Діни білім мен дүнияуи білімнің маңыздылығы
Діни білім мен дүнияуи білімнің маңыздылығы
07.10.2019
1347
0

      Білім алу, сауатты болу – Ислам дінінің ең басты талабы.Себебі, Алла Тағала әуелгі аятын уахи еткенде "Ғәләк" сүресінің бес аятын түсірді:" Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Адамды ол ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Тәңірің ең ардақты! Ол қаламмен жазу үйретті. Адамдарға білмегенін үйретті". Демек, алғашқы аяттар тек оқу керектігін меңзеп тұр. Бұл - Алла Тағаланың бізге бұйырған әмірі.                                                   

        Бірақ аятта қай ілім саласын оқу керектігі айтылмаған. Сол үшін де адам өмірінде діни ілімнің де, дүнияуи ілімнің де алатын орны ерекше. Олай болса, адамзат үшін барлық білім саласын үйрену қамтылып тұр. Тек діни ілім алу парыз, дүнияуи ілім маңызды емес деген қате түсінік. Қазіргі таңда мұсылман емес мемлекеттер неге қарқынды дамуда?! Өйткені, олар білімге, ғылымға аса зор мән беруде. Құранда Алла Тағала:" Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?" (Зүмәр сүресі,9-аят) - деп білімнің құндылығын паш етті. Құранның алты жүзден астам жерінде білім жайлы айтылған.  Және "бір нәрсені білмесеңдер, ілім иелерінен сұраңдар" деп бұйырады. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:" Ілім алу - әрбір мұсылман ер мен әйел кісіге парыз"  - деген. Мұсылман адам жан -жақты болуы тиіс. Өйткені, қазіргі технология дамыған заманда біз алпауыт ірі мемлекеттермен санасуымыз қажет, мейлі ол дін саласында, мейлі дүнияуи мәселелерде болсын. Бірақ ондай жетістіктерге жетуіміз үшін өскелең ұрпаққа дұрыс ілім беруіміз қажет. Сондықтан, ең бірінші кезекте біз мектеп қабырғасындағы балаларға зәру болған діннің тіректерін бойларына сіңіруіміз қажет. Кейін ол балалар діни ілімді де, дүнияуи ілімді де бірге қатар алып жүретін болады.

        Қазақстандағы ислами білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан басталған мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар.  Ең алғашқы ислами орта оқу орындары болған медреселердің  араб жерінде емес, Түркістан өлкесінде пайда болғаны тарихтан белгілі. Мұның басты себебі тілдік фактордың әсері болып табылады. Мұсылмандықты қабылдаған түркі халықтары үшін ислам дінінің негіздерін үйрену, шариғат заңдылықтарын түсіну, зерттеу, тарату талпынысын араб тіліндегі Құран Кәрімді, Мұхаммед пайғамбар хадистерін, исламдық мәтіндерді игеру арқылы ғана жүзеге асыру мүмкін болып табылатын.  Мұсылманның парызы саналатын іс-әрекеттер (бес уақыт намаз, ораза, қажылық) де белгілі бір дәрежеде араб тілді мәтіндермен байланысты болды. Сондықтан ислам дінін игеру бірінші кезекте күрделі де көп салалы араб тілін жүйелеп, жіктеп, егжей-тегжейлі үйренуді талап етті. Діни мәтіндердің мағыналық ерекшелігі мен көп қабаттылығы да араб тілін жетік игеруді міндеттеді. Осыған орай араб тілінің (фонетикасын, грамматикасын, морфологиясы мен синтаксисін) арнайы пәндер арқылы игеру қажеттілігі туындады. Тіл игеруден кейінгі қиындық діни мәтіндер мен ілімдерді барлық қосымша пәндерімен қоса оқып-үйренумен байланысты болды. Бұл Құран ілімдері мен шариғат ғылымдарының екі үлкен сала ретінде қалыптасып, дербес оқытылуына негіз қалады. Осының барлығы араб тілі мен ислам дінінің негіздерін толығымен қамтып, жүйелендірген білім ордасы – медреселердің қалыптасуына алып келді.  Орта ғасырларда бірыңғай рухани мәдени кеңістікте өмір сүрген Орта Азияда медреселер жүйесі ерекше қарқынмен дамыды. Медреселер көбіне мешіттердің жанынан салынды. Бұхара, Самарқанд жерінде басталған медресе дәстүрі Баласағұн, Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Өзкент секілді Ұлы Жібек жолының бойында жатқан ірі мәдени орталықтарда жалғасын тапты. Орта ғасырлық жазба мәліметтерде бір ғана Баласағұн қаласында 40 мешіт, 20 медресе болғаны айтылады.                                                                                                                                                                                Қазақстан жеріндегі медреселер жүйесі бойымен Сыр бойындағы қалаларда ерекше өрістеді. Бұл Қожа Ахмет Яссауи негізін салған рухани ілім арқылы Түркістан қаласының түркі жұртының рухани астанасы деңгейіне көтерілуімен тікелей байланысты болды.  Сырдың төменгі ағысымен Арал теңізіне дейін, Үстірт арқылы Батыс Қазақстан өлкесіне дейін тараған медреселер мәдениеті Қазан хандығы тұсында татар жұртына да кеңінен тарады. Қазақ жеріндегі дін ғұламаларының Орта Азияның басқа да қалаларымен, Иран өлкесі мен араб жеріндегі іргелі ғылым орталықтарымен  таныс болғаны, Йасауи хикметтерінде айтылғандай, «Қорасан, Шам, Иракқа сапар шегіп», ілім алмасып, тәжірибе жаңғыртып, рухани байланыс та дамығаны белгілі.

       Шариғат тілінде білім сөзі – бір мәселені жан-жақты, анық-қанығына дейін жіті түсіну деген мағынаны білдіреді. Білім – ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі. Ал, білімсіздік мұның қайшы мағынасы. Ақылды адам ой-қабілетімен бірнәрсені түсінуге тырысады. Ал, надан басындағы ақылын, бойындағы қабілетін дұрыс қолдана алмайды. Сондықтан, білімді адам – жарық шам секілді. Білімсіз надан – қараңғы түн сияқты.

       Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Дініміздің осы тұсы исламның хақ екенін дәлелдей түссе керек. Өйткені, дүниеде білім мен ғылымды парыз санайтын исламнан басқа дін жоқ. Демек, білімді тек Ислам діні ғана қажет санап, барша мұсылмандарды ілім алуға үндейді. Пағамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз, – делінсе, тағы бір хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен», – деп насихат айтады.

 

«Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу»

бөлім маманы  Ақтөре Болатұлы

0 пікір