Діни радикализмнің соңы білімнен алыстау
Діни радикализмнің соңы білімнен алыстау
01.09.2023
259
0

Радикализм (латынша «radix» - «түбір») – саяси жүйе мен әлеуметтік институттарды түбегейлі өзгертуге бағытталған идеялар мен әрекеттерді білдіретін саяси және діни ұғым.

Радикализм қабылданған дәстүрлерге мүлдем қайшы келеді және шектен шыққан әрекеттерді жақтайды. Тарихи тұрғыдан бұл термин қалыпты реформаларды жақтаушыларға да қатысты. Мысалы, Ұлыбританияда (1832 жылы) радикализм термині реформалар туралы заң жобасына қарсы шыққандарға қатысты қолданылды.

Орта ғасырдың соңы мен жаңа дәуірдің басында демократия ұрандарымен қатар радикализм де пайда болды. Оның жақтастары (Локк, Руссо және т.б.) табиғи емес қоғамдық қатынастар мен жағдайларды рационалдылармен түбегейлі ауыстыру идеясын алға тартты. Ал анархистер адам құқықтарын түбегейлі кеңейту қажеттілігін және қоғамда құқық қорғау органдарының шектен шығуын жақтады. Олардың идеялық жетекшісі У. Годвин адам ақыл мен еркіндіктің символы, сондықтан оның еркіндігін шектемеу керек деген идеяны алға тартты. Қазіргі дәуірдің радикализміне тән белгілердің бірі – қоғам өмірінің теориялық және практикалық мәселелерін шешу үшін күш қолдану үрдісі. Олар бейбіт жолмен шешуге болатын қарапайым мәселелерді шешу үшін күш пен зорлық-зомбылықты қолдануға бейім келеді.

Қазіргі радикализм экстремизмнің теориялық көзі болып табылады және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін зорлық-зомбылық әдістері мен құралдарын қолданады.

Радикалдар билікке келсе де, олардың билігі ұзаққа бармайтынын тарихи кезеңдерден көруге болады. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін бұрынғы кеңестік жүйенің орнында құрылған тәуелсіз мемлекеттердің аумағында радикалды ағымдар пайда бола бастады. Бұл үрдістер кейбір елдерде азаматтық соғыстарға әкелді.

Радикалды топтардың ислам мемлекетін құру және халифатты қалпына келтіру сияқты ұрандарымен шығып, қоғамның саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-ағартушылық дамуын тоқтатып, бұл үдерісті орта ғасырларға қайтаруға тырысулары – аса қауіпті құбылыс.

Діни фанатизм де радикализмнің бір түрі. Діни радикализмнің көрінісі, радикализмнң басқа түрлері сияқты, оған сәйкес келмейтін кез келген өзге дін өкілдеріне, діни көзқарастарға төзімсіздік танытудан, қоғамның дамуына қайшы келетін идеялар мен көзқарастарды жақтаудан көрінеді.

Діни радикализмнің қоғам тұрақтылығына төнген қаупі мына жағдайлардан көрінеді:

Әлеуметтік-саяси жағдайдың тұрақсыздануы. Осы мақсатта елдегі қоғамдық-саяси жағдай, оның ішінде діни саясат, имамдардың қызметі туралы халық арасында және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында арандатушылық сипаттағы ақпараттар таратылуы. Бұл қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақсыздануына әкелуі мүмкін.

Конфессияаралық және этносаралық қатынастардың шиеленісуі. Экстремистік күштер әртүрлі халықтар, тіпті өркениеттер арасындағы өзара сенім мен бейбітшілікке нұқсан келтірумен қатар, өзге дін өкілдеріне қатал әрі теріс көзқарасқа шақырады.

Ислам іліміне қайшы идеяларды халық арасында тарату. Бұл жағдайда олар өздерінің мүдделері үшін қасиетті Ислам дініндегі «шаһид», «жиһад» сияқты діни ұғымдарды теріс түсінеді. Бұл адамдар арасында Ислам діні зұлымдыққа, зорлық-зомбылыққа, соғысқа, қантөгіске негізделген деген жалған түсініктердің қалыптасуына себеп болады.

Діни-экстремистік және деструктивті діни ағымдарға қарсы күресте деструктивті топтардың назары жастарға бағытталғанын есте ұстағаныз жөн. Өйткені жастардың сыртқы әсерлерге оңай бейім келетіні және сонымен қатар қоғамның ең белсенді қабаты екенін де ескерген жөн.

Жастардың түрлі ағымдарға араласуының себептерінің қатарына олардың білімі, оның ішінде діни білімді әлеуметтік желілер арқылы бейтаныс адамдардан үйренуі, өзіне сенімсіздігі, барлық нәрсеге (байлық, атақ-даңқ, мансап т.б.) бірден қол жеткізуге ұмтылуын жатқызуға болады. Аталған пікірлер жастардың неліктен діни-экстремистік ағымдардың негізгі объектісіне айналғанын белгілі бір дәрежеде түсінуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда қоғамда тек діни білім алумен шектелетін, зайырлы білім алу қағидаттарын мойындағысы келмейтін азаматтарды кездестіруге болады. Енді осы тақырыпқа қысқаша тоқталып өтсек.

Білім өмірдің барлық саласында маңызды. Қазіргі заманда білімсіз жетістікке жетуді елестету мүмкін емес. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында да білімнің маңызы зор.

Білім біздің санамызды ашып, табыс пен өркендеудің түрлі жолдарын көрсетеді. Өмір бізге түрлі сынақтар береді. Ал білім бізге бұл қиындықтарды жеңуге көмектеседі. Нельсон Мандела: «Білім әлемді өзгерту үшін қолдануға болатын ең күшті қару», - деген.

Иә, білім әлемнің қарқынды дамуына көмектеседі. Адамзат өркениеті тек сауаттылық деңгейінің жоғарылауының арқасында ғана ілгері жылжыды. Бұл адамзаттың өмір сүру деңгейін де жақсартады. Осы орайда діни-экстремистік топтардың басым көпшілігі зайырлы білім алуды қолдамайтынын атап өткен жөн. Бұл, әрине қате пікір. Өйткені адам мына дүниеге келген соң міндетті түрде қоғам болып өмір сүреді. Ал сол қоғамның дамып, алға жылжуы үшін адамның тек діни білім алуы жеткіліксіз. Соңғы уақыттарда мұсылман мемлекеттерінің басым көпшілігінің батыс елдерінен экономикалық жағынан артта қалып қою себептерінің бірі - білім алуға ден қоймау екендігін сарапшылар тарапынан айтылуда.

Бүгінгі таңда елімізде діни-экстремистік және деструктивті сипаттағы түрлі ағымдар мен топтардың деструктивті идеяларына қарсы ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде дінтанушы, теолог мамандарды жұмылдыру арқылы қоғамның барлық деңгейдегі өкілдерімен профилактикалық іс-шаралар өткізу, түсіндіру жұмыстары мен дөңгелек үстелдер өткізу, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді жастардың бойына сіңіруге бағытталған шараларды өткізудің маңызы зор. Аталған шаралар өз кезегінде елімізде радикалды діни топтардың тамыр жаюының алдын-алуда сондай-ақ жастарымыздың діни жат ағымдардың жетегінде кетпеуіне пайдасын тигізері анық.  

 

М.Алиасқар

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                       

0 пікір