Дін –бөліну емес, бірігудің белгісі
Дін –бөліну емес, бірігудің белгісі
12.01.2021
920
0

Жүз отыз ұлттың өкілі мекен етіп жатқан қазақ елінде дінге бөлінушілік жоқ. Қай ұлттың өкілі болсын конфессияаралық толерант­тылықты сақтай отырып, қазақ елі әлемде еш жерде жоқ діни татулықтың өлшемін көрсетіп отыр.

Елбасы біздің еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан, дін мемлекеттен бөлінгендігіне көңіл аудартты. Қазіргі күні діни сауатсыздықтың, түсінбестіктің әсерінен ұлтымыздың кейбір жастары діни ағымдарға төтеп бере алмай, солардың айдауында кетіп жатыр. Бұл – ащы шындық. Сонымен қатар, Ислам дінін бұрмалаушылардың санасына Елбасының: «Ислам діні әу баста Жара­ту­шыдан біздің ата-бабаларымызға қалай түссе, бүгінгі Қазақстанға дәл солай жетуін тарихтың өзі қамтамасыз етті» - деп, ой салды.

Исламда төзімділік, сабырлық, шүкірлік деген құндылықтардың мәртебесі жоғары екені белгілі. Міне, осы ұғымдар бірігіп, бүгінде толеранттылық ұғымын құрап отыр. Толераттылық – басқа ойға, наным-сенімге, іс-әрекетке, әдет-ғұрыпқа, сенім-күйге, идеяларға деген төзімділік. Ал, қазіргі таңда бұл ұғым кең мағынаны қамтып, ашық қоғамдық құрылыстың көрсеткішіне айналған төзімділік ұғымы – діни үдерістерден бастау алатын қоғамдық құбылыс. Яғни, толеранттылық – саяси, діни, ұлттық және басқа да қоғамдық топтардың үйлесімді тіршілігін қамтамасыз ететін азаматтық қоғамның негізгі әлеуметтік қағидасы мен құндылығы, әр тұлғаның бірегейлігінің құқықтық көрінісі, әлемдегі мәдениеттердің, ұлттардың ерекшеліктеріне деген құрмет.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Ислам тарихында бұл тақырып ерекше орынға ие екендігі белгілі. Сондықтан, толеранттылықты тиісті деңгейде көріп, түсіне білу үшін ислам тарихындағы «Мадиналық келісім» атты парағынан мысалы келтірейік. Дегенмен, неге Мадиналық кезең?, себебі бұл уақытта Ислам мұсылман мемлекетінің ресми діні, ал пайғамбар заң шығаратын құқыққа ие болды. Сонысымен «Мадиналық келісім» - деп аталады.

Мадиналық келісімді тарихшылар кейде – «сахифа» деп те атайды. Арабша мағынасы – парақ деген сөз, яғни, келісім парақ бетіне жазылған соң солай аталып кеткен. Расында да, Мадиналық келісім мұсылмандардың толеранттылығына анық мысал. Себебі, пайғамбар (с.а.с.) Мадина шаһарына қоныстанған соң жай діни көсем ғана емес, ол енді мұсылман мемлекетінің саяси басшысына айналды. Демек, бұл мемлекеттің өзіне тиіс нақты шарттары мен заңдары қабылдануы тиіс. Ол заңдар ондаған жылдар бойы бір-бірімен соғысып келе жатқан түрлі тайпалар мен нәсілдердің арасын қосып, қоғамда бейбіт әрі достық қатынасты орнатуы қажет.

Дәлірек айтсақ, пайғамбардың (с.а.с.) міндеті – мұсылмандар, христиандар және яһудилер мен пұтпарастар жасайтын қоғамда бейбіт өмірді тұрақтандыру. Осы мақсатта дүниеге «Мадиналық келісім» келді. Мұнда Мадинада жасайтын әр тайпаның жауапкершілігі мен міндеттері анық көрсетілді (олардың бірінің-бірі алдындағы міндеттері мен шектеулері, ерекшеліктері мен қасиеттері және т.б.).

Бұл келісімді жаңа қалыптасып келе жатқан мұсылман мемлекетінің Конституциясы десек болады. Конституция барлық қауымдар мен тайпаларға тең. Конституцияның тармағынан ауытқыған немесе оны орындамаған әрекет – дін бұзушылық және опасыздық болып саналды. Осындай барлығына ортақ заңның арқасында жылдар бойы созылып келе жатқан бір-біріне дұшпан саналып келген түрлі дін өкілдері, тайпалардың басын бір ортаға қосылды. Осылайша атадан балаға мирас болып келе жатқан бір-біріне деген дұшпандықтың түбіне балта шабылып, жаңа біртұтас қоғам бой көтерді.

Келісімнің бірінші тармағы Мадина тұрғындарының барлығы – мұсылмандар және келісім жасасқан христиандар, яһудилер, мажусилер мен пұтпарастар «біртұтас қоғам» деп жарияланды. Адамдардың ұлтына, шыққан тегіне, діні мен тіліне қарамастан барлығы Мадинаның азаматтары болып табылды.

Олар мұсылмандар сияқты мемлекет қамқорлығына алынды: «Біздің қамқорлығымызға алынған яһудилерге зияндық жасалмайды, ал олардың дұшпандарына көмек көрсетілмейді» - делінген. Ертеде әр тайпаның қалада және далада да өз достары мен дұшпандары болған. Бұлардың арасында соғыс үздіксіз жалғасып, күшті тайпалар әлсіздерге, үлкен тайпалар кішілеріне зұлымдық жасап келген. Енді бұдан былай Мадинада жасаған бір тайпаның артында бірнеше тайпалардан құрылған күшті мемлекет тұрды.

Осылайша мұсылмандар барлық тайпаларды бір басқару жүйесінің астына жинап, сол өлкедегі бүтін ұлттар мен діндерді бір араға қосты. Бұдан былай осы тайпалардың біріне немесе олардың дініне жасалған шабуыл, бүтін мемлекетке жасалған шабуыл деп саналды. Бұған пайғамбардың (с.а.с.) мына хадисі нақты айғақ болмақ: «Кім мұсылмандармен келісім жасасқан адамды өлтірсе, ешқашан жәннат иісін сезбейді» (Мүслим).

Хадистен көргеніміздей мұсылмандар өзімен келісім сөз жасасқан тайпалардың, адамдардың нәсіліне, сенімі мен ұстанымына қарап айырмады. Олардың барлығына мұсылмандармен тең қамқорлық және құқық берілді.

Мемлекет мұсылмандардың мемлекеті болғандықтан, пайғамбар (с.а.с.) басқа сенім өкілдері үшін қолынан келгенше қамқорлық жасады: «Кімде кім мұсылмандармен бейбітшілік келісімін жасасқан мұсылман емес кісілерге әлімжеттік жасаса немесе олардың меншігіне тиесілі бір нәрсені тартып алса – сол адамға Мен Қиямет күнінде қарсы куәлік беремін» (Сунан Әбу Дәуіт) - деген.

Хадистің мәтіні анық әрі кесімді түрде бір қоғамда жасап отырған, қарым-қатынас, байланысы бар басқа дін өкілінің ар-ұжданына, мүлкіне зәредей болса да зиян тигізуге қатаң тыйым салып отыр. Зұлымдық жасаған адамға қарсы пайғамбардың өзі куәлік бермек. Пайғамбардың (с.а.с.) бұл сөз – көтеріліп отырған мәселенің маңызын, өзектілігін көрсетеді. Осы айтылған хадистер күні бүгінге дейін мұсылмандар үшін бағыт-бағдар.

Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) салып кеткен «Мадиналық келісім» жолы бірінші кезекте – қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты, мемлекет ішіндегі қоғам мүшелерінің бірлігін, бейбіт өмірін көздеген. Олай болса біздің елде де түрлі ұлт өкілдері өмір сүріп жатыр. Ата Заңымыз олардың тіліне, мәдениетіне, дініне қарамастан, бір тудың астында татулық пен бірлікте өмір сүруіне кепілдік береді. Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы мемлекет бола тұра, өз дінін ұстанып, дәстүрін сақтап, өзге дінді құрметтеуге шақырады.

Дамудың даңғыл жолына түскен көпұлтты қазақ елінде діни татулық, өркениетті мәдениет, әр ұлттың өз салт-дәстүрі түсіністік пен бейбітшілік орнаған ХХІ ғасырда сән-салтанаты мен мәнін жоғалтпауы тиіс, Тек «бірлік бар жерде, тірлік барын» ұмытпасақ болғаны.

 

 «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

 бөлімінің маманы            Ш.Досанбаева

0 пікір