Үлкенге құрмет – кішіге ізет
Үлкенге құрмет – кішіге ізет
09.04.2021
12596
0

Қазақтың ең орныққан, маңызды қағидасының бірі  – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету. Ұрпақтарға ең үлкен тәрбиені де осы бір ауыз сөзбен бойына сіңірген. Үңілсек, бұл сөзде үлкен философия жатқан сияқты. Өзімізден үлкенді құрметтесек, өзімізден кішіге иіліп ізет көрсетсек, адамзатты сыйлаған, бәрімен жақсы қарым-қатынаста болмаймыз ба? Ал күллі адамзатты сыйласаң, өзің де сыйлы боласың, құрметке бөленесің. Әсілі, дінімізде де үлкенді құрметтеу – Алланы ұлықтаудың бір түрі. Пайғамбар (с.а.с.) бір хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны ізет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі», – деген. Расында, дінімізде Алла Тағаланы ұлықтау тек тілмен зікір ету немесе ертелі-кеш құлшылық етумен ғана емес, Алла разылығы үшін деп істелген әрбір игі іспен жүзеге асады. Ислам дінінің кереметтілігі міне, осыда жатыр. 

Қазақта отбасының әр мүшесінің өз орны бар. Шектен шығып бара жатқан кісіні «Өз орныңды біл!» деген бір ғана сөзбен тоқтатқан. Балалары ата-әжесін, әке-шешесін құрметтейді, олар айтқан сөзге тоқтайды. Аға-әпкелері іні-қарындастарына қамқор болады, келіндер үлкенге тік қарамай, даусын бәсеңдетіп сөйлейді. Дастархан басында отырғанда да осы қағида сақталады. Үлкендер – төрде, олардың жанын ала бере, оң жағында қыздар, сол жағында ұлдары, одан төменірек балалар, келіндер жайғасады. Төр – құрметті орын. Сондықтан да онда құрметті кісілер отырады. Бұрынғы уақыттарда ауылдағы, ру ішіндегі не ел арасындағы дау-дамайды да үлкендер шешетін болған. Ақсақалдар отырысында шешілген байламға екі жақ та тоқтаған. Оған қарсы шықпаған. Қазіргі соттың үкімінен де артық бағаланған десек қателеспеспіз. Шүбәсіз, Алла Тағала үлкендердің алдында ізеттіліктен айнымаған жас құлын қартайғанда елге сыйлы етеді. Ал, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп білмеген жасты қартайғанда ел-жұртқа сүйкімсіз қылады. Майлықожа ақын осынау ақиқаты мына бір жыр жолдарымен шебер жеткізе білген:

Жақсы бір адам қартайса, көкірегі хат болар.
Жаман бір адам қартайса, бықсып бір жанған от болар.
Жақсы қария белгісі жанып тұрған шоқ болар.
Жаман қария белгісі қайраңдап қалған сал болар».

Кішілер үлкенге құрмет көрсетеді. Ол құрмет өмірдің әр алуан кездерінде әр түрлі формада жүзеге асады. Кішкентайында үлкеннің жолын кеспейді, оларға әрдайым сіз деп сөйлейді, тіл қайтармай, айтқанын бұлжытпай орындайды. «Сен демек қиын емес пе, бұрынғы туған үлкенге?!» деп Шортанбай Қанайұлы қазақтың танымын көрсетеді. Басқа қарсылықтарды былай қойғанда, тек «сен» деп сөйлеудің өзін өте оғаш санаған. Бала кезінен-ақ қонақты күтіп алып, олардың қолына су құйып қызмет жасау үйдің кіші балаларының еншісінде болған. Есесіне үлкендер оларға ризашылығын батасымен, мейіз-өрік, тәттісімен білдіретін болған. Кішіге ізет көрсету де үлкен жауапкершілікті, асқан мейірбандылық пен махаббатты қажет етеді. Жүрегі жұмсақ адамдар ғана кішіге мейірімділік танытады. Ертеректе бір үйдің баласы, екінші үйдің тамағын жеп, ойнап, тіпті сол үйде қонып жүре беретін. Ешкім алаңдап, баласын іздемейді де сонда. Бір қазан тамақ жасалып, үйдегінің бәріне тартылатын. Қазақтың дархан көңілінің арқасы ғой! Бұдан бөлек ел арасында ағасының өз інілерін жеткізіп, үйлендіріп, үйлі етіп жатқан неше жағдайларды естіп те, кездестіріп те жүрміз. Ол да болса әке аманатын орындап, кішілерге қамқарлықпен қарап жүргенінің мысалы. Үлкенге құрмет көрсету мен кішіге ізет көрсету жалпы қазақта тәптіштеліп үйретуден емес, күнделікті тіршіліктен-ақ баланың бойына сіңіп кеткен сияқты. Өйткені тәрбие айтудан емес, көрсетумен ғана бойға сіңеді. Үлкен даналық жатқан бұл қағида шынында атадан балаға мирас болып келіп жатыр. Еш заңда жазылмаса да халықтың санасы мен тыныс-тіршілігіне сіңіп кеткен. Қазақта қай істі бастасақ та осы қағиданы біліп-білмей ұстанамыз. Қонақ күтсек, әуелі үлкендерді шақырамыз, үлкендерге амандасамыз, «басты» үлкендерге береміз, белгілі бір мәселені де алдымен үлкендермен ақылдасып, сол кісілердің батасын алып барып қана бастаймыз.

Қорытындылай келе тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – асыл дініміз бен салиқалы салтымыздың жас буынға қояр ең басты талаптарының бірі – жасы үлкенді ізет тұту. Ендеше, өзін мұсылманмын деп санайтын әрбір жастың Алла Елшісінің (с.а.с.): «Егер араларыңда еңкейген қарттар болмағанда, (істеген күнәларыңның кесірінен) бастарыңа толассыз бәле жауар еді», – деген хадисінің мәнін түсініп, көкейіне түйіп алғаны һәм соған қарай әрекет еткені жөн. Бауыржан Момышұлы атамыз «Қарт адам - ұзақ сапар шегіп, тоналып қалған жолаушы сияқты» - деген. Қарияларымызға сый-құрметімізді аямайық, әр сөзінен ғибрат ала білейік. Кәріліктен ешкім құтыла алмаған. Бірақ кәріліктің өзінің сәні мен мәні бар. Ұлықпан Хакім мың жасаған дейді, мына заманда ешкім мың жасамасы анық, тек өсіп-өнген, тәрбиелі ұрпағымен мың жасайды.  «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» екенін есімізден шығармаған жөн болар.

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ - нің

Мақтаарал ауданындағы теолог маманы                             А. Жәлел

0 пікір