Білімсіздік – надандықтың алғашқы қадамы
Білімсіздік – надандықтың алғашқы қадамы
11.01.2021
2196
0

Ұлы ғалым, философ Аристотель өзінің әйгілі сөздердің бірінде: «Білімді адам мен білімсіз адам арасында өлі мен тірі адам секілді айырмашылық бар», – деп айтқан. Бұл, әрине білім алудың маңыздылығын көрсетуде. Білімді адам – кез-келген елдің мақтанышы. Жоғары білімі бар азаматтар неғұрлым көп болса, соғұрлым елдің мәдени, экономикалық, интеллектуалдық, халықаралық деңгейде саяси ықпал ету қабілеті де жоғары болмақ. «Білімді адам қандай болу керек?», – деген сұраққа қысқасынан қайырар болсақ, білімді адам – өз ісінің маманы, жан-жақты хабардар, өзін-өзі әрдайым дамытып отыратын, жаңаша нәрселерді біліп-тануға құштар, адамгершілік пен сүйіспеншілікке ұмтылатын адам. Демек, әрбір елдің дамуының кілті – білім беру саласындағы белгілі бір стратегиялық схема екені анықталды. Ал бұл дегеніміз, білімнің тиісті деңгейде болуына барлық күш-жігерді жұмсау керек. Оқуға, білім алуға ниет білдірген адамдар, материалдық жағдайына қарамастан осындай мүмкіндікке ие болуы керек. Осылайша біз өскелең ұрпақты алаңдау арқылы еліміздің болашағын да ойлаймыз.

Қоғамдық пайда алып келетін білімді іздеу және тарату ол адамға бұл дүниеде және дүниеден озғаннан кейін де өзінің ізгі амалдар тізімін толықтыруға мүмкіндік беретін қасиетке ие. Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың хадистерінің бірінде: «Адам дүниеден озғанда, оның амал кітабы жабылады. Оған тек үш нәрсе ғана пайдасын тигізеді және ізгі амалдардың қатарына қосылады. Олар: қайырымды істерінің нәтижесі, адамдарға пайда алып келетін білімді үйрену және жанының құтқарылуы үшін арқасынан дұға жасайтын бала».

Жалпы алғанда, білімді екі түрге бөлуге болады. Біріншісі – өз дінін білу. Екіншісі – кәсіптік білім. Бұл арқылы белгілі бір саланың маманы бола алады және сол арқылы қоғамға пайда әкеледі. Адамзат тарихындағы ата-аналардың міндеті – балаларына білімнің екі түрін де беру болған.

Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарымыз Жәбірейілдің (а.с.) басшылығымен шариғат ілімін үйренді. Бұл оқудың, білім алудың тек кітаптан емес, мұғалім басшылығымен жүргізілуі керек дегенді білдірсе керек. Ұстаздың білім беруде ұстанған жүйесі бар. Діни білімнің алғашқы көзі – мешіт. Еліміздегі мешіттерде есіктерін айқара ашқан сауат ашу курстары осы мақсатта қызмет етеді. Тарихқа көз жүгіртер болсақ мұсылмандар діни білімдерін ең алғаш мешіттерден алған.

Ұстанып жүрген дініміз өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбиеленуге үйретеді. Жасөспірімдер қоғамда алатын орны ерекше. Жастар – қоғамның ертеңі. Болашағымыздың айқын болуы үшін жастарға ерекше назар аударуымыз қажет.

Исламның дамуы мен өркендеуі мұсылмандардың арасында ғылымға деген құштарлық пен мәдениеттің дамуына алып келді. Ислам энциклопедиялық сөздіктерінде Шығыс ғалымдарының, қоғам қайраткерлерінің баға жетпес үлесі туралы деректер келтірілген. Әл-Ферғани астроном болса, Иранның тумасы Абдулла ибн әл-Мукаффа үнді кітаптарды тәржімалаған. Сондай-ақ, Сәбит ибн Курра – математика мен астрономия саласындағы ежелгі грек кітаптарын аударған. Математик және географ Мұхаммед ибн Мұса Хорезмиді де ұмытпауымыз қажет. Әрине, Ибн Сина, Фердауси, әл-Фараби, әл-Бируни секілді тұлғалар шығысты әлемге танытқан, еңбектері әлемнің көптеген тілдеріне аударылған ғалымдар.

Қорытындылай келе, мақсатымыз мұндай тұлғалармен мақтану емес, ұлы ғалымдардың ізімен жүріп, «ұстаз шәкірттен озады» ұранын ту етіп, өскелең ұрпақты ілім мен білімге құштарлығын ояту екендігін айтқымыз келеді. Ғылым мен инновация дамыған дәуірде білімді ысырып, дүниедегі пайда алып келмейтін болмашы нәрсемен шұғылдану уақытты ысырап етумен тең. Егер адам баласы білімсіздіктің қармауына түссе, әлемнің қызыл да жасыл түстері оған көрінбей, монотомдық өмірдің ақ-қара түсі, күнделікті қайталана беретін домалақ шеңбердің тысына шыға алмайды. Сол кезде надандық атты қара түнек санасын улап, дұрыс-бұрысты ажырата алмайтын халге жетеді.

  

Қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

маманы, PhD доктор        Б. Ботақараев

0 пікір