Діннің қоғамдағы рөлі
Діннің қоғамдағы рөлі
20.01.2021
10121
0

Дін – ерте замандардан бері-ақ адамзат баласымен бірге жасасып келеді. Түрлі ерекшеліктерге байланысты адамдар арасында түрлі наным-сенім формаларының туындауы және олардың  әр жерде әртүрлі деңгейде пісіп-жетіле отырып, дін ретінде қалыптасуы да өмір заңдылығы немесе рухани қажеттілігі еді. Адамзат тарихында бастан кешкен түрлі формациялар мен кезеңдерде діннің де формалары өзгеріп, халыққа қызмет етудегі рөлін жоғалтпай сақтап отырды. Адамзат баласы – ақыл-парасаттың, ғұлама ойдың және өзге де игіліктердің иесі. Ал, осы игіліктерге ие етіп тұрған – Жаратушы күштің барын адам ешқашан есінен шығарған емес. Осылайша, діннің қоғам өмірімен байланыстылығы өзгермей тұрмайтын құбылыс болғанымен, адам санасына әсер ететін, наным-сенім қалыптастыратын ерекше күш екендігі мойындалды.

Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы жəне қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан, екi тараптың өзара бiрiгiп əрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындап жəне жетілдіріп отырудың маңызы зор.

Дін – адам тарихының үлкен тағылым-тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Егемен ел болып қалыптасуымыз, мемлекетіміздің өсіп, өркендеуінде діннің алатын орны зор. Өйткені, дін – имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы жоқ.

Сонымен қатар қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.

Дін – қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы. Өзіміз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес. Өйткені, дінсіз, бір Алланың бар екеніне сенімсіз қоғамда адам баласының бойынан қорқыныш сезімі жоғалады. Ал жүрегінде қорқынышы болмаған адамдар – ең қорқынышты орта, қорқынышты қоғам. Асылы текті бабамыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуі де сондықтан. Осы мәтелдің астарында үлкен мән жатқанын ұғынуымыз керек.

Қараханид дәуірінде қанатын кеңге жайып, қазақ даласына енген Ислам діні салт-дәстүр, таным-түсінігімізбен біте қайнасып, болмысымызға етене жақын болды. Сондықтан кеңінен насихатталып, бірден тарады. Осылайша, кешегі он екі ғасырдан аса уақыт ішінде Ислам мұсылмандығымыздың мызғымас діңгегіне айналды.

Дін – адамзатпен бірге жасасып келе жатқан түрлі тарихи кезеңдер мен қоғамда өзін әртүрлі пішінде көрсетті. Адамзаттың рухани сұраныстарының түрлілігіне байланысты діндер де әртүрлі аталды. Дүниедегі халықтар, мемелекеттер өз тарихын зерттегенде діни, рухани үдерістерді негізге алады. Бұл кез-келген халықтың тарихи тағдырында діннің маңызды рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын негізгі фактор екендігін көрсетеді.

Бірақ, біреулер қаласа да, қаламаса да дін қоғам өмірінен өз орнын алатын болады. Өйткені, адамдарда жүрек пен сана бар. Пенделік тірліктен қажып, мұңға бататын жүрек өзінің дауасын іздесе, өмірдің мәнін іздеуде пенделік қисыннан қанағат таппайтын сана өзіне кең өрісті қажет етеді.

Жоғарыда айтқанымдай дін қоғам өмірінен өз орнын алатыны сөзсіз. Осыған орай жастарымызға дұрыс бағдар, жақсы тәрбие, қоғамымызға тигізер пайдасына байланысты жеке пікір ретінде мына нәрселерді ұсынғым келеді. Қазіргі таңда оқимын, ізденем деген жастарға үлкен жолдар ашылған. Сол нәрсені дұрыс пайдалана білген дұрыс. Діни сауатын арттыратын орын ретінде мешітке бағыт бағдар беретін едім. Өйткені қазір мешіттің жанында жастардың діни сауатын ашу мақсатында курстар  ашылған. Сол жерлерден діни білім алса қоғамға да пайдасын тигізер жастарымыз өсіп – өнер еді.

 

  Түркістан облысы

« Дін мәселелер зеттеу орталығы» КММ

дінтанушы маманы   Б.Абдрахман

0 пікір