.

Келесі тағы бір сырқатын алға тартсақ ғаламтордың саясилануы. Бүгін таңда интернет жеке-дара ақпарат көздерінің шоғырына айналды. Әркім өзі қалаған жазба не бейне материалды тұтастай қоғамның назарына ұсына алады, маңызды санаған оқиғаға байланысты өз ойын ортаға салу мүмкіндігі бар.Тәжірибелі бағдарламашылардың статистикалық есебі бойынша бір минутта ютуб желісіне 400 сағаттық видео жүктеледі, ал ватсапта 50 млрд. СМС хаттар жолданады, инстаграмда 50 мың сурет жүктеледі. Ал, гуглға минутына 4 млн рет сұраныс түседі. Әрбір минутта Вконтакте парақшасында  3,5 млн пост жасалады екен. Осылардың ішінде қаншасы діни ақпараттар екенін ешкім білмейді. Жоғарыда аталған цифрлардың 1 ғана пайызы деструктивті діни ағымдардың таратқан мәліметі дейтін болсақ, онда миллиондаған жастың бір сағат ішінде психологиясы өзгеріске ұшырады деген сөз. Ал, бүгінгі жастардың таңдауы Интернет екені айтпаса да түсінікті.

Ақпараттық тұрғыда Интернет жалпығаламдық феноменге айналуда. Осылайша жүре-бара танымдық ақпараттан көрі, саяси және діни үгіт-насихат құралына айналып барады. Азын-аулақ саясаткерлер бұны тыңшылық жасау мен елді іштей арандату үшін әдейі ойлап тапқан құралы дегенді алға тартады. Ақпарат кімнің қолында болса, билік те соның иелігінде болады деген қағидатқа сүйенген  арбаушылырдың басты стратегиясы – қоғам санасына күмән тұқымын себу. Мысалы, олар дәстүрлі діннің шариғатына қайшы келетін, үкімі жойылған діни мәтіндерді тауып ғаламтор арқылы жариялап, көптеген жамағат мүшелерінің сенімін шатастыруға тырысуда. Егер сіз осындай сәтті бастан кешіріп жатсаңыз, онда мұндай жалған ақпараттар тарихымыздың кез-келген уақытта, кез-келген елде бүлік шығарушы шеберлері бар болғанын ұмытпаңыз. Кезінде теріс пиғылды ғалымдардың еңбектерінде немесе газет, журналдарда материал басылып жарияланған болса, ертеме кеш ол Интернетте пайда болатынын әрдайым есте ұстаған жөн. Тарих сахнасында осындай мәселелер жиі қайталанған және бұл ақпаратқа иланған көптеген жақтаушылары да ортаға шыққан. Кезінде XVIII-XIX ғасырда өмір сүрген Мәшһүр Жүсіп олармен  кезіккенде былай деген екен:

Діні бар да, ұлты жоқ,

Сақалы бар да, мұрты жоқ.

Теке сақал, қырма мұрт,

Елдің түбіне сол жетер...

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде бүлікшілермен арандатушылардың көбейгені рас. Алғашында тыңшылар ел аралап үгіт-насихат жүргізген болса, енді жылы орындарынан қозғалмай интернетті тиімді пайдалануда. Бүгінгі күнде олар ғаламтор арқылы мәтінді, хат-хабарды, құжаттарды, фото суреттерді шебер пайдалана білуді жақсы меңгерген десек болады. Олар жалған мәліметтерді әлеуметтік желілерде шынайы түрде ұсынуды үйренді. Кеше қарама-қайшы болып көрсетілген нәрсе, ертең неғұрлым жансақ сенімді ақпарат етіп шығарады.

Демек ғаламтордағы жарияланған ақпараттар әрдайым дұрыс бола бермейді. Кейбір ақпарат, қаншалықты сенімді көрінгенімен, оны толықтай қабылдауға асықпаңыз. Бұқара халықты ескерте отырып: «Интернетте жалған ақпараттардан шынайы мәліметтерді ажыратып тексеретін сүзгі жоқ екенін ескеруіміз керек. БірақИнтернеттегіжалған ақпараттардан шынайы мәліметтерді ажыратып тексеретін сүзгі адамның ақылы екенін ескеріңіз». Өкінішке орай Интернетте бұндай қабілет пен шектеулер жоқтың қасы. Асылында жай шындыққа жанаспайтын дүние ел арасында дау туғызатын шоғы болып шығуы әбден мүмкін. Айналып келгенде осындай қарапайым дүниелерді елемесек мемлекетіміздің түбіне жететіні анық. Даналарымыз «...алысты жақын, жақынды алыс етіп көрсететін арсыз, екіжүзділердің белгісі», - деген. Өкінішке орай қараусыз кеңістік кезінде көрінгеннің жетегінде, арамза ойлардың соңында кетіп қалғандары қаншама?.

Әлдекім оларға қарсы мемлекет тарапынан интернетті қыспаққа алу керек және оны дер кезінде бұғаттаса деуі мүмкін. Тиісінше жамандықты болдырмаудың жолы – Интернетті қыспаққа алу емес, ол мүмкін де емес, қайта онымен санасуда, оның мүмкіндіктерін пайдалана отырып жіберген қателіктерді дер кезінде түзетуде жатыр. Бұғаттау мәселесіне келсек 2018 жылы 28 қазанынан бастап Қазақстанда төрт мемлекеттік органға әлеуметтік, табиғи немесе техногенді төтенше жағдайлар кезінде интернет және байланыс құралдарын бұғаттау құқығы берілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бүгін мың сайтты бұғаттасаң, ертесінде тағы мыңнан астамы жүктеледі. Интернет – реттеуге келе бермейтін, сан қилы пікірлер мен мүдделер тоғысқан кеңістік болғандықтан, қоғамдық пікір жасампаз ойлармен қатар теріс ағымдардың жетегінде кетуі ықтимал. Әсіресе бұл ұлттық идеологиясы әлсіз, сыртқы күштерге тәуелді елдерге қауіпті болып табылады.

 Жалпылама айтқанда  Ғаламтор – бүгінгі заманғы қоғамның құраушы бөлігі екенін мойындауымыз керек. Бірақ, ол – дүлей күш емес, адамзаттың қажеттіліктерінен туындаған құрал ғана. Ғаламторда не айтылса, соған көз жұмып сене беруге болмайды. Балама ақпарат болғаннан кейін сыни көзқарасты ұстануға, әр нәрсені иә құбылысты таразылап барып қана бағалауға бейімделу керек. Тиісінше ақпараттық һәм саяси маңызы күннен-күнге артып келе жатқан осы ғылыми жетістіктің мүмкіндіктерін кәдеге асыру не оның құрбанына айналу адамдардың, өз қолында.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы                        А.Дүйсен

0 пікір