Адалдық пен тазалық
Адалдық пен тазалық
22.08.2023
1282
0

    Барлығымыз деніміз сау болып, ұзақ өмір сүргіміз келеді. Денсаулығымыздың кепілі – «Тазалық» екендігі барлығымызға мәлім. Тазалық бар жерде әр кезде жарқын өмір қатар жүреді. Денсаулығымыз берік, қайратты  болуы үшін салауатты өмір салтын ұстанып, әрқашан да таза жүрсек болғаны. Адам өмірінде тазалықтың алар орны орасан зор. Жаны таза адамның өмірге деген көзқарасы жарқын, ерекше болады. Тазалық күнделікті біздің жанымыздағы сенімді серігіміз болуы шарт. «Адал жүріп, адал тұр»,-деп Абай атамыздың айтқан сөздеріне, «Көзің ауырса колыңды тый»,-деген сынды мақал-мәтелдерге қарап, қазақ коғамында ежелден адалдық пен тазалық мәселесіне селсоқ қарамағанын аңғара аламыз. Адалдық пен тазалық сөздері мәні тұрғысынан бір-біріне егіз ұғым болып көрінгенімен, екі бөлек мағынаны білдіреді. Бұл ұғымдарды жіктеп айтатын болсақ, бірі адам жанының тазалығы яғни адалдық десек, ал екіншісі адам тәнінің тазалығы, демек бұны гигиена немесе тән тазалығы деп айтсақ қателескен болып саналмаймыз. Қазақ коғамы бірінші орында тектілік пен адалдықты сақтай білген. Тарқата айтатын болсақ арам астың түйірін де аузына алмаған, ит пен құстар су ішкен, беті ашық құдықтан 40 шелек су төгіп тазаламайынша су ішпеген. Қазақ ұлтының өн бойында осындай жылқыға тән мінез болғанының дәлелі десек қате айтпаған болар едік. Қазақта «адалдық» тапқан табыспен және ішкен аспен ғана көрініс тауып қоймай, отанға адалдық, ата-анаға адалдық, сүйген жарға адалдық, досқа адалдық, саудада адалдық, таразыдан жемеу, берген сөзге адалдық т.б. мағынасы ауқымды «адалдық» ұғымын қазақ халқы ежелден жас ұрпаққа үйрете білді.                              

   Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) хадисімен айтқанда тазалық иманның жартысы екендігін көре аламыз. «Анасын көріп қызын ал, аяғын (ыдысын) көріп асын іш»-деген секілді мақал-мәтелдерді аңғара отырып, ежелден адалдық пен қоса тазалыққа да көңіл бөлуді ескерткендей. Ж.Карменовтің толғауында айтқандай, «Қулықпен тапқан мал арам, түбінде хайыры болмайды»,-деп арам жолмен келген әрбір табыстың қайыры жоқ екенін жақсы білген қазақ халқы, ежелден-ақ жас ұрпаққа адамгершілікті, адалдықты, қарыз берсе одан өсім сұрамауды, пара беріп, пара алмауды, есінен айыратын түрлі ішімдіктерді тасуға, сатуға, жасауға болмайтынын үйрете білді. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) өз заманында тазалыққа, яғни гигиенаға көңіл аудартқан. Оған дәлел ретінде Тирмизи мен Абу Дәуіт жеткізген хадисте: «Тамақтың берекеті – тамаққа дейін және тамақтан кейін қол жуу»,-делінген. 

   Қасиетті Құранның Бақара сүресінде: «Ей, адамдар, Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер». Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) «Харамнан сақтаныңдар, асқазанына харам ас түскен адамның дұғасы қырық күнге дейін қабыл болмайды»,-деген ұлы әмірін ата-бабаларымыз берік ұстанған.

   Адамның сырт келбеті де, ішкі жан дүниесіде таза болуы шарт. Сырт келбеттің тазалығы сені ортада әдемі етіп көрсетсе, жан дүниеннің тазалығы адамдар арасындағы абыройыңды жоғарылатады. Жан дүниенің тазалығына сенің адалдығың мен мейірімділігің, өтірік айтпайтын шыншылдығың, өзгеге көмектесетін жанашырлығың жатады. Қоршаған ортаның тазалығы да адам өміріне әсер етеді. Таза ортаның табиғаты да, ауасы да адам жанына жылулық ұялатады. Әрқашанда  қоршаған ортамызды таза ұстап, табиғаттың сұлулығын көрсетуіміз керек.

    Біздің басты мақсатымыз – адалдық пен тазалық түсінігін ұғынып, дүниетаным көкжиегімізді кеңейтіп, ойларымызды еркін жеткізе білу қабілеттерімізді шыңдауымыз керек. Тәуелсіз еліміздің жан-жақты ілгері дамуына, азаматтық үлесімізді қосу жолында аянбай еңбек етуіміз, мемлекетіміздің алдындағы борышымыз болмақ. Елбасымыз отандастарымызға ұлтқа мінсіз қызмет етудің лайықты үлгісін көрсетіп отыр. Біз үшін елін, жерін қастерлейтін болашақ тәрбиелеу маңызды. Осы мәселеде Елбасы елге еңбегі сіңген, адал еңбек, маңдай термен биік белесті бағындырған тәуелсіздік тұлғаларын насихатттауға  шақырды.

   Біздің қоғамның ұстанымы – тазалық, адалдық, зайырлылық. Осы қалпымыздан айнымайық.

 

Ұ. Құлтай 

Теолог маман                                                                                              

0 пікір