Бауырмалдық – асыл қасиет!
Бауырмалдық –  асыл қасиет!
12.09.2019
10380
0

«Күмәнсіз, мұсылмандар бір-бірімен бауыр»

(Хужурат» сүресі, 10-аят)

Бауырмалдық – адам бойындағы туысқандық, ағайыншылық қарым-қатынасқа адалдықты білдіретін ұғым. Бауырмалдық – туыс адамдардың арасындағы жақсы көру сезімін, бір-біріне деген мейірімділігін, жанашырлығын, қамқорлығын білдіретін құнды қасиет. Сондай-ақ, бауырмалдық тек туыстық негізде ғана көрінетін қасиет емес, ол кісінің адамгершілік, имандылық қасиеттерін айқындайтын мінез-құлықтың жағымды белгісі. Өзгені бауырына тарта білу, әр адамды жақын санап, қамқорлық көрсету сияқты ізгілік белгілері адамдар арасындағы өзара сыйластықты, бірін-бірі құрметтеу, жақын тұту сезімдерін қалыптастырады. Адамдарды тіліне, дініне, ұлтына бөлмей, кез-келген жағдайда оларға көмектесуге дайын тұру, қол ұшын беру қасиеті де бауырмалдықтың белгісі болып табылады. Бауырмалдықтың салдары адамның не халықтың өзіне зиянды болмас үшін ол тәуелсіздік, ұлттық мүдде, ұлттық намыс сияқты ұлы құндылықтармен астаса көрініс табуы керек.

Өкінішке орай, қазіргі жаһандану заманында қоғамымыздағы кейбір жастардың әдепсіз әдеттерге, мұсылманға жат қылықтарға бой алдыруы, жат ағымның жетегінде кетіп, туған–туысы, достарынан теріс айналғаны былай тұрсын, өзінің туған ата–анасының қарсы шығып, ақырында болашағынан үміт күттірген өскелең ұрпақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық, рухани құндылықтарға қарсы келуінің басты себебі не? Өзін қоғамнан алшақ ұстауында, жат ағымның жақтастарына еріп, адам жаратылысынан бойында бар адамгершілік, бауырмалдық, әдептілік, имандылық секілді асыл қасиеттер жоғалуына не ықпал етуде? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Жасырын емес, қазіргі таңда бір қарағаннан–ақ  сыртқы келбетімен көпшіліктен ерекшеленіп тұратын деструктивті ағым жақтастары кездесіп жатады. Сауда орындары болсын, қоғамдық қатынас көліктерінде де кезігіп қалатынымыз рас. Байқап қарасаңыз сондай жат ағым өкілдерінің басым көпшілігі сізбен қарым–қатынас жасауда әдептілік, көркем мінез, бауырмалдық деген қасиеттерді мүлдем танытпайды. Керісінше дөрекілік көрсетеді. Мұқтажыңызды іздеп барғанда немесе басқа да жағдайда жолыңыз түйіссе, сізге жәрдем беруден көпшілігі бойын аулақ ұстайды.  Бұның себебі не? Себебі, оның түсінігінде сіз Алланың әмірлерін орындамайсыз (орындағаныңызбен дәл оныкіндей болмағандықтан), оның жолымен жүрмегендіктен сізге жылы қабақ таныта қоймайды. Ал, шынайы ислам бұл мәселеге не дейді?

Қасиетті  Құран Кәрімнің Әл  Имран сүресі, 103-аятда: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды» - делінген.

Ал Алла елшісі  (с.ғ.с.) шынайы мұсылмандықты мұсылмандар арасындағы өзара бауырмашылдық сезімінсіз суреттеу мүмкін емес екенін өсиет сөздерінде баса назар аударған. Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі, (с.ғ.с.): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала да оны қиямет-қайымның қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады», - деп айтты», - делінген (Муслим).

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде: «Мүміндер бір-бірін жақсы көруде, жан ашуда, бір-біріне мейірімділік танытуда бір мүшесі ауырғанда басқа мүшелері қосыла сыздайтын дене тәрізді (Әбу Дәуіт, № 3597), «Уа, Алланың құлдары! Бауыр болыңыздар! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған әрқашан қол ұшын береді. Өзінен төмен көрмейді. Тақуалық деген осында. Адамға мұсылман бауырын қор санауы күнә ретінде жеткілікті (Имам Табарани «Кабир» кітабында), - делінген. Сол себепті де Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  хадистерін терең ұғынып, қиналғанда бір-біріне қол ұшын созып, әрдайым көмекке әзір тұру, бір-бірін жақын тарту - бүгінгі өзін ғана «тура жолдамын» деп санайтын тұлғалар арасында жетіспей жатқан қасиет деуге болады.

Жоғарыда мысал ретінде келтірілген Құран Кәрім аяттары мен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  хадистерінен  ешкімнің де екінші бір адамға өзінен төмен санап қарауына болмайтындығына, мұң–мұқтажы болса, шама–шарқы жеткенше жәрдем беру керектігін ұғынамыз. Осы орайда қазақтың біртуар ақыны Хакім Абайдың мынадай бір өлең жолдарын айтпай кетпеске болмас:

Біріңді, қазақ, бірің дос,

Көрмесең - істің бәрі бос.

Ақиқатында, асыл дініміз бауырмашылдық пен кеңпейілділік, бейбітшілік пен татулық, игі қарым-қатынас пен көркем мінез, жақсылық пен тақуалық және өзара жәрдемдесу секілді ізгілікті істердің бәрін өз ішіне қамтыған. Халқымыздың  бауырмашылдығы берік болса, алынбайтын қамал, өте алмайтын асу болмайды. Өкініштісі, қазіргі таңда адамдар арасында достық, бауырмалдық мінездерден гөрі, алауыздық көбірек байқалатыны жасырын емес. Кейде адамдар болмашы бір дүниелік іске бола,  өзінің  бауырларымен қарым-қатынасын үзіп жатады. Ислам шариғатында мұсылманның мұсылман бауырына үш күннен артық ренжіуіне тиым салынады. Елімізде халықтың діни-сауаттылығын арттырып, атадан қалған асыл дініміздің тағылымды тәрбиелік құндылықтарын бойымызға сіңіріп, іске асыра білсек қана халқымыздың бірін-біріне деген бауырмашылдығы арта түсері ақиқат.Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  хадисте:

 «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес», - делінген. Демек, ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызды, жасы үлкен аға, әпкелерді құрмет тұту, қарындасты қарындас, ініні іні деп сыйлай білудің де елді құрметтеуге жататынын ұққан жөн. Осы орайда бүгінгі күні жастар өздерін имандылық пен ибалылыққа, бауырмалдық пен көркем мінезділікке, білімділік пен қарапайымдылыққа  тәрбиелеу жағын күшейтуді басты мәселе деп қарауды ұмытпауы қажет.

Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің Жетісай ауданындағы теолог маманы М.Салиходжаев

0 пікір