Дінаралық татулық – тәуелсіздік кепілі
Дінаралық татулық – тәуелсіздік кепілі
16.07.2020
1165
0

Қаншама ғасырлар бойы бейбіт қатар өмір сүріп келе жатқан әртүрлі конфессиялар мен ағымдардың арасында ХХІ ғасырда қақтығыстардың орын алуы – ойланарлық мәселе. Тәуелсіздіктің алғашқы ширек ғасырын өткеріп, діни бағдарлар мен құндылықтар енді орнығып келе жатқан біздің қоғамда дін немесе діни көзқарастар салдарынан болуы мүмкін қайшылықтар мен қақтығыстардың алдын алу үшін еліміздегі діншілдік мәселесін мұқият зерделеу, оның өсу динамикасы мен бағытын айқындау, уақыт оздырмай түрлі шаралар қабылдау маңызды. Қала бере қоғамда саңырауқұлақтай қаптаған деструктивті діни ағым өкілдері ислам дінін құбыжық қылып көрсетіп жүргені тағы бар. Бірінші кезекте сөз ұқпас сондай жат ағым өкілдері үшін дін мағынасын айшықтап кетсек.

Дін ерте заманнан адамзатқа қажетті рухани құндылықтарды бейнелейтін ізгілік, мейірімділік, тазалық, адалдық, достық және бауырластық идеяларын жүзеге асыруда ұзақ уақыт қызмет етіп келеді. Көптеген ұлттық құндылықтардың ыдырамай өмір сүруі діннің осы ерекшеліктерімен де байланысты. Әлемдегі барлық діндер ізгілік идеяларына негізделген. Олар адамдарды дұрыс өмір сүруге, тура жолға және шыдамды болуға, екінші біреудің ала жібін аттамауға, жаман істерден аулақ болуға, құмарлықтың тұзағына түспеуге шақырады. Діни төзімділік идеясы барлық діндерге тән осы ортақ қағидаларды мойындай отырып, олардың арасындағы ынтымақтастықты және осылайша бүкіл адамзаттың арманы болатын әділеттілікке қол жеткізуді қолдайды.                                                                    Дінаралық татулықты сақтау – әр түрлі діндер арасындағы адамдар бір-бірінің сенімдеріне өзара құрмет пен түсіністік таныта отырып, бүкіл адамзат баласы өмір сүріп отырған осынау алып жер шарында тату тәтті өмір сүрудің кепілі. Бүгінгі таңда дінаралық толеранттылыққа қол жеткізу үшін олардың арасында мәдени диалог пен ізгілік саласындағы ынтымақтастық орнатылуда. Атап айтқанда, келесі ғасырда адамзатқа төнуі мүмкін қауіптер – ядролық соғыс, экологиялық апаттар, терроризм және діни экстремизм – барлық діндерге ізгілік, планетамыздың сақталуы жолында діндерді біріктіріп, ынтымақтастық жасауға үндеуде.    Осы орайда атап өтер маңызды жайт діндер арасындағы үндестік, әлемнің бейбіт және мамыражай күн кешуі жолында Еліміз Қазақстанның әлемдік аренада сіңіріп жатқан еңбегі орасан зор.                                                                                                    Қазақстан Республикасының шаңырағының астында 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің, 18 конфессия сенушілерінің бейбіт, қатар өмір сүруі әлемнің өзге елдерінде кездесе бермейтін жайт. Бұдан біз қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ететін этностар мен діндер арасында орнықты әрекет үлгісі қалыптасқандығын көреміз. Діннің қоғамдағы маңызы артқанын жіті сезіне отырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордамыз – сол кездегі  Астана қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында әлемдік және дәстүрлі діндер форумын өткізу бастамасын көтерді. Елбасының бастамасымен 2003 жылдан бері дәстүрлі түрде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өткізіліп келеді. Қазақстандық конфессияаралық келісімнің символына айналған діни лидерлер съезінің беделі жыл санап артып отыр. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністікке негізделген диалог осы саладағы халықаралық ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады және заманымыздың күш көрсету, экстремизм, терроризм сияқты келеңсіз құбылыстарын еңсеруге ықпал етіп келеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу арқылы Қазақстан бүкіл әлемдік қоғамдастық алдында ұлттық консенсустың және қоғамды біріктірудің үлгісін көрсе білді. Біздің еліміз этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау бойынша үлкен тәжірибеге ие және осы салада  әрдайым тиімді ынтымақтастыққа дайын. Съезд 17 жыл ішінде конфессияаралық және дінаралық қатынастар мәселелерін талқылауға арналған беделді халықаралық алаңға айналды.                                                     Біршама алпауыт елдердің өзі таңдай қағып қарайтын осыншама игі шараларды елемей, үй ішінен үй тігіп, қит ете қалса «дәлел» сұрайтындар үшін де біршама ақпарат бере кетуді жөн санадық. Ислам тек бір ғана ұлтқа басымдық беріп, екінші бір ұлтты төмен санауға үндемейді. Керісінше, әрбір адамға құрметпен қарай отырып тек қана ізгі істер жасауға шақырады. Бұл сөзімізге Қасиетті Құранның «Мумтахина» сүресінің 8-аяты айқын дәлел бола алады: «Алла Тағала дін жайында сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында Алла Тағала турашылдарды жақсы көреді». Ал ардақты Пайғамбар (с.а.с.) өзінің хадисінде: «Иманның абзалы сабырлылық және кішіпейілділікте» - деп, діннің асыл маңызын бір ғана ауыз сөзбен ұқтырып кетті. Жат ағым өкілдері күйе жағып жүрген Ислам діні адамдарды дініне, ұлтына, нәсіліне басқа да ерекшеліктерімен бөліп жармай барлық адамға сый-құрметпен қарауға үндейді.

