Бүлінгеннен – бүлдіргі алма
Бүлінгеннен – бүлдіргі алма
15.02.2022
868
0

Біз туып-өскен ауыл Өзбекстан мен Қазақстанның арасын байланыстырып жатқан күре жолдың бойында орналасқан. Уақыт өте келе екі ел арасындағы шекара шегенделіп, өткізу бекеттері жабылып, ауыл ортасындағы үлкен жол облыс орталығымен байланыстыратын автодәліз рөлін атқара бастады. Оңтүстік аймақ, оның ішінде Мырзашөл өңірінің ауылдары өте тығыз орналасқан. Кейде осындай екі ауылдың арасын жол, су ағар үлкен каналдар ғана бөліп жатады.

Қай жылы екені анық есімізде жоқ, бірақ бір күні сол ауыл ортасындағы үлкен көшеде жүк көлігі апатқа ұшырады. Жылдамдығы жоғары болды ма, әлде техникалық ахаудың салдары ма әйтеуір камаз автокөлігі бұрылыстан тіке өтіп үлкен үш ағашты кесіп, қалың жыңғылдың арасына еніп кетті. Ол кездерде көлік те сирек болатын. Жаздың ыстық күндерінде далада жүрген халық жол апаты болған жерге жинала қалды. Ауыл балаларына қосылып біз де сол жерден табылдық. Үлкендер жедел жәрдем шақырысып көлік жүргізушісін ауруханаға жөнелтті. Кішігірім жарақатын есептемегенде көлік тізгінінде отырған адам дін аман екен деп қоя берді.

Ол сәт тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығына тұспа-тұс келген кезең болатын. Ауылдың күйбең тіршілігін есептемегенде сол кездерде көпшілік азаматтар, оқу бітірген жастар жұмыссыз жүрген шақ. Бірен-саран жастар иесіз, қараусыз қалған көліктің шашылған бөлшектерін алуға тырысты. Алайда, елді өзіне қаратқан, сөзі өтімді ақсақалдар жастарды тыйып бергені де жадымызда. Тіпті, сол көлік иесінің туыстары келіп барлығын өздері жинап алып кеткенше ауыл азаматтары бас-көз болып отырды. Ал, біз секілді сырттай бақылап кеш батырып жүрген балалар да қараңғы қоюлана бере үйді-үйімізге тараған едік.

Кешегі елде болған дүрбелеңдердің аяғы үлкен қалалардағы тонау, ұрлауға жаслғасқаны белгілі. Кейбір азаматтар елдіктің сөзін сөйлеп алаңда жүргенде, өкінішке орай енді бірі қарынның қамын ойлап тонаумен айналысты. Әрине, жұмысымыз жоқ, үйде бала-шағаларымыздың қарыны аш отырғандықтан осындай қадамға бардық десе де түсінуге болатын шығар?! Бірақ, қымбат киім, алтын, бағалы тауарлар, техника дүкендерін тонағанда бұны ақтап ала алмаспыз. Себебі, адам қанша аш болса да ұрпағымызды арам дүниемен бағуды құп көрген халық емеспіз. Оқиғалар басылып, әлеуметтік желілерде тонаушылық деректері бейнеленген видеоларды көргенде балалық шақтың естелігінде қалып қойған жоғарыдағы оқиға көңіле орала берді. Өкінішке орай, жастарымыз, қыз-келіншектеріміз, аналарымыз сол тонау, талан-таражға салу оқиғаларының бел ортасында жүрді. Оларға ақыл айтар, басу айтар бір аға буын өкілінің, ақсақалдың табылмағаны, мүмкін табылса да аталы сөзге тоқтамағаны қынжылтады.

Халқымызда «Бүлінгеннен – бүлдіргі алма» - деген сөз тіркесі бар. Өкінішке орай кешегі оқиға барысында ұрлық пен тонаушылыққа қатысқан азаматтарымыз осыны жадынан шығарған сияқты. Тарихқа көз салсақ бұл ұстаным халқымызбен бірге жасап келеді. Сонымен қатар, Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағында да аталған мәселе еніп, қарастырылған.

Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романынанда біз тілге тиек еткен сөз тіркесі мен ұстанымның мазмұны толығымен ашылған. Аталған романның өзінен үзінді келтірсек. «Қожықтың жазғы жайлау, қысқы қыстауларын «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген әз Тәукенің жосық-жоралғысы бойынша қысқы, жазғы үйлерін бар мүлкімен түгел өртеп жіберді. «Бүлдіргі» қамшының сабына тағылатын екі сүйем қайыс қой. Керей-Уақ жігіттері Қожықтың байлығына қолын арамдаған жоқ». «Бүлінгеннен бүлдірге алма» - дейтін мақалдың мағынасына келер болсақ бүлінген адамнан, орыннан, арам байлықпен байыған адамнан еш нәрсе сұрама, алма, жолдас болма деген мағынада. Бүлдіргі қамшының сабына тағылатын бау, көбіне теріден жасалады. Яғни, титтей де болса дүниені пайда көріп алмауды осы бір ауыз тәмсілмен бізге тәрбие етіп санамызға сіңірген.

Сонымен қатар халқымыз әрбір салт-дәстүрін, әдеті мен тыйымын, тұрмыс-тіршілігін дінмен байланыстырып отырған. Осы бір тәрбие мен әдетке негіз болар оқиғаны kazislam.kz порталында Тұрар Түгелұлы ағамыздың дайындаған мына бір жазбасымен өрнектеуді жөн санадым.

Бір күні Мұхаммед (с.а.с.) Арафат пен Муздалифа арасындағы «Мұхассыр» атты ойпаттан өте жылдам өтеді. Мұны көріп, таңырқап қалған сахабалар Алла Елшісінен:

– Бұл жерде сізді жылдамдатқан не нәрсе? – деп сұрайды. Сонда жауап ретінде Пайғамбар (с.а.с.):

– Хақ Тағала бұл жерде Әбрәһәнің әскерін қырған – деді.

Тағы бір деректерде ауыртпалыққа толы Тәбук жорығынан оралып келе жатқан сахабалар шөлдерін басып, көлеңкеде дем алуға Сәмуд қауымының тау-тастарды ойып жасаған сарайларына кірді. Мұны көрген Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.):

– «Бұл жайда Сәмуд қауымы Алланың қаһарына ұшыраған. Соның ұшқыны тимеу үшін бұл жерден су алмаңыздар!» – деді. Сахабаларда Алла Елшісіне (с.а.с.):

– Ыдыстарымызға су толтырып, тіпті осы судан қамыр да илеп қойдық – дейді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.):

– «Суларды төгіңдер, қамырларыңды түйелерге жегізіңдер!» – деп бұйырды.

Демек «Бүлінгеннен – бүлдіргі алма» - деген ұстаным біздің санамызға дін арқылы да еніп отыр.

Бұл оқиғалардан түрлі құбылыстардың кері әсері жансыз нәрселерге де әсерін тигізіп, оларға жұғып қалатынын көріп отырмыз.

Мақаламыздың соңын ХХ ғасырда болған екінші дүниежүзілік соғыстағы көпшілік біле бермейтін, ұлтымызға ғана тән сипаттағы тағылыммен аяқтасам. 1945 жылы Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен Кеңес әскерлері Берлин қаласы мен неміс даласынан бағалы дүниелерді өздерімен бірге ала қайтқан екен. Тіпті кейбіреулері бай немістердің үйлерін, дүкендерін, базарларын тонауға дейін барған деседі. Ал, біздің ата-бабаларымыз ол жерден құнды дүниелерді елімізге алып келген жоқ. Тек, соғыс естеліктері жазылған қойын дәптерлерімен ғана елге оралған болатын. Міне осы бір тәлімді дүниені сөз бен істің шынайы үйлесімі десек артық айтпағандығымыз болар...

 

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары                                                            Медет Халықов

0 пікір