Ауызбіршілік алтыннан да қымбат
Ауызбіршілік алтыннан да қымбат
13.09.2022
810
0

Сөз бастауы – қызыл тіл деп ел арасындағы татулықты, ауызбірлікті нығайту үшін әуелі дұрыс сөз және іс керек. Ал біз, үнсіз, өткір қыл қаламмен жеткізуді жөн көрдік. Сонау Тәуелсіздік алып, еліміз енді аяғынан тұра бастаған тұста шет елдің сарапшылары «Қазақстанды қақтығысқа қолайлы, яғни, конфликт қаупі жоғары аймаққа» жатқызған болатын. Бұған себеп, «бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 130-қа жуық ұлт пен ұлысты, түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес» деп ойлаған. Сонымен қатар, әлемдік тарих сахнасын зерделейтін болсақ, түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың барлығы дерлік ұлттар мен діндер өкілдерінің арасындағы қарама-қайшылықтардан, өзара түсіністіктің жоқтығынан туындап, біз секілді мемлекеттер соғыс алаңына айналып отырған. Мысалға айтар болсақ Ауғаныстан, Таяу Шығыс елдеріндегі мемлекеттердің тағдырын алға тартсақ болады. Олардың пайымдауынша «бұл ел (Қазақстан) көп ұзамай-ақ өзара түсініспей, мемлекетті құлатып тынады» деп тұжырымдаған, «ұлттар лабораториясы» атандырып, ертеңімізге күмәнді болжам жасағанын ескерсек жөн. Бір шаңырақтың астында мұншама көпэтносты және көпконфессиялы елдің ауызбіршілікте өмір сүруі қаншалықты қиын шаруа екенін түсінеміз.

Алайда, тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп өмір сүруде. Еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, қаншама ұлттардың және діни ұйымдардың ортақ Отаны бола білді. Тіпті, бүгінгі күні еліміздің өз бірлігін сақтап қана қоймай, әлем халқына тұрақтылықты, бейбітшілікті насихаттап, бірнеше жыл қатарынан саяси маңызды халықаралық жиындар өткізуге мұрындық болып, діндер мен ұлттар арасында түсіністіктің қалыптасуына ықпал еткен бірегей тәжірибелі, елге айналуымыз талай елдің ерекше қызығушылығын тудырды. Егер кезінде еліміздің құрамы көпэтносты және көпконфессиялы болуына байланысты күмәнді болжамдар айтылса, бүгінгі күні сол сарапшылар татулықтың концепсиясын бізден үйрену керектігін айтуда.

Рас, қайбір жылдары еліміздің кейбір аймақтарында бірқатар ұлтаралық шиеленісті жағдайлар туындағаны мәлім. Алайда, ол оқиғалардың барлығы жаман ұлт болмайтынын, ел ішінде бір тентегі жүретінін көрсеткендей болды. Ұлтаралық сипатта өрбіген қайшылықты сол кездегі ішкі саяси жағдайға қауіп төндірген бірлі-жарым оқиға орын алды. Дер кезінде мемлекет тарапынан қажетті іс-шаралар қабылданбағанда, оның соңы неге апарып соғатыны белгісіз еді. Бұл ұлтаралық қақтығыстарға апарып соқпай, мұның барлығы дер кезінде ауыздықталып үлгерді. Өйткені, ел бірлігіне сын таққысы келгендер ол оқиғаларды өз мүдделеріне пайдаланғысы келгені де жасырын емес. Бірлі-жарым ондай оқиғаларды өз мүддесіне жұмыс істеткісі келгендер қай уақытта та болады. Сондықтан, шиеленісті жағдайға жеткізбей, мәселені дер кезінде ауыздықтап отыру бүгінде медиациялық кабинеттердің міндеті десек те болады. Бұл шешімнің дұрыс болғанын уақыт дәлелдеп келеді. Осы орайда айта кетер жайт, еліміздің аумағындағы түрлі ұлт пен ұлыстардың ұзақ уақыт бойы түсіністікте өмір сүруі, үлкен қақтығыстарға бармауы, қоян-қолтық тіршілік кешіп, мамыражай өмір сүруіне бұл мемлекеттің түпкі иесі қазақ халқының қанында бар кеңпейілділігі мен сабырлы-салиқалылығы себеп болып отырғанын елдің даму тарихына жіті қарап отырған кез келген сарапшы жоққа шығара алмасы анық. Сондықтан, халықаралық сарапшылар мұны керісінше, жоғары бағалап отыр.

Абай Құнанбайұлы өзінің қара сөзінде: «Қазақ ойлайды: бiрлiк-ой ортақ, ас ортақ, киiм ортақ болса екен дейдi… Осы ма бiрлiк? Жоқ, бiрлiк – ақылға бiрлiк, малға ортақтық емес, малыңды берiп отырсаң, атасы басқа, дiнi басқалар, күнi басқалар да жалданып, бiрлiк қылады. Бiрлiк сатылса – антұрғандықтың басы осы», - деген. Ия, татулығымыз – ортақ болса,  ой-ақылымызда, бірлігімізде ешқандай алтынға сатылмасын. Өйткені елдің ауызбіршілігі алтыннанда қымбат!

Сөзімізді қорытындылай келе бірде сахабалар ардақты Елшімен (с.а.с.) сұхбаттасып отырған шақта, сахабалардың бірі: «Уа, Алланың Елшісі, Аллаға дұға жасағанда көбіне нені сұрайық?», - деп сұрақ қояды. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Алла Тағаладан ауызбіршілік пен тыныштықты сұраңдар», - деп жауап қайтарған. Бірлік орнаған мекен үстіне ауызбіршілік сұрап дұға ету – бейбітшіліктің тұрақты жалғасуына кепіл болмақ. Жалпы біздің экономикамыз, табыстарымыз, өркендеуіміз, болашағымыз, сайып келгенде, тағдырдың жазуымен құтты Қазақстан жерін мекендеген халықтар арасындағы қарым-қатынастағы достық пен бірлікке толығымен байланысты. Сондықтан біздің әрқайсымыз Қазақстанның дамуына өз үлесімізді қосуға ұмтылуымыз керек. Әсіресе, бұл бағытта жастарды тәрбиелеу қажет. «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деп Ахмет Байтұрсынұлы сөзімен аяқтағым келеді.

   

А.Дүйсен

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ теолог маманы                                                                                      

0 пікір