Діндегі адамгершілік принциптері
Діндегі адамгершілік принциптері
31.01.2022
1165
0

Қазіргі уақытта діни мәселелерді тереңінен ұғынбай, дінге жеңіл көзқарас қалыптастырған азаматтар арамызда жоқ емес. Ол нәрсе әуелі діни сауатсыздықтан бастау алады. Дін мәселелерін терең түсініп, зерттейтін болсақ, жалпы адамзат баласына бұйырылған басты міндеттердің бірі – бойымыздағы адамдық сипаттарын жоғалтпау болып табылады. Себебі, әрбір азаматтың бойындағы адамгершілік, туралық, шыншылдық, көркем мінезділік қасиеттері арқылы үлгілі қоғам қалыптасады. Дін амалдарын толық орындап, алайда, аталған сипаттар бойында табылмайтын азаматтардың ислам дінін толық түсінетініне үлкен күмән бар. Сондықтан, Алла Тағала Құран Кәрімде адам баласы Жаратушының алдында – өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты екенін айтқан. Имани құндылықтар – әр адамды бауырым деп сүюге баулитын асыл арқау, ел мен жерді ынтымаққа шақыратын ізгі қасиеттер. Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.а.с.): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді.

Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады», – деп айтты», – делінген.

Ислам – рухани құндылықтар негізі ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатыр. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан, дін мәселесі – руханият мәселесі. Қазіргі уақытта дінге тек қағидалар, қатаң талаптар жүйесі деп қана қарайтын түсінік қалыптасты. Бұл дұрыс емес. Дінді руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алғанымыз жөн. Ұлты­мыздың ұлы тұлғалары исламның осындай асыл құндылықтарынан нәр алып, әлемдік өркениетке өлшеусіз үлес қосқан болатын. Әсіресе, соңғы жүзжыл­дықтар қазақ ғылымы мен мәде­ниетін қарыштап дамытты. Ал тәуел­сіздіктен кейінгі кезең өрке­­ниетті дамуға даңғыл жол ашты. Бұл жетіс­тіктер ұлт дүниета­нымында орныққан рухани құндылықтар кешенімен сабақтасып, бүгінгі біздің дәстүрлі руханиятымызды қалыптастырды.

Адам құндылықтардың ең жоғары дәрежесіне таза жүрек арқылы жетеді. Пайғамбар (с.а.с.) бір хадисінде: «Адамның денесінде бір бөлшек ет бар, егер ол ет таза, жақсы болса, ол адамның амалдары да жақсы, егер ол ет лас болса, оның амалдары да жаман болады. Ол – жүрек», – деген екен. Демек, адам имандылық арқылы рухани адамгершілік қасиеттерін ашады.

Мемлекеттің әлеуметтік, саяси, экономикалық тұрғыдан қуатты болуы сол елдің имани айнасына байланысты. Иманды мұғалім ізгі ұрпақ тәрбиелесе, иманды дәрігер науқасқа мейірімділік танытып, сырқатын емдесе, иманды басшы халыққа қалтқысыз қызмет етсе, иманды құрылысшы өз ісіне адал болса, міне, сол кезде ғана адамгершілік сапасы биік ұрпақ қалыптастырар едік. Өмірін дінмен байланыстыра білген ата-бабаларымыз әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін өшпес өнеге қалдыра білді. 

Адамгершілік қасиеттерді ұдайы жетілдіріп отыруы немесе бүкіл адамгершілік қасиетінен жұрдай болуы сол кісінің имандылығына байланысты деген түйін жасайды. Имандылықтың ең басты көрінісі – мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарай білу. Ислам дінінен нәр алып, ұлттық болмысымыздың тұтас жиынтығына айналған данышпан Абай әрбір адамға қажетті қанағат-ынсап, бауырмашылдық пен имандылық сезіміне ерекше мән беріп, нәпсіні тыя білу мұсылмандықтың басты шарттарының бірі екенін кейінгі ұрпаққа қайта-қайта ескертіп отырады.

Ислам діні – тілі мен ділі, дәстүрі мен танымы әртүрлі ұлттар мен ұлыстарды бөле жармай адами құндылықтар төңірегіне ұйыстырады. Бұл ретте хадис тағылымы былай дейді: «Мұсылмандар бір-біріне жанашырлығымен және рақымшылығымен бір дене секілді. Егер дененің бір жері ауырса, онда бүкіл дене онымен бірге ыстығы көтеріліп, ұйқысы қашып, мазасызданады».

Пайғамбар (с.а.с.) үмбеті, біздерді бір үйдің баласындай, тату өмір сүріп, бір-бірімізді қолдап, демеу көрсетуіміз керектігін еске салады. Қазір қоғамның көзі ашық, ғылыми-техникалық дамудың шарықтап тұрған кезеңі. Бірақ, бір нәрсе жетіспейді. Бүкіл адамзат соны іздеумен әлек. Ол – рухани азық. Бүгінгі таңда халқымыздың тарихи мұраларын оқып-білу, дін мен дәстүрімізді бүгініміз бен келешегіміздің нәрлі қайнарына айналдыру өмір қажеттілігінен туындап отыр.

І.Нағызхан

Түркістан облысының дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу

орталығы» КММ-нің теолог маманы                                     

0 пікір