Дінге шақыру жолы
Дінге шақыру жолы
26.02.2020
1716
0

Бұл мақаланы жазуға түрткі болған жаңадан дін жолына түскен бауырларымыз  «Исламға, жақсылыққа, пайдалы амалдарға шақырумен айналысқым келеді, бірақ мен исламның барлық аспектілері туралы жеткілікті білімді емеспін. Мен мұндай жауапкершілікті іспен айналыса аламын ба? Егер бар болса, оны қалай жасауға болады?» деген сауалдарға жауап беру. Бүгінгі күні намазға жығылып, Аллаға құлшылық жасап жүрген мұсылман жандардың қатары күннен күнге өсіп келеді. Бұған мың да бір шүкіршілік. Дегенмен, соңғы уақыттары мұсылман бауырларымыздың арасында, көбінесе жастар арасында арнайы діни білімі болмасада «анауың бидғат», «мынауың бидғат» деп, діни сауаты жоқ адамдардың шариғат аясында пәтуә беріп, ел арасында фитна (бүлік)  шығарып жүр. Намазға енді ғана жығылып жүрген адамдардың көкейіне күмән салып, түрлі ойға батырып жүргендердің де арамызда табылып жатқаны жасырын емес. Қандай мәселеде болмасын, әсіресе діни мәселелер жайында көзіңіз толық жетпей тұрып бір нәрсе турасында үзілді-кесілді үкім немесе пәтуә беру өте ауыр, бұдан сақ болған жөн. Өйткені мұның артында үлкен жауапкершілік бар. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде, «Исра» сүресінің 36-аятында:«Білмейтін нәрсеңнің соңына түспе! Шынында құлақ, көз және жүрек осылардың барлығы одан сұралады»,-деп бұйырады. Сондықтан да, әркім өз орнын, дәрежесін жақсы білгені дұрыс.

Пайғамбарымыздан (с.а.с) Ибн Мажә арқылы жеткен, Имам Термизидің хадистер жинағында келтірген: «Кімде-кім жалған екенін біле тұра менің атымнан бір сөз риуаят етер болса, ол – өтірікшінің нақ өзі»- деп ескерткен өсиеті бар.

Елімізде осындай бүліктердің алдын алу және қоғамдағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша 490-бапқа сәйкес Қазақстан Республикасы «Діни қызмет және діни бірлестік туралы» заңнамасы бойынша  мемлекет тарапынан кез келген дін өкілі белгіленбеген жерде уағыз насихат жасауына, кітаптар таратуына т.б. тыйым салынды. Сонымен қатар ҚР Қылмыстық Кодексi, 174-бап. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса, бас бостандығын шектеуге не бас бостандығынан айыруға жазаланатынын ескертеді. Қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату – әрбір мұсылманның міндеті. Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистері біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін жеке мүддеден бас тарта білу иманның кемелдігіне жатады.

 

Халық арасында бүлік шығару мақсатында пәтуә (үкім шығару ) айтылмайды, пәтуә - көптеген түсініктердің дұрыс пікір қалыптастыруын қамтамасыз етіп, білімділер арасындағы түсініспеушілікті айқындау арқылы ғұламалардың діни-құқықтар қақындағы келісімдерін нығайтуға көмектесетін құрал. Біздің елімізде  пәтуаны тек Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы беруге құзырлы. Кейінгі кездерде пәтуәні базы діни білімі таяз мұсылмандар да беріп жүр. Әркім пәтуа бере берсе, қоғамда пікірлер қайшылығы орын алып, ол біздің береке-бірлігімізге нұқсан келтіруі мүмкін.

Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистерінде Исламға шақыру, кем дегенде, кейбір мұсылмандар үшін парыз екенін көрсетеді. «Әл-Имран» сүресі, 104-аятында Алла Тағала былай дейді: «Сендерден жақсылыққа шақыратын сондай-ақ дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосатын бір топ болсын. Міне солар құтылушылар»-дейді.

Әрине, Исламға шақыру кезінде уағызшының алдында әртүрлі адамдар кездеседі. Жауабын таппай жүрген күрделі діни сұрақтарын қояды. Ал Исламға шақырушы адам жалпы шариғат үкімдері бойынша бағыт-бағдар беру кезінде Құрандағы аяттар мен хадистердің сыртқы және ішкі мағынасын бұрмаламай, дұрыс түсіндіріп жеткізе білуі керек. Ол үшін оның арнайы діни білімі болуы қажет. Діни сауаты жоқ адамдарының жамағат түсінбейтін нәрселерді айтуы және жазуы да фитна болады. Барлығының түсіне алатынындай дәрежеде айтуы міндетті. Мұсылмандарға жасай алмайтын ғибадаттарды әмір етпеуі керек. Арнайы діни біліміңіз болмаса, бұл жағдайда сіз шақырудан аулақ болыңыз және бұл мәселені ғылым иелеріне тапсырыңыз.

