Елді шулатқан мәһр
Елді шулатқан мәһр
18.03.2024
411
0

 Мәһр – тақырыбы соңғы кезде қоғамның негізгі мә­селелердің біріне айналған тәрізді. Әсіресе әлеуметтік желілерде «Мәһрге не сұрайсың?», «Мәһрге қымбат дүние сұрапты», «Мәһрге қымбат көлік сұраған қыздың жігіті тастап кетіпті», «Мәһрге үй сұрапты» деген тағы басқа сұрапыл жаңалықтар толып жүр. Осыдан әлеуметтік желіде түрлі дүниелерді сұрап, арзан атақ қуған жас отбасылар жетерлік екенін түсінесің. Мысалға олардың ішінде алғашқылардың бірі болып 20 жасында отбасын құрған, мәһрге шетелдік брендтің 4,5 миллион тұратын сөмкесін сұраған жұп танымал болды. Олардың вирустай тараған бұл видеосына халық пікірінің жартысы «өте көп сұрау, қыздың ақылы жоқ екен» десе, енді бірі «жағдайы жетіп тұрса неге әпермеске, қыз өзіне лайық нәрсені сұрап тұр ғой» деп көпшіліктің ойы екіге бөлінді.

Бұқара халық үшін саясат, дін, тіл, экономика секілді салалар маңызды болғандықтан, ел назарында көп талқыланатындығы белгілі. Соны пайдаланатын блогер, әлеуметтік желінің белсенділері өзінің қолдаушыларын көбейту немесе «подписчик» санын арттыру мақсатында түрлі айла-тәсілге баруға әзір екенін естен шығармаған жөн

Еліміздің үлкендер жағы кезінде мәһр дегеннің не екенін тіпті білмегенін айтып, бүгінгі күні жастар арасында жиі талқыланып жүргені рас дейді. Ата-аналарымыз кезінде некелерін қидырғанда мәһр сыйының бар екенін тіпті білмегенін айтса, жастар болашақ күйеуінен мәһрге қандай сыйлық сұрау керектігін ойланып әлек болып жүр дейді. Ал біреулері діннің атына сын айтып, «елімізді дін жайлағалы бәрі өзгерді», «мәһр сұрауы арабтың дәстүрі» деп мәһр туралы қате мәлімет беріп дәстүрлі дінімізді қаралады.

Сондықтан, ғаламторды шулатып жүрген мәһр мәселесі діни тұрғыда міндеттелген мәселе болған соң, оны әркім өзінше тәпсірлеу, топшылау дұрыс бола қоймас. Бұл өз кезегінде басқа тыңдаушылар мен оқырмандарды қате түсінікке итермелейді. Сонымен, ең алдымен «Мәһр деген не?» деген сұраққа жауап беріп алайық.

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында: «Мәһр, ер адамның қалыңдығына жасайтын – сыйлығы». Ол кейбіреулер ойлағандай қалыңдықтың құны немесе ақысы емес. Ер адам мәһрді беріп, қалыңдықты меншігі сияқты сатып алып жатқан жоқ. Керісінше, мәһр ер азаматтың әйел адамға деген мұқтаждығын білдіреді, оның болашақ қалыңдығына шынайы сезімін көрсетеді. Күйеу жігіт қалыңдығына белгілі бір мөлшерде сыйлық жасайды», – делінген. Мәһрдің маңызы туралы Құранның «Ниса» сүресі, 24-аятында: «Мәһр қалыңдыққа берілетін түрлі бағадағы құн ғана емес, керісінше қоғамдағы әйелдің беделі және ақысы саналатын сыйақы». Сондай ақ, «Ниса» сүресі, 20-аятында: «Олардың біріне (әйелдерге) жүк-жүк мәһр берсеңдер де одан бірде-бір нәрсені кері алмаңдар», – деген.

Мәһр түрлері. Мәһр сыйын ер азамат дәл неке қию үстінде берсе де немесе араға уақыт салып, келісілген мерзімде алып берсе де болады. Ол жағынан нақты уақыты белгілебеген. Шариғатта неке қию барысында, уақытылы берілген мәһр түрі «Мәһр муғажжәль» делінеді.

Ал екеуара келісіп, сыйды болашақта беруді жоспарлау, уақыты кейінге қалған мәһр түрі «Мәһр му'әжжәль» делінеді. Бірақ, мәһр сыйы кейінге қалған жағдайда да ер адамның мойнындағы қарыз болып есептелетінін ескерсек, шамасы келсе, қарыздан неғұрлым ертерек құтылған абзалырақ.

Мәһр мөлшері. Мәһр – әйелдің келісіміне қарай, ақша немесе зат болуы да мүмкін. Ханафи мәзхабы бойынша, мәһр құны  – 10 дирхам күміс ақша. Бір дирхам – 14 карат немесе 3 грамм күміс, Сонда жалпы 32 грамм күміс, 4 грамм алтын, шамамен 100-120 мың теңге. Бұл мәһрге тағайындалатын аз мөлшер, ал оның шегі жоқ. Егер қалыңдық 10 дирхамнан аз ақша немесе сыйлық сұраса, күйеу жігіт 10 дирхамға толтырып беруі керек. Имам Құдуридің «Әл-Китабында»: «Егер әйел 5 дирхам тұратын жүзік сұраса, күйеуі сұраған жүзігімен қоса, 5 дирхамын қосып беру керек», – делінген.

Бірақ дінтанушы Абдусамат Қасым: «Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) «Әйелдердің ең хайырлысы – мәһрі жеңіл болғаны» сөзін келтіріп, «пәтер», «көлік» деп мәһрін шарықтатпағаны дұрыс», – дейді. Ол, әсіресе, кең етек жайған «қалыңмал» дәстүрін барынша жеңілдеткен дұрыс деп санайды. Бұл жерде ер азаматтың жағдайына қарау маңызды. Ақшалай немесе киім-кешек, бағалы дүние-мүліктің кез келгенін мәһр сыйы ретінде сұрауға рұқсат етілген. Бірақ, мұсылман әйел кісі мәһрін шарықтатпағаны абзал.

Қорытындылай келе мәһр берудің мәні және мақсаты, ертеде мәһр жұбайы соғысқа кетіп қаза тапқан немесе жұбайымен айырылысқан жандарға тұрмысын түзеп алғанша көмек ретінде қарастырылған. Сол себепті оның құнына шек қоймай, балалы әйелдерге көмек болуын қалаған. Сондықтан алдағы уақытты не боларын кім білсін? Мәһр әйелге күйеуімен ажырасып немесе күйеуі қайтыс болған жағдайда өзін асырауға көмек болады деген мақсатта берілген. Келешекте қандай да бір жағдайда әйел адам сол мәһрді сатып, өзін және балаларын асырай алуына негізделеді. Мәһр сыйы тек қана сол әйелге тиесілі делінуінің себебі де осы.

 

 А.Дүйсен

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы

0 пікір