Білім – өмір шырағы
Білім – өмір шырағы
22.09.2023
2806
0

      Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы да жеткен. Кітап –  адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Білім – адамзат мәдениетінің ең көрнекті және ауқымды ұғымдарының бірі. Сонымен қатар, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтап тұрушы негізгі фактор. Әуелі адам баласының басқа жаратылыстан ерекшелігі саналылығы болса, сол саналы жаратылыс иелерін бір-бірінен үстем көрсетіп, бір-бірінің алдында шынайы құрмет пен атақ-абыройға бөлейтін осы білімнің жемісі болмақ. Ол турасында ұлы ойшыл, кемеңгер тұлға Абай Құнанбайұлы: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады»,-деп тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйіндеген.                             

      Ал қасиетті Құран Кәрімнің алғашқы түскен «Алақ» сүресінің бес аятында оқуға, білім алуға, ізденуге шақырады. Алла Тағала: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді»,-деп оқу-білім арқылы білмегеніңді білуге, тылсым құпияға толы жаратылыстың сырларына көз жеткізуге мүмкіндіктер ашылатындығын, күллі ақиқатқа тек білім алу арқылы ғана қол жеткізуге болатындығын дәріптейді. Біз өмір сүріп отырған мінсіз жараталыс әлемінде қаншама тіршілік иесінің өмір сүретіні беймәлім. Десек те, өмір есігін ашқан кез келген жаратылыстың өмір сүру заңдылықтары мен өмірге қосар үлесі зор екендігі ақиқат. Алла Тағаланың жаратылысының қайсысы болмасын өмірге келгендегі негізгі міндеттері мен атқаратын қызметтері айқындалып қойылған. Әр жаратылыс өзіне жүктелген міндеттен ауытқыған сәтте, өмір заңдылығы бұзылып, қоғамдағы тыныштық пен тепе-теңдіктің аражігі ажырары сөзсіз.  Біздің басты міндеттеріміздің бірі қазақстандық отансүйгіштікті, адамның құқықтары мен бостандықтарын құрмет ететін азамат тәрбиелеу.                                

       «Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы»-деп дана халқымыз бекер айтпаған. Әлемдік деңгейде кең қанат жайып келе жатқан ғаламдану үрдісінде әр халықтың өзіндік бет-бейнесін сақтап қалуы мен ұлттық ерекшеліктерді қазіргі өркениет талаптарына сай жетілдіру мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Халықтың рухани құндылықтары ақпараттар ағымымен, жан-жақтан еніп жатқан жат түсініктер тасқынында жоғалып кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімі жоғары болуы тиіс. Тарих беттерін ашып қарасақ ұлт зиялыларының бәрі жеткен жетістіктері менен алған асулары білімнің, ізденістің арқасында  екені мәлім. Ата-бабаларымыз жаугершілік заманда ешкімге дес бермеді. Ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен ұланғайыр даланы қорғап жастарға қалдырды. Ал қазір қару алып соғысатын емес инновация ғылым, білімнің заманы. Сол себепті заман ағымымен қатар дамып, білім талап етуші талапкер жастар бола білейік. Сонда ғана адам өзінің ой-арманын, талап-тілегін тек  білім арқылы қанағаттандыра  алады. Білімсіз ешнәрсеге жол ашылмайды. Білікті болсаң ғана қоғамнан лайықты орныңды табасың. Білімді болу бір адамның ғана мәселесі болмауы тиіс. Өйткені қазіргі кезде дамыған елдердің даму деңгейі біліммен  өлшеніп отыр. Білімсіз дамыған, қуатты мемлекет болу мүмкін емес. Сан  мың ұрпақтың ортақ мұратын ту етіп,  болашаққа  қадам басқан  біздің еліміз дәл сондай дамыған, білімді, қуатты ел болуы қажет. Сондықтан да әрбір жас «Мемлекет маған не береді» демей, «Елім үшін не істей аламын»,-деп ойлауы керек. Сол үшін де жастар үлкен мақсат қойып, қиындықтарға мойынсынбай елдің дамуына қажетті мамандықты меңгеру тиіс. Сонда ғана әрбір жас елінің дамуына қандай да бір үлес қоса алады.                                                                       

      Ал күллі білімді қор қылатын: тәкәппарлықтан, ұялшақтықтан, жалқаулықтан өзімізді қашық ұстайық. Сонда ғана керегесі кең, іргесі бүтін, алпауыт мемлекетке айналарымыз хақ. Қорыта келгенде: «Білім – кітапта. Қазіргі таңда балалардың көбісі компьютерде отырады. Сондықтан, болашақта кітап оқығандар компьютерде отырғандарды басқарады»,-деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, келешекте біреуге бағынышты болғымыз келмесе, оқиық, ізденейік, білім алайық. Күллі ақыл мен ғылымды тоздыратын ой кеселдерінен өзімізді сақтайық. Шынайы білім – жарқын болашақ кепілі. Өзіміздің жарқын болашағымыз өз қолымызда екендігін ешқашан естен шығармайық.

 

 Е.Ештай

Теолог маман

0 пікір