Қазіргі таңда терроризм бүкіл әлемді алаңдатып отырған ең өзекті әрі қауіпті мәселелердің бірі болып табылады. Бұл құбылыс мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігіне ғана емес, қоғамның тұрақтылығына, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, экономикалық дамуына және халықаралық бейбітшілікке зор қауіп төндіреді. Террористік әрекеттердің басты мақсаты – халық арасында үрей туғызу, қоғамдық тұрақтылықты бұзу және белгілі бір саяси, діни немесе идеологиялық мақсаттарға күш көрсету арқылы қол жеткізу. Сондықтан терроризмге қарсы күрес құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті саналады.
Қазақстан бейбітшілік пен қоғамдық келісімді басты құндылықтардың бірі ретінде ұстанатын мемлекет болғанымен, терроризм қаупінен толықтай оқшау қалған жоқ. Соңғы онжылдықтарда елімізде орын алған бірнеше қайғылы оқиға бұл қатердің шынайы екенін көрсетті. 2011 жылы Ақтөбе қаласында алғашқы жанкештілік жарылыс тіркелді. Сол жылы Тараз қаласында қарулы шабуыл орын алып, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен бейбіт тұрғындар қаза тапты. 2016 жылы Ақтөбеде қару-жарақ дүкендері мен әскери бөлімге жасалған шабуылдан әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындар көз жұмды. Сол жылы Алматы қаласында да террористік сипаттағы қарулы шабуыл болып, полиция қызметкерлері мен бейбіт азаматтар қаза болды. Сонымен қатар 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде террористік сипаттағы әрекеттер салдарынан көптеген адам қаза тауып, мемлекеттік және жеке нысандарға айтарлықтай залал келді.
Терроризмнің таралуына әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық, діни сауатсыздық, интернет арқылы таралатын радикалды насихат және жалған идеологиялар әсер етеді. Сондықтан жастардың діни және құқықтық сауаттылығын арттыру, сыни ойлау қабілетін қалыптастыру, отбасы тәрбиесін нығайту және дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу аса маңызды.
Терроризмнің салдары адам шығынымен ғана шектелмейді. Ол қоғамда қорқыныш пен сенімсіздік туғызып, экономикалық дамуға кедергі келтіреді, қоғамдық келісімді әлсіретеді. Қазақстанда терроризм мен экстремизмнің алдын алу бағытында заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралар тұрақты түрде жетілдірілуде. Мемлекет халықтың діни сауаттылығын арттыруға, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге және радикалды идеологияның алдын алуға ерекше көңіл бөлуде.
Қорытындылай келе, терроризм – адамзатқа ортақ қауіп. Оған қарсы күрес тек күштік шаралармен емес, білім, ағартушылық, заң үстемдігі, қоғамдық келісім және рухани тәрбие арқылы тиімді жүзеге асады. Әрбір азамат ел тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауға жауапкершілікпен қарап, радикалды идеологияларға қарсы иммунитет қалыптастыруға үлес қосуы тиіс.
Қ.Мырзабай
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru