Дін мен мемлекет арақатынасы
Дін мен мемлекет арақатынасы
03.06.2021
1877
0

Барлық дерлік қоғамдық дүниетанымның негізінде «қасиетті» мен «киелінің» бастаулары орын алғандығын білеміз. Кез келген құқықтық жүйе өнегеліліктің қасиетті заңдарымен санасқан. Тарихта барлық мемлекеттер діннің этикалық негіздеріне сүйене отырып дамығандығы белгілі. Әр мемлекеттің дін саласындағы саясатының қағидаттары әр түрлі болды. Бір мемлекеттер бірнеше діннің теңдігін мойындаған болса, өзгелері бір діннің үстемдігін қабылдап, басқа діндерге қысым жасаған жоқ. Енді бір мемлекеттер басқа дінді ұстанушылардың құқықтарын шектеген болса, өзгелері басқа дін өкілдерін өлім жазасымен қорқытып, олардың дініне тыйым салып отырды.

Дін мен мемлекеттің арақатынасы деп әдетте діни ұйымдар мен мемлекеттік органдардың қарым-қатынастары айтылады. Бірақ, бұл қатынастармен шектеу дұрыс емес. Мемлекет пен діни орындар қатынасы заң жүзінде бекітілген. Қазақстан Республикасының Конституциясында дін мемлекеттен бөлінген делінбеген. «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңының 4-бабында «Діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген» - делінген. Ал Конституцияда бірінші бабында Қазақстан «зайырлы» мемлекет деп жариялаған.

Демократиялық қоғамда дін міндетті мемлекеттік мәртебеге ие емес, бірақ оның өз орны бар. Конституциямыздың 5-бабында: «Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр алуандылық танылады»,- делінген. Конституцияның бұл тұжырымы дүниеге деген әр түрлі көзқарастың (идеологияның) заң алдында теңдігін, бірақ ешқайсысының анық міндетті еместігін көрсетеді. Конституцияның бұл бабынан экстремистік, радикалдық емес идеологиядан басқалар, діни де, атеистік те көзқарастар мәдени өмірімізде, бұқаралық ақпарат, сондай-ақ азаматтардың қалауына байланысты меншік түріне қарамастан оқу орындарында уағыздалуы мүмкіндігін байқаймыз. Әрине, бүгін Конституция берген бұл мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырмыз. Қазақстанда дінтану пәні факультативтік негізде немесе міндетті емес пән ретінде енгізіле бастады. Ал жоғары оқу орындарында тек Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтында барлық мамандарға міндетті пән ретінде енгізілді.

Мемлекетімізде іштей атеизмнің әлі тұғыры берік. Сырттан таңылып жатқан пікірді қолдай жөнеліп, елімізде ислам тым асқынып бара жатыр, мешіттер тым көбейіп кетті, қалаларда діни рәміздер басым, бұл зайырлы мемлекетке сәйкес емес деушілер кездеседі. Осылай мемлекетіміз дінге бой ұсынып бара жатыр деп те айтушылар бар. Елін, рухани дәстүрін сыйлайтын зайырлы мемлекеттерде бұндай сөздерді ашық айтуға бармайды, оны әдепсіздікке санайды, ал ол елдерде діни ғибадатханалар, ай мен крестер де баршылық.

Конституцияның 22-бабындағы «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар», 14-бабындағы «дінге көзқарасына» байланысты «ешкімді кемсітуге болмайды» деген қағидаларына сәйкес мемлекет:

– азаматтардың дінге қатынасына, дін таңдауына, балаларының да дін таңдауына араласпайды;

– мемлекеттік органдардың жұмысын діни бірлестіктерге жүктемейді;

– діни бірлестіктерді қаржыландырмайды;

–  діни бірлестіктердің жұмысына, егер ол заңға қайшы болмаса, араласпайды;

–  әр түрлі діндегі немесе дінге сенбейтін адамдардың, діни бірлестіктердің өзара сыйластықта, төзімділікте болуына ықпал етеді.

Ал діни бірлестіктер:

–     мемлекеттік биліктің қызметін атқармайды және мемлекеттік органдардың жұмысына араласпайды;

–  саяси партиялардың жұмысына қатыспайды, оларға қаржылай қолдау көрсетпейді;

– мемлекеттің заңнама талаптары мен құқық тәртібін сақтауға міндетті.

Мемлекеттің заңдарын орындау барлық азаматтардың міндеті болса, ал діни қауымдастықтардың, адамдардың бағыт-бағдарларының орындалуы азаматтардың калауына қарай. Мемлекет пен діннің қызметін анықтау, олардың арақатынасын ажырату заң алдында олардың теңдігі, олардың ортақ мүдделері барлығын жоққа шығармайды. Сол себепті дін мен мемлекет арасында шекара жоқ. Дін мен ғылым арасындағы қарым-қатынастарға да жеңіл-желпі қарауға, болмаса қайшылықтарды ымыраға келмейтін кереғар жақтар деп түсінуге тағы болмайды. Мемлекет адамдардың тәнін билесе, ішіп-жеуін, тұрмыстық жағдайын, денсаулығын реттесе, жаратушы ол дүниеде де, бұл дүниеде де адамның жанын билейді. Қазақ ойшылдары «жан дүниеге қонақ екен, дүние деген шолақ екен» деп талай айтқан. Дін адамдар Алла алдында бірдей десе, мемлекет адамдар заң алдында бірдей дейді. Мемлекет өз адамдарына елдің азаматы ретінде қараса, дін адамдарға Алланың сүйіктісі ретінде қарайды. Осы тұста зайырлы қоғамда дін мен мемлекет, билік пен діни салт-сана, ал қоғамда дін мен мемлекет, билік пен діни салт-сана үйлесіп жатыр.

Бірқатар зайырлы елдерде діни бірлестіктер елде болып жатқан, әсіресе адам өліміне байланысты оқиғаларға өз бағасын беріп, не себепті христиандар, мұсылмандар, басқалар қаза тапты деп дін тұрғысынан билікпен пікір алмасып жатады. Мемлекет те діни бірлестіктерге байланысты өз ұстанымын ашық білдіреді. Ондай диалог заңды, ал кейде тіпті мемлекет пен дін арақатынасын шешуде сотқа жүгіну де жиі көрініс алды. Сонымен, зайырлы мемлекет - атеистік емес. Мемлекет азаматтарды мейірімділік, патриотизм, сабырлылықты уағыздайтын діннің қолдауына мұқтаж. Ал тарихи құндылықтарымыз, дініміз мемлекеттің қолдауын қажет етеді.

 

 Түркістан облысы дін істері басқармасының

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 дінтанушы маманы            Ж.Жорабек

 

0 пікір