Дін – тәрбие діңгегі
Дін – тәрбие діңгегі
26.11.2020
2479
0

Дін – адамзат тарихы мен мәдениеттің ажырамас бөлігі. Дін-әлемдік өркениеттегі барлық қоғамдарға тән тарихи, саяси-әлеуметтік, дүниетанымдық және психологиялық құбылыс. Адам рухымен тікелей байланысты дін  адамзатпен ықылым замандардан бері бірге жасасып келеді. Дін сан қырлы, күрделі және нәзік нәрсе. Дінді Жаратушы мен адамның арақатынасы, адамның танымынан тыс күштердің барлығына сенуі және илану деп анықтауға болады.

Дінін білген адамға тегі, тегін білген адамға діні ешқашан жат саналмайды. Әлемдегі барлық діндерде адамның өзін-өзі тәрбиелеуі, өз кемшіліктерімен күресуі туралы айтылады. Жер бетіндегі барлық діндер бейбітшілік, рақымдылық, әділдік сияқты жоғарғы құндылықтарға негізделген. Солардың ішінде, ең соңғы кемеліне келген әрі мейірім мен рақымдылықты ту еткен дін – Ислам діні.

Қазақ халқының ежелден ұстанатын діні – Ислам. Тарихи деректерге сүйенсек, ата-бабаларымыздың ислам дінін қабылдағанына шамамен 1200 жылдан аса уақыт өткен. Содан бері ислам діні қазақ жерінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, бүгінгі күнге дейін дүниетанымымыздың бөлінбес бір бөлігі болып келеді.

Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөледі. 

Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі болудан ешқашан да тыс қалмаған.

Бұған қоса жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты «көргенді» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды «иманды» деп атайтындығын атап айтуға болады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Біз тегіміз түрік, дініміз ислам екенін ұмытпауымыз керек, ол үшін қасиетті кітап Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек»  ̶  деген болатын. «Отанды сүю  ̶  иманнан»  ̶ дейді. Ұлттық рухта патриоттық, имандылық тәрбие алғандар адасудан бойын аулақ салатыны сөзсіз.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев тағы бір сөзінде: «Ислам – дін ғана емес, ол – біздің мәдениетіміз»  ̶  деген ойлы сөзін ескерсек, Ислам дінін рухани мәдениеттің де ошағы деп санауға мүмкіндік береді. Қазақ тәрбиесіндегі әдептілік қағидалары Құран мен хадистерден алынып отыр. Хадис пен сүннет мұсылман қоғамының іргетасын қалап, күнделікті өмірімізге сіңіп кеткендігін аңғаруға болады. Оның нәтижесін ата-бабаларымыз хадистердің мазмұнын мақал-мәтелге айналдырып халық арасында насихатталып жүруінен байқалады. Айталық, «өтіріктен сақтан, себебі өтірік пен иман бір жерде болмайды»  ̶  деген хадисті, «өтірікшіде иман жоқ»  ̶  деген мақалға айналдырып, өскелең ұрпаққа өтіріктен бойын аулақ ұстауды үйреткен. Сол сияқты хадистердің ішінде мақалға айналып, халық арасында таралғандарға мысал ретінде:

1. Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайты бар.

2. Жарлы деп сөкпе, Пайғамбарға тілің тиеді.

    Жалғыз деп сөкпе, Құдайға тілің тиеді.

3. Адамның ұяты бетінде, адамгершілігі ниетінде.

4. Адамгершілік абырой алып береді.

5. Ұяты жоқтың иманы жоқ.

6. Алла деп бастаған іс алдымен бітеді.

7. Кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі.

8. Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік,  ̶  деген мақал-мәтелдерді алуға болады.

Бүгінгі жаһандану ғасырында, ғаламдық құндылықтарға қауіп төніп отырған сындарлы уақытта жастар тәрбиесі өзектілігі бар тақырыптардың бірі. Себебі, қазіргі жастар діни білімдерін алу үшін әлеуметтік желілерге, сайттарға жүгінуде. Соның арқасында әлеуметтік желілердегі теріс пиғылды ағымдардың жетегінде кететіндер саны көбейіп жатыр. Сол себепті діни білім аларда Қазақстан мемлекетінің аумағында діни білім беруге рұқсат берілген ресми сайттардан, әлеуметтік желілердегі парақшалардан үйренгені жөн.

Бүгінгі таңда бейбітшілік заманда сарбаз, батыр дегеніміз  ̶ жаугершілік кезіндегідей қолына қару алып, жауға қарсы аттану емес. Заманымыз тыныш, бүгінгінің батыры ол – бейбіт заманның тыныштығын сақтау, елге қарсы емес, керісінше ел үмітін ақтау. Осы орайда Әл-Фараби атамыздың: «Адамға алдымен тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы»  ̶  деген сөздерін еске ала отырып, бүгінгінің батыры  ̶  ол білім алып, білімінің туған халқына қарсы емес, ел мүддесі үшін жұмсайтындар дей аламыз.

 

Дінтанушы М.Сарман

0 пікір