Талапкер – еңсеңді түсірме...
Талапкер – еңсеңді түсірме...
27.05.2022
591
0

         Білім алу – адамзат баласының қол жеткізген ақыл, парасаттың түбірі. Білім алу арқылы ғана ақ пен қараны ажыратып, ненің дұрыс немесе бұрыс екендігін сезіне аламыз.  Дана бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа ауызша, жазбаша қалдырған рухани мұралары ұшан теңіз. Әлемнің екінші ұстазы болған әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқариден бастап, бермен қарай қазақ ақын-жырауларының керемет туындыларымен жалғасып, Алаш зиялыларының ақиқатымен ұласып, өзіндік бір білім беру формасы қалыптасқан болатын.

         Тәуелсіздік алғалы бері жыл сайын жүргізіліп, білім жүйесіне енгізіліп отырған реформалар біздің болашағымызға салынып жатқан даңғыл жол деп айтуымызға болады. Себебі, қай мемлекеттің болмасын даму жолы, яғни экономикалық-әлеуметтік жағдайына тікелей апарар жол – сол елдің білімінің дамуы болып табылады. Яғни, болашақта дамыған алпауыт мемлекеттердің қатарында боламыз десек, жастардың біліміне мән беруіміз қажет. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстаушы білікті маман, ел тағдырын шешуші азамат.   

         Мамыражай мамыр айыдың соңына да жетті. Бірнеше күннен кейін оқушылар тағы бір оқу жылын артқа қалдырып, көптен күткен жазғы демалысқа кетеді. Биыл Түркістан облысы бойынша 30 мыңнан астам жас түлек үлкен өмірге қадам басып, өмірден өз орнын табуға талпынып тұр. 1200-ден астам озат оқушымыз «Алтын белгіге» үміткер. Жалпы еліміз бойынша 132 мыңға жуық үміткер жас талапкер болса, мемлекет тарапынан 54 мың грант қарастырылған. 

         Мектеп бітіруші түлектер соңғы қоңырау мерекесінен кейін білім сынағынан өтуге әзірленеді. Түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты әлдеқашан бастап-ақ кеткен. Тек сынақ уақыты жақындаған сайын жүректері дүрсілдеген түлектердің көңілдеріндегі үміт пен күдік арпалыса бастайды. Мектеп оқушылар арасында немесе жастар, жасөспірімдердің бойында емтиханнан қорқу, психологиялық күйзеліске түсу, өмірдің үлкен бір сынағы деп қабылдап, ата-ананың, жанұяның үмітін ақтай алмадым деген секілді негативті пікірлер талапкердің ойында болмауы тиіс.

         Бір күндік сынақпен адамның одан кейінгі өмірі есептелінбейді. Отбасы тарапынан дұрыс қолдаудың болмауы, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, баланың қызығушылығының болмауы, мектеп ұстаздары тарапынан сенімсіздік баланың көкірегінде күдік ұялатып, санасын сан-саққа жүгіртеді. 

         Ұйқысыз өткізген талай түн, тынымсыз еткен еңбек, күн жақындаған сайын қобалжу баланың емтихан кезінде психологиялық тұрғыдан эмоциясын қалыпқа келтіре алмай, жанып кетуі әбден мүмкін. Дәл осындай оқушы сынақ аяқталысымен артылған үмітті ақтай алмадым деп өз-өзіне қастандық жасап немесе зиян келтіріп, кей-кездері оқиға соңы үлкен қайғылы жағдайларға әкеліп соғуы әбден мүмкін.

         Құрметті оқушы! Білім саласындағы сынақ сіздің келесі өміріңіздегі азаматтық қасиетіңізді бағалай алмайды. Өмірде оқу мен жұмысқа, қымбат көлік пен ақшаға қарағанда маңызды дүниелер өте көп. Жастайыңнан білім мен еңбекке құмар боп өсуің керек. Бірақ, тағдырың оқуға түсу-түспеумен шешіледі деген заңдылық еш жерде жазылмаған. Бұл – өміріңде кездесетін мыңдаған сәтсіздіктің алғашқысы ғана. Соған бола өміріңнен теріс айналсаң, кім болғаның? Емтихан өмірдің соңы емес. Бар болғаны алдымызда тұрған баспалдақ. Ол баспалдаққа қалай шығатынымыз өзімізге ғана байланысты. Болашақта әрбір қадамымыз нық болу үшін іргелі білім қажет. Ал егер сүрініп жатсаңыз, ештеңе етпес. Өйткені оқуға қайта тапсыру үшін бірнеше мүмкіндігіміз бар.

         Оқыған мамандығымен емес, айналып келіп өзінің күш-жігері, жан қалауымен еңбек етіп, берекелі тұрмыс кешіп жатқан азаматтар өте көп. Бір мамандықты алып, оны оқу керек деген жалаң түсінік қалыптаспау тиіс. Мамандықты алып қою басқа, оны игеру мүлдем басқа екендігін түсіну қажет.

         Әлемге әйгілі «Форд» автокөлік индустриясының негізін салушы Генри Фордтың мына сөзін естен шығармасаңыз:«Бәрі сізге қарсы болып көрінгенде, ұшақ желге қарсы көтерілетінін есте сақтаңыз, онымен бірге емес».

         Талапкер еңсеңді түсірме. Талабы мол жас таланттың өмірінде көптеген сынақ кездесері анық. Тағдырдың кейбір тәлкегіне мойымай, жігерің жасымай, сынаққа сабырлық танытып қана, өз-өзіңді қоғам алдында, ел алдында мойындата аласың. Мақаламыздың қорытындысын қазақтың ақиық ақыны М.Мақатаев атамыздың мына бір өлең шумағымен аяқтағымыз келіп отыр:

         Өкінбе, өкпелеме бүгініңе,

         Өмір, өмір!

         Болмайды түңілуге,

         Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,

         Қайта тұрып қақың бар жүгіруге.  

А.Тағай

«Әдістемелік қамтамасыз ету»

бөлімі басшысы м.у.а.                                                         

0 пікір