Діннің қоғам өміріндегі рөлі
Діннің қоғам өміріндегі рөлі
21.07.2021
981
0

Дін – aдам тарихының үлкен тағылым-тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Егемен ел болып қалыптасуымыз, мемлекетіміздің өсіп, өркендеуінде діннің алатын орны зор. Өйткені, дін – имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы жоқ.

Кез келген адам өз өмірінде сан қилы қатынастраға түседі. Мәселен, өзінің отбасымен, туған-туысқандарымен – туыстық қарым-қатынаста болса, құрбылармен – достық, жолдастық қатынаста; өндірісте – еңбек қатынасында; билік орындарымен – саяси қатынас орнатады. Сонымен, қоғамның тұтастығын осы жоғарыда айтылған әлеуметтік мәні бар байланыстар, қарым-қатынастар және адамдардың өзара әсерлесуі қамтамасыз етеді.

Қоғамның өркендеуі кезеңінде дін мен қоғамның өзара байланысы ерекше өзектілік пен маңыздылыққа ие болады. Ғылыми әдебиеттерде «қоғамның» мәнін түсіндіруге бағытталған анықтамалардың саны 150-ден астам. Әрине, олардың бәрі бірдей «қоғам» деген ұғымның мәні мен мазмұнын толық аша алмағанмен, бұл анықтамаларда ортақ сипатты белгілер бар.

Көрнекті неміс ғалымы М. Вебер: «Қоғам – адамдардың бір-біріне ықпал, әсер етуінен туындайтын әлеуметтік байланыстардың жиынтығы» дейді.

Сондықтан да қоғамда кейбір азаматтар зайырлылық дегенде мемлекет діннен, дін мемлекеттен бөлек деген қағиданы біржақты түсініп, дін мен мемлекетті, тіпті дін мен қоғамды қарсы қоюда. Дін қоғамнан, қоғам діннен бөлінбейді, ол мүмкін де емес. Өкініштісі, дін мен қоғам байланысын тым тар мағынада түсініп, бүгінде бұл мәселені тек экстремизм, терроризммен күрес аясында ғана қарастыру үрдіс алуда. Қазір дін мен қоғамның жан-жақты ықпалдастығы олардың өзара әсерлі, тартымды байланыстарынан көрінеді: дін және мемлекет, дін және тәрбие, дін және өнер, дін және әдебиет, дін және экономика, дін және дәстүр, дін және еңбек, дін және БАҚ т.б.

Бүгінгі қоғамда туындап жатқан теологиялық, әлеуметтік, рухани мәселелер дін мен мәдениет феномендерін дұрыс түсінбеуден, әр түрлі үдерістерге біржақты баға беруден, толыққанды тәрбиенің берілмеуінен пайда болды. Атап айтқанда, заңды түрде тіркелмеген теріс пиғылды ағымдардың көбеюі мемлекет азаматтарының тура жолдан адасып, радикалды идеяның тасымалдаушысына айналу ықтималдығын жоғарылатты.

Дін қоғам тұрақтылығының факторы ғана емес, кейтұстардағы кертартпа, дін бұзушы ағымдар арқылы, сонымен қатар, әлеуметтік өзгерістердің қайнар көзі ретінде де қызмет етеді. Солардың бірі, дәстүрлі емес діни ағымдардың ішіндегі ең қауіптісі – салафизм. Қазақ мәдениетіне жат, фундаментализмге негізделген көзқарасты ұстанатын салафизм ағымының мүшелері Қазақстан үшін дәстүрлі ханафи мәзһабынан, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтардан үзілді-кесілді бас тартады.

Біздің ұлтымызға өзіндік нақыш пен реңк беріп тұрған тарихи және мәдени қалыптасқан дәстүрлі Исламның да қоғам өміріндегі орны айрықша Қазақстан қоғамындағы дін мен мәдениет мемлекет тарихының қатпар-қатпар кезеңінен өтіп, халықтың өзіндік болмысы мен өмір салтын қалыптастыра отырып өрбіді. Ғылыми атеизм идеологиясы қабылданып, рухани өмірдің мәні кетіп, әлеуметтік салалардың барлығы материалданған кезеңде мемлекет өзінің тілі, ділі, діні мен мәдениетінен қол үзді, діни және мәдени сана әлсіреді, құндылықтар көмескілене бастады. Алайда қоғамның барлық саласын материалдандыруға бағытталған идеологиялық қондырманың дін мен мәдениет құбылыстарын толықтай жоюға күші жетпеді. «Қалпыңнан айырылсаң да, салтыңнан (дәстүріңнен) айырылма» – деп өсиет еткен халық мемлекеттің аксиологиялық ерекшелігін, дін мен мәдениет сабақтастығын барынша сақтауға тырысты. Ата-баба өсиеттері, адамды тәрбиелілікке шақырып, оны игі істерге жетелейтіні белгілі. Ұлттық тәрбиенің бір негізі діни мәдениетімізде және өнегелі тәлім-тәрбиемізде жатыр. Пайғамбар (с.а.с); «Мен жақсы істерді жалғастыру үшін келдім», – деген. Бүгінгі қоғамға ең қажетті нәрсе – тәрбие. Әсіресе, бұл қазіргі жастарға өмірдегі шынайы құндылықтарды ұғынуы үшін, өмірде өз орнын табуы мен жалпы тіршілік жөніндегі дүниетанымын кеңейту үшін қажет. Тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлмеушілік, қоғам тарапынан жастар тәрбиесіне салғырт және жеңіл қарау қазір қоғамдағы кейбір шектен шыққан әдепсіздік пен арсыздықтың көрініс беруіне алып келіп отырғаны шындық.

Сондықтан да, жастарға имандылықты, ұлттық дәстүрлерді насихаттап, сөзден іске көшу керек. Дініміздегі салт – санамыздағы тәрбиелік мәні бар құндылықтарды жастар арасында насихаттау үшін сөзбен ісіміздің арасында сәйкестілік болуы да керек. Жастардың көкіргінде үлкенге құрмет, кешегі ізет, кішіпейілдік қасиеттерін оятып, олардың бойында сенімділік, төзімділік, өзара сыйластық сезімін қалыптастыру имандылықтың үлкен бастауы болып табылады. Әрине, ұлттық дәстүрден және ата-баба дінінен хабары бар жас өзінің ұлттық болмысы мен рухани дүниесінен, ата дәстүрі мен, ана сүті арқылы сіңген тәлім-тәрбиені өмір бойы ұстанады. Ата-баба өсиеттері адамды тәрбиелікке, тектілікке шақырып, оны игі істерге жетелейтіні белгілі.

Қоғамның рухани бірігуі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету, адамдардың бір-біріне деген мейірімді болуы, адамгершілік нормаларының сақталуымен жүзеге асырылуын қамтамасыз ету болып саналады. Діннің осы бір құндылықтарын қоғам өмірінде ұстана отырып, әрбір халық өз елінде тыныштық пен татулықты сақтауы қажет.

 

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің

дінтанушы маманы                   Б.Абдрахман            

0 пікір