Дінаралық келісім және діни бостандық
Дінаралық келісім және діни бостандық
26.05.2020
1156
0

Қазақстан – көпконфессиялы мемлекет. Оның рухани-мәдени саласындағы саясатының негізгі басымдықтарының бірі - этносаралық және конфессияаралық келісім және соның негізінде мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы сындарлы диалогты дамыту. Белгілі философ Жан Жак Руссо: «Мемлекет үшін әрбір азаматтың өз міндеттерін жақсы көруге тәрбиелейтін діні болуы өте маңызды»-деп атап өткен екен. Сенушілердің міндеттерінің бірі Құдайға деген сүйіспеншіліктен басқа, Отанға деген махаббат, қазақстандық патриотизм болуы тиіс.

Жыл сайын 18-қазан күні елімізде Рухани келісім күні атап өтіледі. Бұл атаулы күн 1992 жылдың 18-қазанында Алматыда Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен Бірінші Бүкіләлімдік рухани келісім конгресі өткен күннен басталады. Елбасымыз тыныштық пен тұратылықты сақтауды жас мемлекетіміздің болашағы үшін маңызы зор екендігін өз жолдауларында: «Кез келген халықтың рухани мәдениетінің негізін бейбітшілікке, келісімге, әділдікке ұмтылу құрайды. Көп ұлтты қазақстандық мәдениетке тән рухани бастамаларды нығайту мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі.

Қазақстандағы конфессияаралық келісімді нығайтуда мемлекетіміздің тарихи қалыптасуында орны ерекше ислам мен православтық христиандықтың өзара қарым-қатынасының рөлі аса маңызды.

          «Достықтың арнасы-кең, тамыры-терең»-дейді дана халқымыз. Біздің елімізде тамырын тереңнен тартқан достық қазіргі таңда одан әрі нығая түсуде.

Қазақстандағы дінаралық келісім моделінің өзіндік ерекшелігі бар, оның басты белгілерінің бірі – Отанға деген сүйіспеншілік, қонақжайлылық пен жанқиярлық, өзара көмек, елде атап өтілетін мерекелердің интернационализмі. Халық, әсіресе жастар патриотизмнің тек бір ұлттың мақтанышы емес, оның басқа ұлтқа деген агрессиясы емес, керісінше мәдениеттердің, діндердің, дәстүрлердің бейбіт өзара әрекеттесуі – Қазақстанның дамуы үшін қуатты ресурс екенін терең түсінуі басты құндылық. 

Бүгінде еліміздегі діни бостандық пен діни жұмыстар қарқынының тұрақты қалыпқа келіп, бір ізге түсуінің тағы бір басты нышаны 2011 жылы бекітілген ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы. Заңның алғашқы баста­уында: «Осы Заң Қазақстан Республи­касының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратынын, әркімнің ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркімнің діни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиан­дықтың тарихи рөлін танитынын, Қазақ­стан халқының діни мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфес­сияаралық келісімнің, діни тағаттылық­тың және азаматтардың діни наным­дарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады» - деп баста­лады. Конституциямыздың 22-бабын­дағы: «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар», 14-бабындағы: «дінге» көзқарасына байланысты «ешкімді кемсітуге болмайды» деген қағидаларына сәйкес мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қатынасы бір-бірімен бейбіт үйлесім табуда.

Ғабит Мүсірепов «Қазақ деген ел, бостандық-азаттық сүйетін, даланы, таза ауаны, таза суды, таза көгалды сүйетін халық» - деп бекер айтпаса керек. Бостандық-елдің ішкі және сыртқы саясаты саласында әлеуметтік субъектілердің (жеке адамның, топтардың, қоғамдық-саяси ұйымдардың, т.б.) өз мақсаттары мен мүдделеріне орай әрекет жасау еркіндігі; құқықтық мүмкіндіктер аясы. Адамдардың қол жеткізген бостандықтары тарихи дамудың нәтижесі болып саналады. Қоғамдық дамудың кейбір қайшылықтары мен кереғарлықтарына қарамастан, қайсыбір тарихи кезеңдерде жеке адам иеленетін бостандықтар аясы кеңи түсетіні дәлелденген. Діни бостандық туралы елімізде қабылданған жаңа заң қазіргі кезеңде Қазақстанда орын алып отырған діни ахуалды терең байыптай отыра, қабылданған заң болып табылады. Бұл заңның негізгі мақсаты елімізде діни экстремизмді өршітпей шынайы, зайырлы мемлекеттілікті одан əрі дамыта түсуге ықпал ету.

Адам жанын тазарту үшін дүниеден безуге шақыратын кейбір секталар сенушісінің меншік дүние-мүлкін ұйымның атына аудартқызып, ұйым мүшелеріне өмір сүруге қажетті деген жағдайларды ұйымдастырумен (өз пансионаттарына орналастыру, киім-кешек беріп, күнделікті тамақтандырумен) ғана шектеледі. Енді біреулері өз мүшелерінен отбасын басқа ұлт өкілімен ғана құруын талап етеді. Көріп отырғанымыздай, біраз секталар адамның меншігіне зияндылықтар келтірсе, тағы біразы «ұлт», «ұлттық ерекшелік», «ұлттық тәрбие» сияқты қоғамды ынтымақтастырушы құндылықтарды жоюды мақсат етеді. Бұл жердегі басты ерекшелік-қоғамға зиян келтіріп жатқан іс-әрекеттердің заң бұзушылық фактісі ретінде анықталу мүмкіндігінің жоқтығы. Себебі аталған процестер секталық ұйымға психологиялық тәуелділіктен сенушілердің өз еріктері негізінде жүріп жатыр. Қазақстанның дін саясатының заңнамалық негізіне келетін болсақ, ең алдымен ар-ождан бостандығы Ата заңымызда нақты көрсетілген.

Қорыта келе Ислам діні халқымыздың өмір сүру болмыс-бітімі, мәдениетімен біте-қайнасып кеткен. Айталық, халқымызда сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа беру, пітір беру, бата беру, т.б. сынды діни дәстүр-жоралғылар өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр.

Қазақ ғалымдары қазақтың ұлттық құндылықтары жүйесіндегі ислам дінінің орнын зерттеу нысанына алып, әр кездерде пікір қалдырып отырған. Ендеше, біз де қазақ халқының тарихи тағдырындағы, рухани болмысындағы асыл діннің өзіндік орнын айқындап алуға міндеттіміз.

Дін – ұстай алса, діңгек. Ұстай алмаса-індет. Неше түрлі соғыс, дау-дамай, жан­жал атаулының ішінде діни тұрғыдағы қай­шылықтың бітім табуы-ең қиын мәселе. Ел ынтымағының ұйтқысы іспетті қазақы ұлттық дүниетанымымыз бен дәстүр, әдет-ғұрып секілді киелі ұғымдарымызға адалдық танытуымыз – ел ертеңінің кепілі.

 

 «Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру

және үйлестіру» бөлімінің басшысы  Қ.Салықбаев

0 пікір