Әл-Фараби дүниетанымындағы адам мәселесі
Әл-Фараби дүниетанымындағы адам мәселесі
12.08.2020
2907
0

Елімізде Фараби турасында бірқатар зерттеулер жасалды, әлі де жасалып келе жатыр. Жасалған зерттеу жұмыстары кітап, мақала түрінде жарық көруде. Арқау болған тақырыптардың көбісі Фарабидің дүниетанымы мен пәлсапасы, адам туралы ой-толғаулары.

Әл-Фарабидің дүниетанымдық мұрасы өте ауқымды және алуан түрлі. Бұған оның көптеген мұсылмандық Шығыс елдерінде ғана емес, бүкіл әлемге кеңінен танымал болған көптеген еңбектері куә. Әл-Фараби этика, саясат, жаратылыстану, психология, эстетика, мантық (логика) секілді сол кездегі ғылым салаларын зерттеп салыстырған. Философ адамгершілік пен гуманизм мәселелеріне ерекше мән бергенін адамның бақытқа жетуінің негіздерін қарастырғанынан білеміз. Замандастары оны «Муаллимус Сәни» – Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз», сондай-ақ «Шығыстың Аристотелі» деп атаған.

Фарабтық ғалымның өз шығармаларында адамға тереңірек көңіл бөлгенін, оның негізгі шығармаларының бірі – «Қайырымды қала тұрғындары» атты еңбегінен көре аламыз. Бұл шығармасында ол «идеалды қаланың» мәнін, құрылымын, дамуы мен өркендеуін талқылайды. Ал бұл «идеалды, қайырымды қаласы» мәселесінің ажырамас бөлігі – әртүрлі моральдық категориялар мен кемел адам тәрбиесі. «Инсан-и камил» немесе «кемел адам» ұғымдарын бұл еңбегінде көп қолданады.

Фараби адамдардың «ізгілік қасиетіне» үлкен мән береді. Атап айтқанда, философ ең қайырлы, ізгі қасиетті – болмысы ұзағынан болатын халыққа, адамдарға және қалаларға қамқорлық жасау деп тұжырымдайды. Фарабидің пікірінше, адамның жетілуі, оның ізгілік қасиеттері өмір бойы жалғасатын және тек өліммен аяқталатын процесс. Сонымен қатар батылдық, жомарттық, әділеттілікті адамгершілік қасиеттер деп санайды. Алайда, толық жетілуге рационалды қасиеттердің көмегімен ғана қол жеткізуге болатынын айтады. Фараби философиясының негізгі идеясы – нағыз адамгершіліктің кемелденуі мен бақытқа жетелейтін білімнің көрінісі деп баяндайды.

Адамның нағыз бақытқа жету жолы зұлымдылық пен кемелсіздіктермен күресте ізгілік, пәктік секілді игі істерден өтеді. Ал мемлекеттің, адамдарды біріктірудің басты мақсаты – барлық азаматтардың бақытқа жетуін айтады. Адамның кемелденуі өзінің адами болмысына сәйкес келген кезде, әртүрлі құндылықтарға әлеуметтік қатынастарға қол жеткізуі арқылы жүзеге асады.

Фараби де, Ислам философтары адамды «нәпсі мен ақыл» секілді ұғымдармен тарқатады. Философтарының «ақыл мен нәпсі» пікір-таластарының негізінде Аристотель мен Платон философиясы мен әсері бар. Әл-Фараби де бұл екі философтан алған әсерімен адам туралы өз философиясында баяндайды.

Фарабидің адам туралы тарқатуы еңбектерінде екі түрде қолданылады. Біріншісі, «инсан/адам (әл-инсан)» болса, екіншісі, «инсани/адами, инсанға/адамға тиесілі (әл-инсания)» терминдер. Әуелгі ұғым, логиканың бір түрі, яғни бес сипаттың бірі. Екіншісі, біріншісін толықтыратын сипат. Фарабидің еңбектерінде қолданған «инсан/адам» терминін шынайы болмыс ретінде қарастырады. Бұл шынайы болмыс амал, есту, көркем дауыс, мақсат, көркем мінез-құлық секілді қасиеттерге ие.

Фарабидің дүниетанымында адам екі жауһардан құралған бір бүтін ретінде қарастырылады, яғни адамдағы бүтіндік ұғымы екі жауһарға бағынышты. Болмыстардың барлығы өмір сүру мен күйреушілікті бастан өткереді. Бұл екі жауһар ретіндегі адамның өмір сүру мен күйреуге тән болмыс екендігін айтады. Адамның ішкі әлемі екі заттан құралған. Олар: материя мен сыртқы көрініс. Сонымен қатар адам жанды болмыстың бірі болып есептеледі. Жанды болмыс ретіндегі адам Фарабидің пікірінше, ой жүгіртетін және ажал құшатын жаратылыс болғанына байланысты өз еңбектерінде бірқатар тақырыптар арнайды.

Әл-Фарабидің пайымдауынша, адамға екі нәрсе тән. Олар: табиғаттан алынған, екіншісі «ниетпен» келген, яғни ұйымдасқан түрде оқыту әдістемесімен басқарылатын оқыту мен тәрбиенің нәтижесі. Әл-Фарабидің адам туралы ілімінде үйлесімділік идеясы басым. Әсіресе, адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік, жалпыға ортақ қатынас идеясын көбірек насихаттаған. Х ғасырда Араб халифатындағы ғылым мен өнердің өркендеуі қоғамның рухани және мәдени өмірінің дамуына ықпал етті. Әл-Кинди, Ибн Туфайл, Ибн Рушд секілді философтардың мұндағы рөлі орасан зор болды. Әл-Фараби де аталған ғалымдар секілді әр адам өзінің іс-әрекетін біліп, моральдық қағидалардың мәнін түсініп, осы қағидалармен имандылық принциптерін жетілдіру керектігін айтқан. Фараби: «Адамгершілік пен адамдық қағида – утопиялық сананың альфасы мен омегасы. Адамдағы моральдық принципті терең түсінбестен бірде-бір әлеуметтік жобалар жасалмайды», – деп, адамның қоғамдық болмыс болғанын, игі бастамалардың барлығы адамгершілікке тірелетінін айтқан.

Сөзімізді қайырар болсақ, Фараби ақыл-рух-нәпсі секілді элементтерден құралған адамды баяндайды. Үш элементтің орталығын «қалб/жүрек» органы құрайды. Теориялық және практикалық философияны пайдаланып кемелдікке жеткен ақыл (қалб) мен философ (пайғамбар) адамды немесе қоғамды бақытқа жетелемек.

 

 Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерінзерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы Б. Ботақараев

0 пікір