Тіл мәртебесі – ел мәртебесі
Тіл мәртебесі – ел мәртебесі
05.03.2021
1196
0

Тіл әрбір ұлттың ұлт, елдің ел болып қалыптастырушы және жасаушы факторы. Ешқашан ұмытылмайтын ерен ерліктің айғағы, ертеңгі күнімізді айқындаушы, яғни кешегіміз, бүгініміз, ертеңіміз. Адамды жануарлардан ерекшелейтін және адам ететін ең бірінші Отанына, халқына және тіліне деген өшпес махаббаты. Әр халықтың өзінің ана тілі бар.

Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тіл – қай ұлтта, қай елде болмасын қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен дарып, қалыптасады. Тіл арқылы салт-дәстүрімізді, дінімізді, ділімізді, қолөнерімізді де сақтап, келесі ұрпаққа бере аламыз.

1989 жылы алғаш рет «Тіл туралы» заң қабылданғаннан кейін халқымыздың және өзге ұлт өкілдері арасында ана тілімізге күрт бетбұрыс болып, балаларды қазақша балабақшалар мен мектептерге беру едәуір белең алғаны мәлім. Елбасы Н.Ә. Назарбаев келешек жастардікі деп үлкен сенім артқан еді.

            Бүгінгі қазақ тілінің тағдыр мен болашағы Елбасын аз толғандырған  жоқ. Сондықтан да болар Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деген болатын. Ал кейінгі 2005 жылғы жолдауында айтылған «Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басты факторлардың бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» - деп  қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқы болуын көздеді.

Тәуелсіздік алғалы бері қоғамдық қызу талқылаудың тақырыбына арналған басты мәселенің бірі – тіл мәртебесі. Тілі мен ділін ұмытқан ұлттың да болашағы бұлыңғыр екені анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы жолдауында қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейту турасына ерекше тоқталды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек»,- деген.

            Қай қоғамда да тіл мәселесі өзекті мәселе болатыны белгілі. Біздің ұлтта да тіл өзекті мәселе болып отыр. Қазақстанда қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Солай бола тұрса да бізде қазір көптеген қандастарымыз үй ішінде, сыртта, қоғамдық орындарда өзге тілде сөйлеп, қазақ тілінің сөйлеу өрісін тарылтып, қолданылу аясын әлсіретеді, тіпті жоғарғы жақтағы басшылардың өздері өзге тілде сөйлейді, қазақша сөйлегеннің өзінде шұбарлап сөйлейді. Шынында қазақ пен қазақтың, әке мен баланың, әріптестердің жұмыста қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз-ақ жәйт. Басты кемшілігіміз – осы.

Қазіргі таңда елімізде қазақ тілі мен орыс тілі қатар қолданып келеді. Еліміздегі ірі қалаларда орыс тілінің басымдылығы бар екені жасырын емес. Біз бұл көрсеткішті көтеру үшін әр қайсымыз ана тілімізде сөйлеп, ана тілінде қарым-қатынас жасауымыз керек. БАҚ құралдары мен қоғамдық орындағы іс-шаралар қазақ тілінде өтер болса, тілімізге сұраныс артар еді.

Ғалымдардың зерттеуінше, әрбір екі апта сайын әлемде бір тіл жер бетінен жойылып кетіп жатыр. Ал ХХІ ғасырдың аяғына қарай қазіргі 6 мыңнан астам тілдің тең жартысы мүлдем қолданылмайтын болады. Онымен бірге сол ұлттар да тарих қойнауына еніп кетеді. Бұл қорқынышты сценарийдің кейіпкері болып кетпеу үшін билік те, халық та басты құндылығын дәріптеп, өз шыңында ұстап тұруға атсалысу қажет.

Қазақ тілі сөйлейтін адамдарының саны жағынан әлемдік тілдер арасында 70-ші, тіл байлығынан үшінші орында. Сену қиын десек те деректер осылай. Ең бай тіл саналатын араб тілінде 12 миллион 300 мың сөз болса, бұл көрсеткіш ағылшын тілінде 750 мың, қазақ тілінде 600 мың, ал испан тілінде 300 мың, орыс тілінде 150 мың екен. Ал қытайлар болса 87019 иероглифті қолданады

Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі.

          Мемлекеттік тілді құрметтеу – Қазақстан азаматтарының міндеті болып саналады. Мемлекеттік тілді менсінбеушілік, сыйламаушылық және оның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін басқа да іс-әрекет жасаған азаматтар мен ұйымдар мемлекеттік мекемелер заң бойынша жауапқа тартылады.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,-деп қазақ атамыз тегін айтпаған. Тіл – ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. Сондықтан тіл әлемдегі ұлттық мәдениеттің ара қатынасында аса маңызды рөлге ие. Адамды биікке көтеретін ана тілі мен ата дәстүрі. Ана сүтімен бойымызға дарыған өз тіліміз біз үшін қашан да жоғары орында тұрмақ. Қанша тіл үйреніп, ой-санамызды кеңге өрістетсек те, өз тілімізді ұмыту мүмкін емес. Келешек жас буынға да осы үштілділікті үлгі етіп қалдырайық. Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін есте сақтағанымыз абзал.

 

         Теолог маман                                               Рысметова Шахиста                                                               

0 пікір