Дін және ғылым
Дін және ғылым
27.01.2021
1069
0

Білім-ғылым – адамзат дамуының басты қозғаушысы. Кез келген ел тек ғылымға бас қойып қана дами алады. Тарихқа үңілсек халқымыздың кемеңгер тұлғаларының білім-ғылымға баса назар аударғанын көре аламыз. Хакім Абай өзінің қара сөздерін болашақ ұрпақ үшін жазды. Ол өзінің Он сегізінші қара сөзінде «...Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» - деп жұртты тура жолға бағыттады. Ал Ыбырай Алтынсаринн діни оқудың өзін адамгершілікті, гуманизмді насихаттауға бейімдеу керек деп қарады. Қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, қазақ тілінің тағдыры үшін «Мұсылмандық тұтқасы» кітабын жазды. «Бір Аллаға сиынып, Кел балалар оқылық!» деп қазақ балаларын оқуға шақырды.  Мұхтар Әуезов бұл жөнінде «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе, ол – білім» – деп дөп басып: «Халық қанша бай болса да уақыт өте келе бүкіл байлығы білімді халықтардың қолына өтеді» - деп білімдінің болашағын болжаған-ды.  Бір ауыз ғана пікірімен қазіргі толғағы көп тоқсан түрлі мәселелерді қозғаған, ғылымның маңызын ашып көрсете білген. Ғылым мен қоғамның тура байланысы жайында тың дүниелерді бойына сыйдырған ой десек артық айтқандығымыз емес.  Ендеше ғылымға ден қойып ғана елімізді өркениет шыңына сүйрей аламыз.                                                                                 

Дін мен ғылым бір ақиқаттың екі жүзі. Тек қана құрғақ ғылым  үйренгенде  айла  мен  күмән  туындаса, дінді бір  жақты ғана үйренген  кезде «діни фанатизм» секілді қауіпті құбылыс туады.  Міне,  сондықтан  ғылым  мен  технолгияның  жетістіктерін  адамның  тәндік  қажеттіліктерін  қанағаттандыру  үшін  ғана  емес,  негізгі  жаратылу  мақсатын  танып-біліп,  өмірін  соған  қарай  өрбіту  жолында  қолдану  қажет.  Ғылым  мен  дін  қол  ұстасып,  қатар  жүргенде  ғана  адамзат  іздеген  бақытын  табады. Осы орайда дінді бір жақты түсініп, ізденіс, ілім үйрену, ғылыммен шұғылдануға түбегейлі қарсы болып жүргендердің сөздері мен ойлары қаншалықты шындыққа жанасатынына тоқталып өтсек. Расында әлемді сан ғасырлар бойы ізгілікке жетелеген ислам діні қолға қару алып адамдарды сеніміне байланысты қырып-жоюға үгіттей ме? Әлемнің дамуы мен өркендеуіне қарсы ма? - деген сауалдар кейбір адамдардың санасында бар  екені ақиқат. Келесі кезекте ислам дінінің білім-ғылымға деген көзқарасына тоқталып өтсек.                                                                                                           

Ислам діні – ғылым-білім діні. Білім іздену, тағылым, ыждағаттылық ұғымдары – ислам дінінің өрісінде жатқаны сөзсіз. Ғылым сөзінің астарында барлық салалар қамтылады. Оларға: жаратылыстану, медицина, философия, дінтану және филология сынды салаларды жатқызуға болады. Міне, сондықтан да асыл дініміздің талабы – тағылым болмақ. Қасиетті Құран Кәрім аят жолдарында жүзден аса жерде келген болса, пайғамбар (с.а.с) мол хадис-шәріптері толықтыра түспек. Ислам діні пайда болғалы мұсылмандарды ғылым-білімге шақырумен келеді. Сондықтан, Қасиетті Құранның көптеген жерінде ғылым, білім туралы бекер айтылмаса керек. Жаратушының ғылым-білімнің маңызы зор екенін мына аятта анық меңзеп тұрғанын көре аламыз: «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят). Және де пайғамбар (с.а.с.) хадисінде: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе, Алла Тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым іздеушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер және жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді» - деп келтіреді. Ардақты сахаба Әлидің: «Малды сен қорисың, ал ғылым сені қориды» деген сөзінің астарында терең мән жатыр.                                                                                  

Адам баласы ғылым мен білімді дұрыс меңгеру үшін ішкі жан дүниесі мен санасын жетілдіре білуі тиіс. Өйткені тағылым негіздері адамзатқа ортақ қазына, сол рухани қазына жолында ғалымның халық игілігіне ортақ құндылыққа қол жеткізуі, оның жауапкершілігі арқылы ғана жүзеге аспақ. Сондықтан да Ислам дінінің ұрпаққа қояр талабы ғылымға дұрыс қызмет ету, сол арқылы қоғамға, ұрпақ мүддесіне қажет игілікті істің негізін қалыптастыра, жолын сақтап отыру. Осы орайда пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.): «Ғалымдар – пайғамбарлар мирасқоры»,-деген. Демек, пайғамбарлар ғалымдарға бірде-бір динар, бірде-бір дирһем қалдырған жоқ еді. Алайда, оларға – дінді мұра етіп қалдырған. Сондықтан да діни білім – ғылым болмақ.                                                                                                                   

Қорыта айтқанда, жоғарадағы келтірген мысалдардан алатын тұжырым – қазіргі кездегі кейбір біржақтылықтардан алыс болып, ғылым-білім үйренуге, тәжірбие жасауға құштар болуымыз қажет. Сондықтан да Алла Тағала: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар!»,-деген («Нәхл» сүресі, 43-аят). Құрандағы аят жолдарында келген аят мәтіндерінің түпкі мағынасын зерделеумен, тағылым алып, алған білімді адалдықпен жеткізіп, ұмыт бола бастаған осынау рухани мұрамызды қайта жаңғыртып, қазақ халқының жарқын болашағының бағдары десек қателеспейміз.

М.Салиходжаев

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы

0 пікір