Қыздың қылығы түзде
Қыздың қылығы түзде
10.07.2020
1895
0

          Ата-бабамыз ертеден қыз тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Қыз бала - болашақ ана деп қадірлеген, сыйлаған. «Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі», «анасына қарап қызын ал, ыдысына қарап асын іш», «қызға қырық үйден тыю», «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген сияқты қазақ халқында қыз тәрбиесіне байланысты ақыл, нақыл сөздерден қыз тәрбиесі назардан тыс қалмағанын байқауға болады. Басты мақсат - өнегелі, иманды, сыпайы да биязы қыз, жар, болашақ ана тәрбиелеу. Барлық тәлім-тәрбие, мінез-құлық пен рухани байлықтың бәрі анасүтімен беріледі.

          Қыз - бүкіл ұлттың анасы. Сондықтан ұлттың анасы үлгі тұтарлықтай болуы керек. Қыз бала отбасының шамын жағушысы, түтінін түтетушісі. Егер ер бұзылса - жанұя бұзылады, қыз бұзылса - бүкіл ұлт бұзылады. Қыздарымызды дүниеге келгеннен бастап ұлттық тәрбиеге баулыған жөн. Сондықтан, «қыз өссе - елдің көркі» деп бағалап, оның тəлім-тəрбиесіне  зор көңіл бөлген.

          Қазіргі таңда сыртқы күштер, түрлі ақпарат пен тәрбие көзі көбейгені мәлім. Сырттан келген әсер ғаламтор арқылы, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таралып отыр. Интернет беттеріндегі ақпараттың көпшілігі бәрі пайдалы емес екендігін білеміз. Соның бәрін іс-жүзінде күнделікті өмірде көріп, куә болып жүрміз. Қоғамдық орындарда жартылай жалаңаш, аузынан түрлі жағымсыз сөздер шығып, темекі мен арақты дос еткен қыздарды кездестіру бұрындары жат көрінсе, қазіргі таңда үйреншікті, қалыпты жағдай болғандай. Темекінің түтіні мен ащы судың дәмін татқан қыздан туған баланың дені сау болмасы анық. Сол себепті, мұндай құлдыраушылыққа жалғыз тосқауыл -  ол қыз бала тəрбиесіне деген жауапкершілікті жан-жақты күшейту керек.

          «Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, ата-ана алдында жасөспірім қыздар әлі бала көрінгенімен, әлеуметтік желілерде, ғаламтор ішінде көптеген түрлі тақырыптарды оқып, көріп жүруі әбден мүмкін. Осыдан келе, оң жақта отырып-ақ балалы болу, аборт, тастанды сәби мәселелері туындап жатыр. Ежелден ата-бабамыз «қыз баланы тəрбиелеу – ұлтты тəрбиелеу» деген ұстанымда болған. Сол себепті де қыз баланың тәрбиесіне ерте жасынан жіті мән берген. Бұл дүниеге шыр етіп келген соң, қыз бала ата-анасының көз қуанышы, өмірінің сәні.                                                                  Бұрындары ата-бабамыз қызға қырық үйден тыйым салған. Жөн-жосықсыз көшеде жүруіне тосқауыл болған. Енді өсіп келе жатқан өскінге дұрыс тәрбие бермесең, күні ертең одан опық жеп қалатынымыз айдан-анық. Ата-бабалар осы жағын қатаң ескерген. Өкініштісі, бүгінгі күні сол тәрбиенің жұрнағы қалмай бара жатқандай. Қазір қыздарымыз қазақ ұлтының атына дақ түсіретін кейбір жағдайларға душар болып келеді. Бұның бәрі бұрынғыдай тәрбиенің болмауынан.

          Қорыта келе, бүгінгі қыз – болашақ жар,  аяулы ана,  асыл әже, бір отбасының ұйытқысы. Қазақ қызының  тәрбиесі – бір ұлттың тағдыры мен болашағы. Біз иманды да инабатты, тәрбиелі, көргенді қыз өсіру арқылы ұлттық құндылығымызды сақтаймыз.  Халқымызда «бір ұл тәрбиелесең – бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең – бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген дана сөз бар. Қыздарымыздың  бойына ұлттық тәрбиені, имандылық қасиеттерді сіңірсек, халқының әдеп-салтын жақсы білетін, ата-анасын сыйлайтын, елі үшін еңбек ететін ұрпақ тәрбиелеген боламыз.

 

 

 

«Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру» бөлімінің маманы                                  А.Сейдрахман

0 пікір