Ұлт руханиятындағы қыз тәрбиесі
Ұлт руханиятындағы қыз тәрбиесі
27.03.2020
1104
0

           Елбасымыз  Н.Назарбаевтың  «Қазақстан-2050»  Қазақстан  халқына арналған  Стратегиясында «Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары», - деп атап өткен болатын. Аталған  міндетті  жүзеге асыру  жолдарының  бірі  отбасылық  тәрбиені  дамыту,  осы бағытта  қазақ  халқының  отбасылық тәрбиесін ұлттық құндылық ретінде жаңғырту керек. Отбасылық тәрбие – ұлттық тәрбиенің негізі, ал  ұлттық  тәрбие  алған  ұрпақ  еңбекқор,  дені  сау,  білімді,  ақылды, иманжүзді,  адамгершілігі  мол,  ұлтжанды  азамат болып өседі.  

          Отбасы-жас ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі. Отбасында өмірдің мәнін оның мақсаты мен міндеттерін, құндылықтарын игереді, басқалармен қарым- қатынас жасау дағдыларын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырады, өзін- өзі ұстаудың нормалары мен мінез-құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді. Демек, отбасы-адам баласының алтын діңгегі, оның адамзат ұрпағына деген ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі.              Отбасы – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тыйым сөздерді, тәрбиелік мәні жоғары үлгілерін сіңіреді. Осы тұрғыдан отбасын ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын ұлттық мәдениетті тәрбие арқылы тасымалдаушы орта ретінде қарастыруға болады.                                                                                                Отбасы тіршілігінде ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер үнемі сақталып отырса, баланың ұлттық сана-сезімі ерте оянады. Баланы қоғамның моральдық нормасын орындауға қатыстыру, оның тәртіп және мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру. Әрі көкірегі ояу қазақ баласының ұлттық құндылықтарды меңгеруі оның отбасылық құндылықтарды меңгеруінен басталады.       

          Қазақ  халқы  әдептілікке  тәрбиелеуді  ең  алдымен  қыздың тәрбиесінен бастаған. Өйткені, бүгінгі бармақтай бала ертең бой жетеді, бүрсікүні ана болады. Адамзатты осы анадан деп түсінген қазақ әдепті ана арқылы қыздан бастаған. Алла Тағаланың көркем  жаратылыстарының ішінде  тәні нәзік, жаны сұлу болған жаратылыс ол – әйел. Оның күштілігі – оның  әлсіздігінде. Әйел неғұрлым нәзік болса, оның бейнесі соғұрлым көркемдене түседі. Әйел – ерлерге қарағанда  әлсіз, мейірімді әрі сабырлы келеді. Олардың жаратылысындағы ерекшелікті Пайғамбар (с.а.с) былайша сипаттады: «Әйелдердің еркектерден артықшылығы олардың сезімтал етіп жаратылуында». 

          Дана халқымыз «Қыз қылығымен сүйкімді» екенін ерте біліп, қызды қашанда «жат жұрттық» уақытша қонақ ретінде жас күнінен отбасының сенімді серігі, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде тағылымды тәрбие берген. Қазақ қыздарының менталитетіне қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық сияқты қасиеттер кіреді. Тарихқа көз жүгіртсек, Айман, Құртқа, Назым сияқты қыздарымыз, Домалақ ана, Айша Бибі сияқты аналарымыз нағыз қазақ әйелдерінің үлгісі болды. Ұлжан ана данышпан Абайды ғұсыл-дәретсіз емізбегені – адамзаттың баласын тәрбиелегені болып табылады. Халқымызда бала тәрбиесін құрсақтан бастаған асыл аналарымыз болған.              «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» – деп көңілі мен жүрегі таза, әдемілікке, нәзіктікке құмар, өзінің емес, өзгенің өресін көтермелейтін қыз бала келешекте іргелі үйдің шаңырағын жоғары көтеретінін айтса керек. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, балаларының анасы. Бүгін ол қыздар өнегелі тәрбие алса, ертең ұрпақ тәрбиелейтін қазақтың дана аналарына айналары сөзсіз.

          Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Әйел-бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» – дегені қыз тәрбиесінің маңыздылығын әрдайым еске салып, ұлт тәрбиесінде иманды да ұлағатты, ізетті де инабатты қыз тәрбиелеудің аса маңызды екенін еске салып тұрғандай.

 

 

«Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру» бөлімінің маманы                                  А.Сейдрахман       

0 пікір