Діни мәселені шешуге ілімі жетпейтін жандарға Алла тағала «Нәһл» сүресі, 43-аятында: «Егер білмесеңдер, онда білетіндерден сұраңдар»- деп әмір етеді. Ал «Әнкабут» сүресі, 43-аятында: «Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады»- делінген. Білу үшін сұрау керек. Бабаларымыз: «Өз білмегеніңді кісіден сұра, үлкен болмаса кішіден сұра», - деп ақыл айтады.  Намазды енді бастағандар үшін мешіттің имамымен немесе басқа дінтанушы мамандарымен кеңесіп, оның мақұлдағаннан кейін ғана осы бағытта әрекет етіңіз. Бұл жайында Құранда «Зумар» сүресінің 9-аятында: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» деп келеді. Білімді адамның бұл дүниедегі орны да бөлек. Мысалы бүгінде қоғамда дипломы бар адаммен дипломы жоқ адамның айырмасы қандай? Жоғары білімді диплом мен арнайы орта (колледж) дипломының айырмасы бар ма? Мектеп мүғалімі мен жоғары оқу орнының оқытушысы, аға оқытушы мен профессордың айырмасы сияқты жалғаса береді. Тіпті, пайғамбарымыз Мұхаммедтің өзі (с.а.с.) «Таһа» сүресінің: «Раббым, білімімді арттыр!» – деген 114-ші аятын дұға ретінде жиі оқығандығы мәлім. Осыны көрген Әбу Асуад есімді мұсылман ғалымы былай деген екен: «Ғылымнан асқан ғазиз нәрсе жоқ. Патшалар адамдарға билік жүргізсе, ғалымдар патшаларға билік қылады». Білмегеніңізді тек мешіт имамдарынан немесе арнайы діни оқу орындарынан  алуға ғана болады. Ислам әлеміне танымал мухадисші Имам Нәуәуи «әл-Мәжмуғ» атты кітабында: «Кімде-кім бір мәселеге кез келіп қалса, оны білу (оның пәтуасын сұрау) және шешу уәжіп болады. Егер өзі тұратын жерде сондай адам табылмаса, онда алыс сапарға шығып болса да, сол мәселенің жауабын іздейді. Бұрынғы ата-бабаларымыз бір мәселе үшін де алыс жолға шығатын»,- деп жазады.

Егер тұтастай алғанда, мұсылман адам Исламда рұқсат етілген және тыйым салынған нәрселер туралы дәстүрлі бағыттағы дін мамандарымен кеңесе отырып, өзінің айтқанына сенімді түрде жеткізгені дұрыс. Мысалы, достарыңызға бес уақыт намаз оқуы керектігі, қажылық мұсылманның міндеті екенін, спиртті ішімдік ішуге, есірткі қабылдауға рұқсат етілмейтінін және осыған ұқсас басқа қарапайым нәрселерді айту үшін сізге арнайы білімнің қажеті жоқ. Дұға, неке адалдығын бұзуға тыйым салу және тағы басқа мәселелер туралы нақты білсе, онда ол қолыңыздан келеді, ал кейбір жағдайларда насихат етуге білімі жетпесе немесе бүлікшілер тарапынан қойылған діни сұрақтың жауабын білмесе, білікті дін маманының мақұлдауын  білгенше даулы да, талапты мәселелерде бүлік шығармау мақсатында жауап бермей, тасада тұрғаныңыз абзал.

Сөзімді қорытындылай келе сіздің діни біліміңіздің деңгейіне қарай діндегі қарапайым нәрселерге жүгінуге кеңес беріледі. Бұл сізге оңай болатынына қарамастан артында қайырымы бар істер жатқанын білгейсіз. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.а.с): «Менен (басқа адамдарға) кемінде бір аят болсада жеткізіңдер»-дегені айтылған. Хадисті Әл-Бухари риуаят еткен. Алдымен ата-ана мен үлкендерді құрметтеу, мұқтаж болғандарға садақа беру, Құран оқу, қосымша дұғалар жасау және Исламда белгілі басқа да көптеген нәрселерге назар аудару керек. Қазақ даласында ханафи мәзһабы салт-дәстүрлерімізбен сабақтасып кең етек жайған дінімізге дұрыс шақыру жолын сақтай отырып еліміздегі ортақ ауызбіршілікті, бейбітшілік пен тыныштықты сақтағанмен тең.

 

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

«Әдістемелік қамтамасыз ету» бөлімінің маманы   А. Дүйсен

0 пікір