Барлық діндердің мәні ізгілік, достық пен бауырластық, жанашырлық, мейірімділік сияқты ұғымдарды құрайды. Дәл осы ұғымдар әртүрлі діндер арасындағы диалог пен ынтымақтастық үшін ортақ негіз болады. Адамзат бүгінде бұл фактіні күн өткен  сайын  терең түсінуде. Діни татулық, діни  толеранттылық идеясы белгілі бір қоғамда, бүкіл әлемде халықтар, әртүрлі діндер арасында достық қарым-қатынас орната отырып, олардың күш-жігерін әлемді дамыту үшін жұмылдыруға қызмет етеді. Бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызды шарты болып табылатын бұл идея бүгінде тек діндарлар үшін ғана емес, сонымен бірге жалпы қоғам мүшелерінің ынтымақтастығын білдіреді және бірлікке қол жеткізудің маңызды факторларының бірі болып табылады. Осындай игі қасиеттерді бойында жинаған діннің қоғам үшін, жекелей мемлекеттер және  бүкіл әлемнің тұрақтылығы мен бейбітшілігі үшін маңызы зор.     

Қазіргі жаһанданған және күрделі әлемде өмірдің өзі Қазақстандағы әр ұлттың болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл әртүрлі ұлттар, діндер арасындағы өзара құрмет пен ынтымақтастық жағдайында ғана жүзеге асатынын көрсетеді. Мемлекетіміздің осы бағытта жүргізген ұтымды саясаты біздің еліміздің дамуы, барлық отандастарымызбен серіктестік пен ынтымақтастықта бейбітшілік пен халықтың гүлденуі сияқты ұлттық идеяларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Өйткені, біздің мыңдаған жылдық тарихымыз дінаралық келісім, адамгершілік, ұлтаралық келісімге ұмтылу халқымыздың ең басты қасиеттерінің бірі екендігінің айғағы. Тәуелсіздік бізге осы асыл дәстүрлерді жалғастыруға және олардың ұрпақтан-ұрпаққа керемет жеткізілуіне мүмкіндік береді.

 

М.Салиходжаев

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы

0 пікір