Дін мен ғылым
Дін мен ғылым
16.09.2019
5414
0

Дін мен ғылым адамзаттың қалыптасу тарихының ең маңызды рөл ойнаған екі негізгі және қамтушы, жоғарғы құрылым болып табылады. Дін мен ғылым байланысы мәселесі соңғы үш ғасыр бойы ғылыми зерттеулердің көп жасалған Христиандық батыс әлемінде жиі қолға алынған. Алайда діни көзқарастың өзіне тән проблемалары бар. Бұл тұрғыдан дін мен ғылым немесе дін мен басқа бір мәдениет саласы арасындағы байланысты зерттеу барысында, мұнда діннің атын қою керек. Өйткені түрлі діндердің, ғалымдардың зерттеулерінің әсері әртүрлі болған. Еуропада Қайта өрлеу кезеңінен кейін пайда болған ғылымның автономдық күресінің бір жанамасын Ислам дүниетанымы тарихының ішінен табатын болсақ қателесеміз.

Ислам әлемінің ғылым мен технология саласындағы алтын ғасыры 900-1200 жылдар болады және бұл кезеңдері маңызды мұсылман қалаларынан саналған Каир, Кордова, Шам мен Бағдат секілді орталықтар, басқа қалаларға қарағанда әлдеқайда дамыған, гүлденген қалалар болды. Ислам ғылымындағы өндіріс бұл кезеңде, әсіресе медицина, егістік, ботаника, математика, химия мен астрономия салаларында белгілі бір деңгейде көрсете алды. Тіпті осы ғасырларда өмір сүрген ұлы ғалымдар Қытайдың ғалымдарымен жарыса алатындай тең дәрежеде болғаны хақ. Сол кезеңдегі үлкен ғалымдардан саналған Ахмад ал Хассан мен Донал Р. Хилл, Ислам дінінің Ислам әлеміндегі ғылымның дамуындағы рөлін былайша сипаттайды: «Ислам діні мұсылман елдерінің ең дамыған кезеңдердің өмір сүрген кезде Ислам ғылымының төкеріс жасап дамуы мен өндірістік қабілетінің артуында рөл ойнаған ең маңызды элемент».

Адам өмірге байланысты әрдайым мән іздеуде. Әлемді және табиғатты алдымен түсіну, кейіннен мәнін табу және соңғы кезең оған ие болғысы келеді. Бұл процес өмірлік циклдың ортасына орналасқан.

Дін мен ғылым екеуі ғаламды және табиғи әлемді түсінуге, мән табуға және оған иелік етуге арналған адамзат тарихының дүниетанымдық шекаралары ішіндегі ең терең терминдер болып есептеледі. Сан ғасырлар бойы Орта Азия аймағы ғылым-білімнің, мәдениеттің қайнары болып келді. Ибн Сина, әл-Кинди, әл-Хорезми секілді тұлғалардың өндірген, дамытқан ғылым салалары уақыт өте келе тежей түсті. Осындай ірі тұлғалар бола тұра ғасырлар өткеннен кейін мұсылман қауымы сонда да артта қалып қойды.

Ғылым мен дін бір-бірімен біте қайнасқан салалар болса да араларында қақтығыстардың да болғанын ескеруіміз қажет. Әрине, бұл мәселені дұрыс таптауымыз үшін алдымен оның тарихи алғышарттарын да атап өткеніміз орынды. Адамзат тарихындағы антикалық кезеңде дін мен ғылым арасында қақтығыс болды десек артық кеткен болармыз. Өйткені ол кезеңде дін саяси биліктің қарамағында болған. Сондықтан да адамдардың ең ауыр қылмыстары дінге қарсы келу болды. Адамзат тарихындағы екінші бір кезең ол – қайта өрлеу дәуірі. Бұл кезеңде дін мен ғылым бір-бірінен ажырамайтын, бір-біріне тәуелді болды. XVIII ғасырға келгенде Еуропада жаңа бір мәдениет дүниеге келді. Өндіріс пен ғылым дами түсті. Бұл әлемнің жаратылғаннан күні бүгінге дейінгі жасы, эволюциялық теориясы, жүйке жүйе мен мидың қызмет атқаратын функцияларын түсінуге бағытталған көптеген талпыныстар Еуропада дін мен ғылымды бір-біріне қарсы алып келді. Әрине дін мен ғылымның қақтығысы деп айтқанда Еуропалық материалистік дүниетаным айтылады. Діннің материалистік философия, социология мен антропологиялық жағынан зерттеу обьектісіне айналуы дінді қате түсінуге итермелеген негізгі себеп болды. Осылайша, өкінішке орай, соңғы жүзжылдықта дін, оның ішінде Ислам діні де Еуропалық материалистік дүниетанымның құрбаны болады.

Ислам әлемінің қазіргі жағдайын көрсеткен статистика бар. The Economist журналында жарияланған бір мақалада 2005 жылы тек Гарвард Университетінде жарияланған мақала санының 17 Араб елдеріндегі барлық университетте жарық көрген мақалалардан да көп екендігі назар аударарлық. Әрине мақалалардың сапасын алып қарайтын болсақ, онда айырмашылық едәуір өседі.

1,6 млрд. мұсылмандардың, шамамен 115 жылдық Нобель тарихында әртүрлі салалар бойынша 2015 жылға дейін тек қана екі Нобель сыйлығын жеңгендер болды, ал 16 млн. Яхуди қауымында болса Нобель сыйлығын қанжығасына майлағандардың саны 79-ға жеткен. 2015 жылға дейін аталмыш екі тұлғаның бірі Пакистандық физик Мухаммед Абдус Салам (1926-1996), екіншісі Мысырлық химик Ахмед Хассан Зауайл (1946-). Бұл екі ғалым да Еуропаға көшіп, ғылыми зерттеулерін Еуропада жүзеге асырған.

2015 жылы ДНК туралы зерттеулерімен Нобель сыйлығын алған атақты химик, Қазақстанның Алматы мен Түркістан қалаларына зиярат еткен Азиз Санжар Солтүстік Каролина Университеті биохимия және биофизика кафедрасында жұмыс жасауда.

Сөз соңында айтатын болсақ, ғылым мен діннің арасы алшақ деп айтсақ та, «дінсіз ғылым ақсақ, ғылымсыз дін соқыр» идеясын негізге ала отырып, адамзат Жаратушының сыйлаған мына бір өмірінде «мәңгі өлмейтіндей тіршілік жаса» принципін ескере отырып, ғылым-білімнің дамуына үлес қосу керек. Тұтынушы позициясынан өндіруші позициясына ауысу қажет, бұны да, әрине бізден, жаһандану кезеңі талап етеді.

Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

«Әдістемелік қамтамасыз ету» бөлімінің маманы Б.Ботақараев

0 пікір