«Егер хадис сахих болса - менің мазхабым» ұғымын қалай түсінеміз?
«Егер хадис сахих болса - менің мазхабым» ұғымын қалай түсінеміз?
09.04.2020
1121
0

Қазіргі уақытта қоғам арасында діни құлшылықтарды атқаруда сахих хадистермен жүруіміз қажет, имам Әбу Ханифа да, Шафиғи де «сахих хадисті көрсең, соны ұстан, ол – менің мазхабым (ұстанымым, жолым)» - деген сөзін алға тартып, тікелей имам Бұхари, Мүслім, Тирмизи секілді ғалымдардың хадис жинақтарынан өз бетінше хадис оқып, амал жасайды. Бұл қаншалықты дұрыс?! Төрт мазхабтың негізін салушы және өзге де ғалымдардың айтқан бұл сөзі әрбір ислам дінін ұстанушыға қатысты айтылған ба?!

Әсілінде бұл ұғымды көптеген ислам ғалымдары айтқан. Оның ішінде Ханафи ғалымдарының сөздеріне, оны қалай түсінгендігіне байланысты айтқан пікірлеріне тоқталатын боламыз.

Ибн әш-Шихна әл-Кәбир әл-Халби (Ханафи мазхабының өкілі, 749-815 х.) «әл-Хидая» атты еңбекке жазған түсіндірмесінде: «Егер хадис сахих болып және сол мазхабтың үкіміне қарсы болатын болса, хадиспен амал етіледі. Ол хадис амал еткен адамның мазхабы болып шыға келеді. Сонымен бірге Ханафи мазхабынан шығып кетпейді. Өйткені Әбу Ханифадан (Алла рахым етсін) мынадай дерек бар: «Егер хадис сахих болса – менің мазхабым» - деп айтқан. Әрі бұл сөзді ибн Абдил-бар (Малики мазхабының өкілі, 368-463 х.) имам Әбу Ханифа және өзге имамдардан жеткізген».

Ибн Абидин (Ханафи мазхабының өкілі, 1198-1252 х.) «Роддул-мухтар» атты еңбегінде жоғарыдағы ибн әш-Шихнаның сөзін айтып, қосымша былай деп келтіреді: «имам әш-Шағрани бұл сөзді төрт имамның да (Әбу Ханифа, Мәлік ибн Әнәс, әш-Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал) айтқанын жеткізген. Аталған ұғым хадистердің күшті-әлсіздерін ажырата алатын, қайсы хадис үкімді жоюшы мен үкімі жойылғандығын біле алатын ғалымға қатысты айтылған (осылайша хадисті зерттеушіге екі түрлі шарт қойған). Егер де бір мазхабтың ғалымы белгілі хадисті алып, амал жасайтын болса, сол мазхабқа тиесілі пәтуа болып саналады. Себебі мазхаб иесінің, негізін салушысының рұқсатымен болып отыр. Сонымен қатар дәлелдің әлсіздігін білсе, қуатты болған хадиспен амал жасайтындығына күмән жоқ».

Ибн Абидин «Шарх росмил-муфти» атты еңбегінде сахих хадисті көріп, амал етуші адамға қойған екі шартына қоса тағы бір шарт қойған: «Көрген сахих хадисі мазхабтағы үкімнің шеңберінен шығып кетпеуі тиіс (мысалы, не Әбу Ханифа, не Әбу Юсуф секілді сол мазхабтағы бір ғалымның пікірі болуы). Өйткені, Ханафи мазхабындағы имамдардың бірауыздан келісуі бойынша ижтихад (үкім беру) жасауда мазхаб пәтуасынан шығып кетуге рұқсат бермеген. Әрі Ханафи ғалымдарының ижтихады (үкім беруі) сахих хадисті көрген адамның ижтихадынан қуатты. Қуатты болуындағы себеп – олар әлгі сахих хадистен күштірек болған дәлелді білген».

Талқылап жатқан тақырыбымыз әрі қарай түсінікті болу үшін хадис жинақтарындағы жазылған хадистермен салыстырмалы түрде түсіндіре кетейік.

  1. Имам әт-Тирмизи жеткізген хадисте Абдулла ибн Омар (Алла рахым етсін): «Кім ішімдік ішсе, Алла Тағала оның қырық күн намазын қабыл етпейді. Ал егер тәубе жасаса, Алла Тағала тәубесін қабыл етеді ...»[1]. Бұл хадисті оқыған кісі қырық күн бойы қабыл болмайды деген оймен намазын оқымай жүруі мүмкін. Қасиетті Құранда былай делінеді: «Әй мүміндер! Сендер мас болып, не айтқандарыңды білгенге шейін намазға жақындамаңдар ...»[2]. Сырттай қарағанда хадис Құранға қайшы келіп тұрғандай. Бірақ, оны имам ән-Нәуәуи (Шафиғи мазхабының өкілі, 631-676 х.) былай түсіндіреді: «Намаз қабыл болмайды сөзінің мағынасы – оның сауабы болмайды, алайда уақытында оқылған болып, міндеті мойнынан түседі. Қайта оқуды қажет етпейді».
  2. Имам Мүслім жеткізген хадисте ибн Аббас (Алла рахым етсін): «Пайғамбар (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бесін мен аср, ақшам мен құптан намаздарын ешбір қауіпте, не сапарда болмастан қосып оқыды»[3]. Имам Әбу Ханифа сахих хадис болса да осы мағынадағы хадистерді қабыл етпеген. Құранның «Намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз қылынды»[4] аятын негізге алып, қажылық уақытынан өзге жағдайда қосылмай жеке оқылатынын айтқан.

Келтірілген Ханафи мазхабы ғалымдарының сөздерінен шығатын қорытынды: Әрбір ислам дінін ұстанушы өз бетінше сахих хадисті көріп, онымен амал ете алмайды. Себебі, қай мазхабтың ғалымы болсын Пайғамбар (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мақтаған алғашқы үш ғасырда өмір сүрген, әрі араб тілін өте жетік меңгерген. Сонымен қатар Пайғамбар заманына жақын өмір сүріп, шариғат мәселелерін терең білген ғұламалар болып табылады. «Егер хадис сахих болса – менің мазхабым» ұғымы шариғаттағы үкім шығара алатын дәрежеге жеткен ғалымға қатысты айтылған сөз екенін түсінеміз. «Сахих Бұхари, Мүслім» секілді хадис жинақтары еңбектерін оқып, көптеген пайда алуға болады. Бірақ үкімдерге қатысты болған (намаз оқу үлгілері, ораза ұстау тәртібі, халал-харам мәселелері) хадистерді арнайы фиқһ кітаптарынан оқып үйренгенді жөн санаймыз.

 

 «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің маманы     А.Жилкишиев

 


[1] Әт-Тирмизи, №1982

[2] Ниса сүресі, 43-аят

[3] Мүслім, №1662

[4] Ниса сүресі, 103-аят

 

0 пікір